Үкімет • 27 Қазан, 2021

Миллионнан астам адам жұмыспен қамтылады

566 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай және халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды.

Миллионнан астам адам жұмыспен қамтылады

Сырқаттану 4,5 есе төмендеді

Бірінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақ­сақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.

Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың айтуынша, әлемде КВИ-дің 244 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 4,9 млн-нан астам адам қайтыс болды. Соңғы 14 күнде аурудың ең көп өсімі Польшада тіркелді, онда 160%-дан астам, Венгрияда – 120%, Грузияда – 110%, Әзербайжанда – 104%-ға өсті.

Аурудың өсуі 19 елде, соның ішінде Израильде 58%-ға, Испанияда 28%-ға, Швейцарияда 16%-ға, Черногорияда 4%-ға, Италияда 3%-ға төмендеді.

Қазақстанда соңғы екі аптада сыр­қат­тану 11%-ға төмендеді. «Бүгінгі таңда жасыл аймақта 8 өңір бар: Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақ­стан, Атырау, Алматы облыстары және Шымкент қаласы. 5 өңір «сары аймақта» – Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары. «Қызыл аймақта» 4 өңір – Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Репродуктивті саны – 0,96», деді А.Цой.

Жалпы, Қазақстанда соңғы екі айда аурушаңдық 4,5 есеге, ал өлім-жітім 4,8 есе­ге төмендеді. Қазақстан бойынша 1 та­мыздан бастап инфекциялық төсек­тердің жүктелуі 56%-дан 37%-ға дейін, реанимациялық төсектер 45-тен 30%-ға дейін төмендегені байқалады. Резерв­те 30 мыңнан астам орын бар. «Эпидемиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмыстары жалғасуда. Биылғы 25 тамыз бен 18 қазан аралығында барлық өңірде 103 нысан жабылды» деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жұмыстары жалғасуда. Айта кету керек, министрлік алдағы 3 айға арналған коро­навирус инфекциясы бойынша эпидемиялық ахуал болжамын жаңартты. Мәселен, пессимистік сценарий орын алған кезде тіркелген жағдайлардың орташа тәуліктік саны қараша айында
1 800-ге дейін, желтоқсанда 2 350-ге дейін жетеді. Нақты сценарий бойынша қараша айында 1 650 жағдайға дейін, желтоқсанда
1 600 жағдайға дейін тіркеледі. Оптимистік сценарий бойынша қарашада 1 500 жағ­дайға дейін, желтоқсанда тәулігіне 1 100 жағдайға дейін тіркелмек.

Денсаулық сақтау министрлігі жер­гі­лікті атқарушы органдармен бірлесіп, КВИ бойынша профилактикалық және эпи­демияға қарсы шараларды мониторинг­теуді және іске асыруды жалғастыруда.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Ма­мин қо­рытындылады. Оның айтуын­ша, Қазақ­стандағы санитарлық-эпиде­мия­лық жағдай бақылауға алынған. Ви­рустың репродуктивті индексі – 0,96. Инфекциялық орындар жүктемесі – 37%, реанимациялық орын 30%-ды құрап отыр. Салыстырмалы түрде жағдай жаман емес.

Көрші елдердегі санитарлық-эпиде­миялық жағдайдың күрделенуіне байланысты Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік ше­ка­­радағы эпидемиялық бақылауды кү­шей­­туді тапсырды. Әсіресе шекара ма­­ңындағы өңірлердің әкімдеріне сани­тарлық-эпи­де­миялық нормалардың қатаң сақталуын қам­­тамасыз ету, сырқат­танушылық дең­гейіне мониторинг жүргізу және жедел ша­ралар қабылдау, сондай-ақ мони­то­ринг­тік топтардың жұмысын жандандыру тапсырылды.

Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақ­мола облыстары мен Нұр-Сұлтан қала­сының әкімдеріне коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынын арттыру жүктелді. Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне халыққа вакциналау мен ревакциналаудың маңызын, денсаулықты сақтаудың жалғыз жолы – коронавирусқа қарсы вакцина алу екенін түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізу тапсырылды.

 Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Үкімет отырысында халықты жұмыс­пен қамту шаралары қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Се­рік Шәпкенов, «Атамекен» ҰКП бас­қар­ма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қара­ғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, биыл өткен жылмен салыстырғанда еңбек нарығының біртіндеп қалпына келуі жалғасуда, оның негізгі көрсеткіштері жаман емес. «Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес биылғы 2 тоқсанда жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды құрады. Оның ішінде жұмыспен қам­тылғандар саны 73 мың адамға артты. Салалар бойынша жұмыспен қамтыл­ған­дардың қатарында қызмет көрсету сала­сының үлесі басым. Жұмыс берушінің бас­тамасымен уақытша жұмыспен қамтыл­мағандар саны 12,3 есеге кеміді», деді С.Шәпкенов.

Министр жұмыссыздық деңгейі 4,9% көлемінде сақталғанын атап өтті, ал жас­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмен­деп, 3,7%-ды құраған. Биыл 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішін­де 700 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде, 42 мың адам – Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы аясында және бұдан тыс 440 мың жаңа жұмыс орнын құру қарастырылған.

Қазіргі уақытта осы 3 бағыт бойынша 1 млн-ға жуық адам қолдау шараларымен қамтылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл 9 айда 377 мың адам жұмыспен қамтылған болса, оның 70%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар барлығы 65 мың адам оқытумен қамтамасыз етілді. «Кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 29 мың адам шағын несие мен қайтарымсыз грантқа ие болып, оның 25 мыңнан астамы алғаш рет өз істерін ашты және қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрды. 5,5 мың адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды. 2,3 мың жұмысқа қабілетті жастағы қоныс аударушылардың 78%-ы жұмыспен қамтылды. Бағдарламаға қатысушылардың 39%-ы – жастар, 50%-ы – әйелдер, 53%-ы – ауыл тұрғындары», деді Еңбек министрі.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған «Еңбек» бағдарламасы 83%-ға орындалды. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Жам­был облыста­рында және Нұр-Сұл­тан қаласында барлық көрсеткіш то­лығымен орындалды. Бағдарламаның тағы да бір ма­ңыз­ды бағыттының бірі – қыс­қамер­зім­ді оқыту. Биыл 16,9 мың адам қысқамер­зімді оқуға жолданса, 13,2 мың адам оқуды аяқтады. Олардың 81%-ы жұ­мыс­пен қамтылды.

Кәсіпкерлікті қолдау аясында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жастарға қарастырылған 10 мың гранттың 7,6 мыңы берілді. Микрокредит және грант алушылардың арасында 3,2 мың стартап бастамаға қолдау көрсетілді. Жаңа қабылданған «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау құралдарын «бір терезе» қағидаты бойынша онлайн портал арқылы ұсыну көзделуде.

Сонымен қатар аудандардың эко­но­микалық мамандануын анықтау үшін 163 бас жоспар әзірленіп, мемлекеттік грант пен микрокредит осы бас жоспармен көзделген бағыттар бойынша ұсынылады. Мемлекеттік грант ұсыну процесі толық автоматтандырылып, бизнес-жоспардың тиімділігін бағалау жүргізіледі. Бұл мемлекеттік гранттарды тағайындау барысында адами факторларды жоюға, грант алуға өтінімдердің қаралу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға дейін 150 мың адамды кәсіп­керлік негіздеріне оқыту, жастар мен әлеу­меттік осал топтарға 100 мың жаңа бизнес идеяны іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант беру сияқты шаралар көзделген.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жыл­дарға арналған Жол картасын жүзеге асыру жалғасуда. Ведомствоаралық комиссия­да барлығы 241 жоба бекітілген, оның 225 жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда Жол картасы жобаларында 7,7 мың адам жұмыспен қамтылды, бұл жоспардың 68%-ын құрайды. Жұмысқа тұрған азаматтардың 67%-ына міндетті зейнетақы жарналары түскен, қалған азаматтар толық бақылауда.

Жол картасына бөлінген қаражаттың 51%-ы игерілген. Қызылорда облысында Жол картасы шеңберінде 9 жоба жоспарланған болатын. Конкурстық рәсімдердің кеш басталуына байланысты қазір 4 жобада ғана жұмыстар жүруде. «Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттер 13,8%-ға ғана игерілді. Алматы облысы бойынша Жол картасы жобаларында 2,4 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, бүгінде 84 адам ғана жұмысқа орналасты», деді министр.

Жұмыспен қамту саласындағы қыз­мет­тердің қолжетімділігін арттыру мақ­сатында Цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын енгізу бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жалғасуда. Биылдан бас­тап жұмыссыз ретінде тіркеу, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау және субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру қызметтері электронды еңбек биржасы арқылы толық автоматтандырылды.

Осы уақытта жұмыспен қамту орта­лы­ғына жүгінген әр үшінші адам немесе 122 мың азамат онлайн қызмет алды. Портал арқылы 44 мың адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алса, 15 мыңнан астам адамға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем электронды еңбек биржасы арқылы онлайн түрде тағайындалды.

Сонымен қатар пандемия, жаңа демографиялық ахуал еңбек нарығында жүйелі жұмысты талап ететін жаңа талаптар қоюда. Біріншіден, жұмыс күшіне қойылатын талаптардың тез өзгеруі. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 5 жылда жұмыс күшіне қажетті негізгі дағдылардың 40%-ы өзгереді, әрбір екін­ші қызметкерге қайта даярлаудан өту қажеттігі туындайды Екіншіден, демо­гра­фиялық қатерлер. Өнеркәсіп саласында кадрлардың қартаю процесі жүріп жатыр. Бұл салада жастардың тек 20%-ы жұ­мыспен қамтылған. Үшіншіден, жұ­мыс­тың жаңа форматтары. Қазіргі уақытта «еркін табыс экономикасы» немесе гиг-экономика, фрилансерлер қарқынды дамуда. Олардың қызметін заңнамалық реттеу және еңбек құқықтарын қорғау шараларын қабылдау қажет.

Қарағанды облысында тұрақты жұмыс орындарына орналасу көрсеткіші жоғары. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің ай­туынша, жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету үшін «Еңбек» бағ­дар­ламасының, Жұмыспен қамту жол кар­тасының және басқа да мемлекеттік бағ­дарламалардың әлеуеті толық пайдала­нылуда. Жалпы, 70 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда. «Еңбек» бағ­дар­ламасы аясында 31 мыңнан астам адам қамтылды, оның 20 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа орналастыру электронды еңбек биржасында тіркелген жұмыспен қамту органдарына берілген бос орындар бо­йынша жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым бос жұмыс орындары туралы ақпарат береді. Жыл басынан 27 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды», деді облыс әкімі.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин түйіндеді. Оның айтуынша, Қазақ­станда халықты жұмыспен қамту бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кешені қа­былданды. 2021 жылдың 9 айының қоры­тындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 1 млн-нан астам қазақ­стандық қамтылды. Жылдың соңына дейін қосымша 200 мың адамды қамту көзделген. Үкімет басшысы белгіленген жоспарлар орындалатынын атап өтті. Сонымен қатар бүгінгі таңда экономиканың барлық саласының қызметі қалпына келтіріліп жатыр. «Бұл шаралар жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге және оны 4,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру, биыл кемінде 440 мың жұмыс орны құрылуы тиіс», деді А.Мамин.

Премьер-Министр Атырау (бос орын­дарға жұмысқа орналасқандардың үлесі – 68%), Қарағанды (66%) және Қостанай (66%) облыстарындағы тұрақты жұмыс орындарын құрудың оң тәжірибесін атап өтті.

Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы бойынша жылдық жоспардың орын­да­луының төмен деңгейі Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ба­тыс Қазақстан облысында байқалады. Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы аясында жобаларды іске асыру деңгейі Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарында төмен. Үкімет бас­шысы артта қалған өңірлерге «Еңбек» бағдарламасы мен Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жоспарларды орындау жұмысын жандандыруды тапсырды.

Еңбек министрлігіне салалық мемле­кет­тік органдармен, өңірлердің әкімдік­терімен бірлесіп, бір ай мерзімде эконо­ми­каның сапалы және орнықты өсуін қамта­масыз ету үшін кадр қажеттілігін анықтау мәселесін өзектендіру тапсырылды.

А.Мамин реттеу тетігін жедел әзірлеу және экономикалық белсенділікке жұ­мыспен қамтудың жаңа формаларын тарту қажет екенін атап өтті. Еңбек министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен, кәсіподақтармен, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, «Кәсіптік біліктіліктер туралы» заң жоба­сын әзірлеп, талқылауды тездетуді тапсырды. Үкімет басшысының айтуынша, «Бас­тау Бизнес» жобасын іске асыру Кәсіп­керлік жөніндегі ұлттық жоба аясын­да жалғастырылады. Жұмыс істеп тұр­ған Кәсіпкерлік жөніндегі жобалық офис жұмысында Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен жұмыспен қамту бағыты құрылады. Үкімет басшысы осы секілді мәселелерді назарда ұстауды тапсырды.