Аймақтар • 25 Қазан, 2021

Оқушыларға абай болайық

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қызыл аймақ» санатындағы Көкшетауда індет­тің екпіні бәсеңдер емес. Соңғы тәулікте 467 адамның дертке шалдыққаны анық­талса, оның 66-сы – мектеп оқу­шысы.

Оқушыларға абай болайық

Облыс орталығындағы 16 мектептің 41 сыныбы қашықтан оқытуға көшірілген. Қазір мамандардың айтуына қарағанда, жұқпалы дерттің жайылуы өрши түскен. Сөз арасында ел шетіне індет жеткелі облыс орталығында ғана 13 167 адамның індетке шалдыққаны белгілі болып отыр. Алғашында балалар дін аман болса, қазір олардың арасында да дерттің етек алуы алаңдатарлық.

Көкшетау қаласының бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақовтың айтуына қарағанда, облыс орталығындағы ауруханалар 83 пайызға толық. 21 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Індетке шалдыққандардың дерегін сараптасаңыз, барлық науқастың 99 пайызы – вакцина алмағандар. Осы бір көрсеткіштен-ақ вакцинаның қаншалықты қажет екені туралы ой түюге болады. Жаңа оқу жылы басталғалы 27 білім ошағында балалардың індетке шалдығуының 217 оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 195-і қалыпты жұмыс істейтін білім ошақтарының оқушылары болса, 22-сі – қашықтан оқитындар. Демек қалыпты жұмыс істейтін білім ошақтарында сақтандыру шаралары мүлтіксіз атқарылып отыр деуге болмайды. Індеттің таралуын барынша шектеу үшін барлық білім ошағында талап пен тәртіпті күшейту қажет.

Қазір індетке шалдыққан барлық оқушы ем қабылдауда. Жаман тұмаудан емделген күннің өзінде арагідік зардабы болатынын ескере отырып, мектеп оқушыларының денсаулығын көздің қарашығындай сақтау қажеттігін ұмытпаған жөн.

 

КӨКШЕТАУ