Медицина • 25 Қазан, 2021

Сақтанған сау қалады

131 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біресе бәсеңдеп, біресе қатаңдаған жаман індет соңғы кезде Солтүстік Қазақстанда қайтадан күшейіп кетті. Қазір облыс – «қызыл аймақта».

Сақтанған сау қалады

Облыстық санитарлық-эпиде­мио­ло­­гиялық бақылау депар­та­мен­ті­нің бас­шысы Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда, қазір барлық тіркелген науқастың саны 27 279 адамға жеткен. Соның 1 999-ы – 8 қазан мен 21 қазан аралығындағы екі аптада тіркелгендер. Оның алдындағы екі аптада, яғни 24 қыркүйек пен 7 қазан аралығында 1 167 науқас тір­кел­ген. Демек науқастар саны бір айдың аралығында 1,7 есеге артқан. Осы аралықта науқастар санының күрт өсімі әсіресе, Аққайың (2,5 есе), Айыртау (2 есе), М.Жұмабаев пен Мамлютте (2 есе) байқалған. Та­йын­ша, Қызылжар, Ақжар, Жам­был, Есіл аудандарындағы өсім де екі есеге жақындап қалған. Шал ақын ауданы мен Қызылжар қала­сын­дағы өсім 1,5 еседен болып отыр.

Соңғы 7 күнде 100 мың тұрғынға шақ­қанда сырқаттанушылық көрсет­кі­ші 189,8-ді құрайды, бұл – Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиялық жағдайды ба­ғалау матрицасына сәйкес ел бо­йын­­ша ең жоғары көрсеткіш. Осы­ған байланысты өңірлік комиссия ка­рантиндік шараларды қатаңдату жө­­нінде шешім қабылдап, 25 қазан­нан бастап шектеулер енгізілетінін мәлімдеді.

Облыс аумағына 2020 жылдың 6 қазанынан 2021 жылдың 20 қаза­нын­а дейін шекаралық бақылау пункт­тері арқылы автомобиль жолдары­мен 281 392 адам өткен. Соның ішінде ПТР анықтамаларымен 146 558 жолаушы келген. Ал ПТР анық­та­масынсыз келген 5 623 адам COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарларға орналас­­­­тырылды. Олардың арасынан жаман індеті бар 315 адам анықталып, оның 41-і инфекциялық стационарға орналастырылған, қалған 274 адам амбулаторлық емделуге жіберілген. Қолында мерзімі 72 сағаттан ерте емес зерттелген анықтама болмаған 1 525 шетел азаматына Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

Биыл қазан айының басынан бү­гін­ге дейін 23 мониторингтік топ 680 нысанды қамтыған 120 рейд жүргізді. Нәтижесінде, 15 тұлға 948 мың теңгеге жауапкершілікке тартылды. Ashyq жо­ба­сын бұзушыларға 3 млн теңгеден аса сомаға 93 айыппұл салынды. Бұ­қаралық ақпарат құралдарында әкім­­шілік айыппұлдарды төлеген 88 шек­теу іс-шарасын бұзушылар жария­лан­ды.

Облыста вакцинаның бірінші компонентімен 248 299 адам егілді, бұл – тәулігіне 330 адам деген сөз. Оның ішінде QazVac – 7 880, HayatVax – 25 674, Спутник-V – 193 236, CoronaVac – 7 895, Vero Cell 13 589 адамға егілген. Егілуге тиісті барлық тұрғынның 66,9%-ы бірінші компонентпен қамтылды. Вакцинаның екінші компонентімен 230 928 егілді, бұл – тәулігіне 469 адам деген сөз. Тұрғындардың 62,3%-ы екінші компонентпен қамтылды.

Облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі солтүстікқазақстандықтарға үндеу жариялап, вакцинаны то­лық алуға шақырды. Үндеуде: «Қор­қы­нышты ауру мыңдаған отан­да­­сымыздың өмірін қиды және ден­сау­лығына айтарлықтай зиян келтірді. Қабылданған шектеулер бізге бүгін толыққанды өмір сү­ру­ге мүмкіндік бермейді. Біздің елі­мізде 2021 жыл­дың ақпан айынд­а азаматтарды жап­пай, ерікті вакциналау басталды. Оның тегін өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Алайда біздің аймақта вакциналау қарқыны өте төмен болып қалуда. Бүгінде өңірдегі инфекциялық стационарларда 787 науқас жатыр. Оның 65%-ы – 61 жастан асқан адамдар. Пандемия басталғаннан бері біздің облыста 266 адам қайтыс болды. Осы санның ішінде 61 жастан асқан адамдар 78%-ды құрайды. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиім­ді­лігі бүгінгі таңда бұлтарт­пас фак­ті­лермен дәлелденген: инфек­ция­лық стационарларда емделіп жатқан па­циенттердің 99%-ы – вакцина ал­мағандар. Вакциналанған адамдар ауруды жеңіл түрде өткізеді және басқаларға қарағанда жұқтыру қаупі аз. Әлбетте, бәріміз қалыпты өмірге тезірек оралғымыз келеді. Аға буын өкілдері ретінде біз сіздерді ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің пікі­ріне құлақ асуға, вакцина алуды ке­шіктірмеу арқылы өзіңізді және жа­қын­дарыңызды ауыр қауіптен аман алып қалуға шақырамыз» делінген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы