Аймақтар • 27 Қазан, 2021

Атақты ғалым Бейсембай Кенжебайұлына мемориалдық тақта қойылды

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодардағы «Ертіс Медиа» ғимаратының қабырғасына облыстық «Кеңес туы» (қазіргі Saryarqa samaly) газетінің тұңғыш редакторы, елімізде түркітану мектебінің негізін қалаушы Бейсембай Кенжебайұлына арналған мемориалдық тақта қойылды.

Атақты ғалым Бейсембай Кенжебайұлына мемориалдық тақта қойылды

Бұл күнгі рухани рә­сімге Алматы, Нұр-Сұл­тан қалаларынан ғалым­ның ұр­пақтары Қайрат Қа­дыр­беков, Жанар Жұмабаева, Әділ Бектұровтар арнайы ке­ліп қатысты.

Тағзым тақтаның ашылу салтанатына жиналған зиялы қауым өкілдері Бейсембай Кенжебайұлының есімі бұл өңірде айрықша құрметтелетінін, өйткені 25 жасында Павлодар округінің «Кеңес туы» газетінің тұңғыш редакторы ретінде бекітіліп, 1929 жылы 15 ақпанда ба­сылымның алғашқы нөміріне қол қойғанын атап өтті.

Өнегелі жанның өмір­баянына көз салсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөген ауылында ту­ған. Студент кезімізде Ал­ма­тыда оқығанда ғалым ата­мыздың лекцияларын біздер де тыңдаған едік.

Ғалым қазақ әдебиетінің, ұлт баспасөзінің тарихына арналған көптеген ғы­лыми жазбалардың, Абай, Сұл­­танмахмұт, Жамбыл, Мұха­меджан Сералин, Мұх­тар Әуезовтердің өмірі мен шы­ғармалары туралы зерт­теу­лердің авторы екені бел­гілі.

Кеңестік кезеңде қазақ әдебиетінің тарихы Бұхар жыраудан басталады деген пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан тамыр тартатынын ғы­лыми тұрғыдан дәлел­деген. Көркем проза және аударма саласында да көп еңбек етті.

Ал ұрпағы Қайрат Қа­дыр­беков атасының еліміз­дің әдебиет ғылымында өз мек­тебін қалыптастырғанын айт­ты. «Бейсенбай атамыз ҚазМУ-да қызмет атқарып, студенттерге лекцияларын оқып жүрген кезде 42 ғылым кандидатын, 3 ғылым докторын дайындапты. Олар – Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жол­дасбеков, Алма Қырау­баева сияқты елге танымал тұлғалар. Ол кісінің өз ұс­таздары да мықты, кезінде Міржақып, Бейімбеттердің жанында жүрді. Ұлттық рухты ұрпағына жеткізуде аянбай тер төкті. Ғұмырын ұлт әдебиетіне, ұлттық жаң­ғыруға арнаған тұлғаға құр­­мет көрсеткен сіздерге Бейсенбай Кенжебаевтың оң­түстіктегі ұрпақтарының сә­лемін жеткізіп отырмын. Сіз­дерге алғыс білдіреміз», деді ол ағынан жарылып.

Газеттің алғашқы нөмі­рінің жарық көруіне, содан кейінгі жылдары округтік партия комитетінің бюро мүшесі болған Әмірғали Еп­маған­бетов, округтік партия ко­ми­теті үгіт-насихат бөлі­мінің мең­герушісі Кәрім Әжі­беков­тер зор көмек көр­сеткен. Кейін­нен бұл аза­маттар газет жұ­мы­сына белсене араласып, жылдар бойы редакция ал­қа­сының тұрақты мүшесі болады.

«Сонымен «Кеңес туы­ның» бірінші нөмірін Әмір­ғали, Кәрім үшеуіміз қол қо­йып шығарған едік», деп Бей­сембай Кенжебаевтың өзі естелік жазған.

Облыстық Saryarka samaly газеттің редакторы Нұрбол Жайықбаевтың айтуынша, бүгінде редакция қорында Б.Кенжебайұлының сол кез­­дегі қызметіне қатысты об­лыстық мемлекеттік архив­тен табылған бірнеше жеке деректерінің көшірмесі сақталған.

Салтанатты шара со­ңын­да Nur Otan партия­сы облыстық филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы және жергілікті зиялы қа­уым өкілдері мен журналис­тер тағзым тақтасына гүл шоқ­тарын қойды.

 

ПАВЛОДАР