Қазақстан • 24 Қазан, 2021

Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар айналысады – Б.Мусин

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook-тағы парақшасында Қазақстандағы цифрландыру әлеуеті туралы жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар айналысады – Б.Мусин

Министр ақпараттық технологиялар саласында болып жатқан үрдістерге бей-жай қарамайтын қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізгенін хабарлады.

«Үш сағат бойы біз жобаның мән-жайынан бастап, ІТ-саланың дамуы мен Қазақстанның әлемдік цифрландыру барысындағы рөліне қатысты түрлі мәселелерді талқыладық. Осы орайда еліміз жаһандық даму үрдісінен қалмау үшін цифрландыру қарқынын күшейту керек деген ойымыз бір жерден шықты. Цифрлық трансформация дегеніміз, бұл – технологиялық жаңашылдықтар негізінде мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру. Бұл мемқызметтерді жай ғана автоматтандыру емес, осы қызметтердің мән-маңызын зерделей отырып, функциялар мен сервистерді түгелдей қайта қарастыру. Әйтпесе бәрі де автоматтандырылған хаосқа айналып кетуі мүмкін. Ал платформа – бұл тек қана техникалық мәселе, оның үстіне цифрлық трансформация жасаудағы ең басты жайт емес. Кездесу нәтижесінде біз барлық тараптардың ой-пікірін ескере отырып, мынадай мәмілеге келдік», деп жазды Бағдат Мусин.

«Біріншіден, біз өнімді бастапқы кодтарымен бірге аламыз. Қарапайым тілмен айтсақ, біз жасалу жолы мен нұсқаулығы бар конструктор мен құралдар сатып алмақпыз. Біз дайын құрал-жабдықтарды пайдаланып, қажет болса, оны әрі қарай дамытып, конструкторды барынша жетілдіре аламыз. Бұл конструктордан не жасау керектігін біз шешеміз. Екіншіден, серверлер Қазақстанның жерінде және қорғалған контурларда сақталады. Бұл дегеніміз, оған ешкім, әсіресе шет мемлекеттер тіпті де қол жеткізе алмайды. Яғни біз Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талабына сай шетелдіктердің бұл процеске кірісуіне, соның ішінде техникалық сүйемелдеуіне жол бермейтініміз айдан анық. Үшіншіден, бұл іспен тек қана Қазақстан азаматтары айналысады. Оның үстіне, мен бұл норманы барлық құжаттарда бекітуге дайынмын. Төртіншіден, бұл жұмысқа отандық ІТ-компаниялар тартылады. Компания, яғни нарықтағы бір-екі ірі компанияның монополиясы болмайды. Бесіншіден, жалпы ІТ-саланы дамыту, соның ішінде платформаны жетілдіру үшін біз жоғары білікті кадрларды дайындау қарқынын күшейту керекпіз. Алтыншыдан, біз алдағы іс-әрекеттерімізді ашық және жариялы етуге тиіспіз», деп нақтылады министр.

Соңғы жаңалықтар