«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның құю-механикалық зауытында жұмыс істейтін ол «Жыл металлургі» аталымында үздік деп танылды. Нұржан Қойшыбеков Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған соң, еңбек жолын өндіріс саласында бастаған. Жезқазған құю-механикалық зауытында 12 жылдан бері балқыту шебері, технолог болып еңбек етіп келеді. Бүгінде ол кәсіпорынның бас металлургі, яғни металлургиялық өндірістегі технологиялық даярлық бойынша барлық үдерістерге жетекшілік етеді. Еңбекте озат маман отбасында да үлгілі әке, зайыбы екеуінің тәрбиесінде алты бала бар.
Н.Қойшыбеков «Алтын Гефест» сыйлығының өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтады.
– Мен үшін әріптестерімнің сеніміне кіріп, өзімнің кәсіби маман екенімді дәлелдеу – алдыма қойған мақсатымның бірі болды. Әрине, бұл белесті бағындыруға әжептәуір уақыт кетті, тәжірибе мектебінен өтуге тура келді, – дейді бас металлург.
Еске салар болсақ, тау-кен саласындағы аса беделді «Алтын Гефест» байқауы 2009 жылдан бері өткізіліп келеді.
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы