Әйтсе де «Жаны жайсаң Жаз-ата» дегеніміз көңілге қонымды секілді. Биыл екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойы. Атамыз жайлы айтар сөз көп, соның біразын ой таразысына салуды жөн санадық.
Қазақ «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп, төрт түлікті төбеге көтеріп, малы аман болса, ары да бүтін боларын әріден болжаған ғой. Амандық сұраса алдымен «мал-жан аман ба?» деп сәлемдесуінің себебі сонда. Сол Шопан ата түлігінің қазақ үшін бағасы алтынмен пара-пар. Мұны неге айтып отырмыз, сол уақ малдың жай-күйін жақсы білген, жанын салып баққан Жаз-ата десек артық айтқанымыз болмас. Тарих өз алдына куәгер. Өйткені Кеңес Одағы көлемінде мал шаруашылығы саласында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған осы Жазылбек Қуанышбаев қана.
Жаз-ата жылдың төрт мезгілінде малдың жайын қамдап, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіп-қонып жүрген. Сол көшпен бір шөкім бұлт ілесе жүріп, көш тұрақтаған жерге жауын жауатын көрінеді. Жаз-ата мұны «бәсіре жауыным» дейді екен. Міне, осыдан кейін қалайша «Алланың нұры жауған кісі» демейсің!
Есімі кеңес уағында жер жарып тұрды. 60 жасынан бастап, 90-ға толғанға дейінгі мерейтойлары республика көлемінде Мойынқұм ауданына қарасты Керей мен Жәнібек хандардың жайлауында өтті. Бүгінгі «Тұлпар саз» жайлауы десек те болады. Бұл дүбірлі тойға жер-жерден ұлт зиялылары келіп, ата жайлы толғақты пікір, толымды сөз айтқан. Қазақша күрестен халықаралық сайыс өткен. Доданың ерекшелігі – Моңғолия, Мажарстан сынды мемлекеттерден палуандар келіп қатысқандығы. Қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғалары Сәбит Мұқанов, Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов сынды жазушылар мен әншілер тойдың сәнін келтіреді. Торқалы той үш күнге созылып, малшы қауым мен ұлт мақтаныштары бір арындап қалғаны көз алдымызда. Сол сәт әлі де көңіл төрінде.
1974 жылы Жаз-атаға Нұрғиса Тілендиев сәлем бере келеді. Лезде үйдегі анамыз қазан көтеріп, самаурынға шәй қояды. Ет желініп, емен-жарқын әңгіме айтылады. Кетерінде атамыз атақты композитордың иығына шапан жабуға оқталғанда, Тілендиев тәбәрікке өзі киген кез келген киімін беруді сұрайды. Жөн білетін Жаз-ата бәйбішесіне айтып, жоралғы жасаған екен. Артынан перзентті болуын тілеп, ақ батасын да беріпті. Содан көп ұзамай Нұрағаның үйінде сәбидің үні естіліп, қуанышқа толған екен. Міне бұл оқиға да атаның шапағатын шашып жүретін жан екенін айғақтайды. Мұндай қызықты оқиғалар атаның өмірінде көп болған. Кенен ақынның 90 жылдығында босағасында тұрып, бата сұраған Серке Қожамқұлов пен Бибігүл Төлегенова да көп ұзамай Социалистік Еңбек Ері атанады.
Көзі тірісінде аудан орталығында жеті метрлік ескерткіш тұрғызылды. Сол кезде ескерткіш тақтасына «Еңбек ерлеріне» деп жазылып, астына Жазылбек Қуанышбаевтың есімі жазылған екен. Мұны көрген атамыз аудан басшысы Айтбай Назарбековке «мына мүсін менен аумайды ғой» деп сұрайды. Сонда әкім «Ой, Жаз-ата Еңбек ерлері сізге ұқсамаған да кімге ұқсауы тиіс» деген екен. Жарықтық, ескерткіштің өзіне арналғанын сонда ғана ұқса керек. 1986 жылы дүниеден озғаннан кейін, атамызды сол ескерткіштің жанына жамбасын тигізіп, «Еңбек ерлеріне» деген тақтайшаны алып тастағанда, астынан «Жазылбек Қуанышбаев» деген жазу шыға келеді.
Кеңес өкіметі тараған соң, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында аудан орталығындағы Новостройка көшесін «Ж.Қуанышбаев» деп өзгертті. Тағы да бірнеше ауылдағы көшелерге есімі берілді. Аудандық мұражай да ер есімін иеленді. Сонау 2000 жылдардан бері аудан атауын беру туралы мәселе көтеріліп келеді. 2011 жылы Жамбыл облыстық мәслихатының VII сессиясында Мойынқұм ауылын «Жазылбек» деп атау туралы шешім шықты. Бірақ осыдан 20 жыл бұрын көтерілген мәселе әлі де жабулы күйінде жатыр. Облыс, аудан басшылары қолдау көрсеткенімен жұмыс баяу жүруде.
Былтыр қаңтар айында Ж.Қуанышбаев есімі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілгені туралы ақжолтай хабар келді. Әйтсе де осындай атпал азаматымызға ауыл атын беру қайта-қайта кейінге шегеріле беретіні жанға батады. Қазақстанда төрт екі мәрте Социалистік Еңбек Ері болса, соның бірі осы кісі. Қалған үшеуінің атында ауыл бар, ал біздің Жаз-ата осы ретте шетте қалып қойды. Бұл мәселе Үкімет басында қаралса деген халық өтініші бар. Ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтың 125 жылдық мерейтойына ауыл атауы берілсе, тұрғындар үшін керемет сый болар еді. Билік басындағы көкірегі ояу азаматтар ескереді деп ойлаймын. Қазақтың қасиетті қара шалының аруағы риза болсын!
Орынбасар АХМЕТ,
Ж.Қуанышбаев атындағы
қоғамдық қордың президенті