Жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткіш Елена Рыбакинаға тиесілі. Жуырда Мәскеуде өткен Кремль кубогы үшін жарыстағы сәтсіздігінен кейін ол екі сатыға төмендеп, 19-орынды иеленуде. Аталған турнирдің үшінші кезеңіне дейін жеткен Юлия Путинцева 44-орынға тұрақтаса, Зарина Диас «ТОП-100» теннисшінің қатарына қайта қосылды. Естеріңізге сала кетейік, Зарина күні кеше ғана АҚШ-та өткен турнирдің финалына шығып, шешуші тұста жергілікті теннисші Мэдисон Бренглден жеңілген болатын. Ал WTA рейтингіндегі үздіктер көшін аустралиялық Эшли Барти бастап тұр. Одан кейінгі сатыларға Белоруссияның бетке ұстары Арина Соболенко, Чехияның қос мықтысы – Каролина Плишкова мен Барбора Крейчикова және испаниялық Гарбинье Мугуруса жайғасты.
АТР рейтингінде Сербияның саңлағы Новак Джоковичке тең келер ешкім табылар емес. Оны ресейлік Даниил Медведев өкшелеп келеді. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында грекиялық Стефанос Циципас, германиялық Александр Зверев және испаниялық Рафаэль Надаль бар. Ал қазақстандықтар арасында тек Александр Бубликтің ғана қарқыны жаман емес. Бұл күндері ол 34-орында.