Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру: 2013 жылдың қорытындысы және 2014 жылға арналған міндеттер туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты болып өтті.
Жолдауда алғашқы медициналық көмек көрсетуді дамыту және медициналық сақтандыруды енгізу қажет екені ерекше айтылғандығын тілге тиек еткен вице-спикер Елбасы тапсырмасын орындау жолдары 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілгендігін жеткізді. Бағдарлама қабылданғаннан бергі үш жылды саралай келе, нендей жұмыстар атқарылды, алдағы уақытта не істеу қажет, қандай проблемалар бар және оны қалай шешу керек, деген сұрақтарға жауап табу үшін баяндама жасауға Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованы ортаға шақырды. Министрдің мәліметіне қарағанда, бала туудың артуы мен өлім-жітімнің тұрақтануынан Қазақстанда халық санының табиғи өсімі 4,6 пайызға ұлғайған. Соның нәтижесінде ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 0,69 жасқа артып, былтыр 70,3 жылды құрапты. Орташа өмір сүру бойынша ерлер 65,6 жасқа жетсе, ал әйелдерде 74,8 жас екен.
Сондай-ақ, министр есепті кезеңде аналар өлімі 6,7 пайызға және нәрестелердің шетінеуі 17 пайызға төмендегенін ерекше атады. Ал жалпы соңғы 5 жылда ана өлімі 3 есеге, ал нәрестелердің шетінеуі 1,5 есеге азайыпты. Бұдан басқа, туберкулезден болатын өлім-жітім 24 пайызға, қайғылы жағдайлар, улану мен жарақат алудан болатын өлім-жітім 7 пайызға төмендегені де көлденең тартылды. Әсіресе, скринингтік тексерулер ерекше назарға алынған. 2013 жылдың өзінде скринингтік зерттеулер нәтижесінде 879 мың адамнан алғаш рет түрлі аурулар табылыпты. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау бойынша зерттеулер нәтижесінде 1370 науқастан обыр дертін ерте кезеңде және 67 400 адамнан осы ауруға алып келуі мүмкін жағдайлар анықталған. Және де 380 мыңға тарта әйел сүт безі обырына тексеріліп, соның 45 мыңында қатерсіз, ал 616-сында қатерлі ісік шыққан. Осы мерзім ішінде 77 мың ер адам еркектік безі обырына тексеріліп, ерте кезеңдегі 156 ауру белгілі болыпты.
Министр еліміздегі ағза алмастыру жайын да айналып өтпеді. Тек былтырдың өзінде ағзаларды транспланттаудың 177 операциясы жасалса, соның ішінде 130-ы бүйрекке, ал 19-ы бауырға жасалыпты. Және де кардиохирургиялық операцияның өзі 60 мыңнан, ал жүрекке ашық ота жасау 10 мыңнан асқан. Елімізде қазір 40 инсульттік орталық ашылғандығын да айта кеткен жөн.
Министрдің сөзіне қарағанда, озық халықаралық медициналық технологияларды меңгеру үшін 128 отандық дәрігер шет елдерге жіберілсе, былтыр республикалық бюджет есебінен 50 мыңнан астам медициналық қызметкер біліктілігін арттырған.
Қосымша баяндама жасаған палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева салада шешімін таппай келе жатқан бірқатар проблемаларға ерекше назар аудартты. Әсіресе, ауылдық жерлер сапалы медициналық қызметпен әлі қамтылмай отырғандығы өткір сынға алынды.
Атап айтқанда, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 71 нысан салынса, соның 25-і ғана ауылда, а қалғаны 2016 жылы аяқталады деп жоспарланыпты. Бұл адамдардың, әсіресе, ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі шешімін таппағандығын көрсетеді. «Көптеген ауылдар аудан орталықтарынан қашықта орналасқан. Ендеше, ауа райының қолайсыздығы жағдайларын, жолдарымыздың қандай деңгейде екенін есепке алсақ, шұғыл медициналық көмекті қажетсінетін адамның жай-күйін көзге елестетудің өзі қиын», деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Мәжіліс депутаты, сонымен қатар, «СК-Фармация» дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету проблемасын шеше алмай келе жатқандығын да жеткізді. Төрайым өз сөзінде «СК-Фармация» қазақстандық дәрі-дәрмектерді сатып алуды 3 миллиард теңгеге азайтқанын және отандық өндірушілердің басын сот процестерімен қатырып жүргенін де жасырған жоқ. «Үкімет жылына төрт мәрте дәрі-дәрмек сатып алу ережесін өзгертеді. Бұл да сыбайлас жемқорлық пен қазына қаржысына қол салуға жол ашып отыр», деді депутат. Емдеу мекемелерінің өзінде науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде салақтық, немқұрайдылық етек алып барады. Бірқатар ауруханаларда, тіпті, қолдану мерзімі өтіп кеткен, қымбат дәрілерді пайдалану деректері де бар көрінеді.
Мамандардың міндетті және ерікті түрде сертификат алуы мәселесінде, медициналық ұйымдарға аккредиттеу жүргізуде де кемшіліктердің барлығы ортаға салынды. Комитет төрайымы бұл тексерулердің барлығы да ақша табудың көзіне айналып кеткендігіне қынжылыс білдірді.
Бұдан кейін депутаттар министрге сұрақтар қойды. Белгілі болғандай, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің жүргізген тексерістері нәтижесінде былтыр бюджетке 6 миллиард теңге қайтарылған. Жалпы 500-ге тарта медициналық қызметкер әкімшіліктік жауапкершілікке тартылса, 300 дерек бойынша іс құқық қорғау органдарына жолданыпты.
Депутаттардың сұрақтар қойып, ұсыныстары мен пікірлерлері тындалған соң отырысты Мәжіліс Төрағасының орынбасары қорытындылады. Вице-спикер өз сөзінде қазіргі уақытта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатқандығын қаперге салды.
Нәтижесінде Үкімет сағатының қорытындысы бойынша салаға заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсету маңызы ерекше аталды. Депутаттардың білдірген пікірлері мен ұсыныстары толық ескеріліп, Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».