Елорда • 27 Қазан, 2021

Елордада «Мемлекеттік қызметтің дамуы және ынтымақтастық» конференциясы өтіп жатыр

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Астана мемлекеттік қызмет хабының «Мемлекеттік қызметтің дамуы және ынтымақтастық» атты жылдық конференциясы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада «Мемлекеттік қызметтің дамуы және ынтымақтастық» конференциясы өтіп жатыр

Конференцияға Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігі төрағасы Анар Жаилғанова, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілі Якуп Бериш, ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару директоратының басшысы Эльза Пиличовски, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стейнбек Мадсен, Дүниежүзілік Банкт Қазақстандағы өңірлік менеджері Жан-Франсуа Марто, ҚР СІМ департамент директоры Дидар Теменов қатысты.

Халықаралық іс-шараны ашқан Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бір жарым жыл ішінде үкіметтер біршама тәжірибе жинақтағанын, сонымен бірге кейбір тағылымдар туралы да айтуға болатынын атап өтті.

«Біріншіден, дағдарыс жағдайында тез шешім қабылдау қажеттілігі үкіметтердің есеп берушілігі мен ашықтығына тежеу болмау керек. Екіншіден, пандемия жеделдеткен мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуі қажет. Үшіншіден, интернет пен әлеуметтік желілерге қолжетімділік халықаралық құқықпен қорғалып, адамның ажырағысыз құқықтары ретінде танылуы тиіс. Мұның бәрі «жылдам жеңістер» мен стратегиялық мақсаттар арасында теңгерімнің болу маңызын көрсетеді», деді ол.

Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы осы тұрғыда үздіксіз білім мен тәжірибе алмасудың маңызы артып келе жатқанына баса назар аудартты.

«Биылғы конференцияның тақырыбы осы кезеңде біз сезініп отырған байланыстар мен коммуникацияларды нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі трансформациялау мақсатында жаңа идеялар, тәсілдер мен шешімдер тудыратын неғұрлым тығыз өзара іс-қимылға деген қажеттілікті барынша жақсы көрсетеді», деді ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігі төрағасы Анар Жаилғанова.

1

Конференция аясында Астана хабы жүзеге асырылатын бірқатар жаңа жобалар таныстырылы өтті:

  • Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі және Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Мемлекеттік басқарудағы және мемлекеттік қызметтерді көрсетуді цифрландырудағы инновациялар үшін әлеуетті нығайту» өңірлік жобасы;
  • «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-мен бірлесіп іске асырылып жатқан Мемлекеттік басқарудағы инновацияларды акселерациялау зертханасы;
  • Мемлекеттік сектордағы өтемақы жүйелеріне салыстырмалы шолу нәтижелері;
  • «Посткеңестік он бес елдегі мемлекеттік басқару эволюциясы: трансформация алуандығы» атты жаңа кітап бойынша брифинг.

Хабтың 80-нен астам институционалдық әріптестері бар, сондықтан 28 және 29 қазандағы конференция Хабтың әріптестермен бірлескен панельдік сессиялармен жалғасады.

Айта кетсек, конференция жұмысына әлемнің 40-тан астам елінен мемлекеттік қызмет уәкілетті органдары басшылары, сарапшылар, ғалымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдері қатысып жатыр.

Іс-шара 27-29 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында оффлайн және онлайн форматында өтеді.

1