Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Елбасының төрағалығымен 14 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар жан-жақты қаралып, оларды орындауға байланысты нақты шешімдер қабылданды.
Мемлекет басшысы осы айдың 14 ақпаны күні болған кеңейтілген отырыста, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Үкіметтің есебін тыңдады. Сөйтіп, ағымдағы жыл мен дәл осы кезеңге байланысты бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Бүгін осы тапсырмаларды зерделеп, оларды нақты орындау шараларын қарастырамыз, деп бастады сөзін С.Ахметов. Үкімет мүшелерінің назарын бірінші кезекте теңге бағамының өзгеруіне байланысты мәселеге аударды. Бұл тұрғыда біз тауарлар бағасының өсуіне жол берместен, оны жіті бақылауда ұстауға тиіспіз. Одан әрі бағаның тұрақтануын қамтамасыз етеміз. Әсіресе, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарлары мен күнделікті тұтынатын жанар-жағармай бағасы басты назарға алынсын. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің де нарқын қымбаттатпаудың амалы қарастырылсын. Әсіресе, әлеуметтік маңызы зор өнімдер мен тауарлар тапшылығы мүлде орын алмасын. Оған біздің мүмкіндіктеріміз бар. Мұнымен қатар, монополистердің тарапынан көрсетілетін қызметтердің тарифі де қатаң бақылауда болсын, деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр жергілікті астық кәсіпорындарында ұн бағасының тұрақты болуы үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, осы жылдың бірінші мамырына дейін коммуналдық қызметтерге қатысты төлемдердің өзгермейтіні мәлім болды. «Қазір нақты шаралар белгіленіп болды. Енді оларды жүзеге асыру ісін қатаң бақылауға алу қажет», деді С.Ахметов.
Үкімет басшысы сондай-ақ, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының қызметі туралы да әңгіме қозғады. Үкіметтің шешімімен Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры құрылды. Қазіргі кезде оған азаматтардың зейнетақы жинақтарын беру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірыңғай қор жұмысын толыққанды бастау үшін бұл үдерістерді жеделдету керек. Оның сыртында, бұл жұмыстар туралы халықты барынша ақпараттандыру қажет, деді С.Ахметов. Сондай-ақ ол, өкілетті мемлекеттік органдарға индустрияландырудың басым бағдарламаларын қаржыландырудың, өңдеу кәсіпорындарының жобаларын, онымен бірге шағын және орта бизнесті несиелендірудің нақты тетіктерін дайындауды тапсырды.
Мұнымен қатар, кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік процедураларды оңайлату мақсатында кәсіпкерлікті реттейтін, барлық нормативтік-құқықтық актілерге осы жылдың 1 маусымына дейін ревизия жүргізу керектігін шегеледі. Сондай-ақ, ел экономикасына инвестиция тартудың қолданыстағы шарттарын қайта қарау міндеттелді.
Біздің қолымызда шетелдік және отандық инвестицияларды тартудың айқын жоспары болуы тиіс. Әрбір басым секторға үздік трансұлттық компаниялар тізімін анықтап және олардың әрқайсысын тарту бойынша стратегия дайындау қажет. Инвесторға кедергі келтіретін барлық бөгеттерді алып тастау керек, деді С.Ахметов. Үкімет мүшелерінің назарын кен барлау жұмысын дамытудың маңыздылығына да аударды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Мұнай және газ министрлігіне бұл салаға жетекшілік ететін жеке мемлекеттік орган құру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.
Бұлармен бірге, өкілетті мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындауға бағытталған басқа да бірқатар нұсқаулар берді. Тұтастай алғанда, Елбасының қатысуымен өткен кеңейтілген Үкімет отырысының қорытындысы бойынша, нақты орындаушылар мен мерзімдер анықталып, тиісті хаттамаға қол қойылатын болады, деп түйіндеді сөзін С.Ахметов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».