Экономика • 27 Қазан, 2021

Баррель көтерілген биік

1509 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемдік мұнай нарығындағы «қара алтын» баррелі қайта көтерілді. Мәселен, 18 қазанда Лондондағы ICE Futures биржасында ең өтімді Brent мұнайының желтоқсандағы фьючерстерінің құны барреліне 85,75 АҚШ долларын құрады. Бұл – 2018 жылғы 9 қазаннан бергі ең жоғары баға.

Баррель көтерілген биік

Мұны сарапшылар Еуропа мен Азия құрлығындағы табиғи газ бен көмірдің жетіспеушілігімен байланыс­тырады. Қазір қос құрлықта да электр генерациясында мұнайға сұраныс арта түсті. Халықаралық энергетикалық агент­тіктің (МЭА) жетекші сарапшы­лары саладағы дағдарыстан соң мұ­найға сұраныс алдағы айларда тәу­лігіне 500 мың баррельге өсуі мүмкін екенін алға тартады. «Қазір көмір мен газдың жетіспеушілігіне байланысты мұнайға сұраныс артты. Бұл «қара алтын» нарығындағы раллиді қалыптастырғанын көріп отырмыз» деген пікірімен бөлісті Vanda Insights негізін қалаушы Вандана Хари.

Бір ғасыр бұрын өнеркәсіптік қор индексін саралау мақсатында құрыл­ған Dow Jones Market мәліметіне жүгінсек, Нью-Йорктегі тауар биржасы­ның (NYMEX) электронды сауда-саттықта қараша айы үшін  америкалық WTI мұнай фьючерстерінің бағасы бір баррелге 83,51 долларға жетті. Мәселен, 15 қазанда осы келісімшарттардың құны 0,97 долларға (1,2%) өсіп, барреліне 82,28 долларға жетті. Мұны да 2014 жылғы 21 қазаннан бергі ең жоғары көрсеткіш деуге болады. Өткен аптада Brent мұнайының бағасы 3%-ға, WTI «қара алтыны» 3,7%-ға өсті. Екеуі­нің де құны сегіз апта бойы өсіп келеді. Осылайша, Brent құнының 1999 жыл­дың сәуірінен, ал WTI бағасының 2004 жылғы тамыздан бері алғаш рет ең ұзақ мерзім бойы әрі үздіксіз өскені байқалады.

«Мұнай келесі айда барреліне 90 долларға дейін өседі деп күтілуде. Еуропа мен Азияда мұнай мен газ тап­шылығы сақталып отырған кезде баррель бағасы қымбаттай береді» дейді Velandera Energy Partners ком­паниясының бас қаржы директоры Маниш Радж. Оның бұл тұжырымын MarketWatch сарапшысы «Мұнай бағасы барреліне 100 долларға дейін көтерілсе де оны пайдалану газбен салыс­тырғанда экономикалық тұрғы­дан тиімді болады», деп қуаттап отыр.

Жаһандық нарықта мұнай баға­сының өсуіне не ықпал етеді? Баррель бағамының құбылуын қалт жібер­мей­тін сарапшылардың пікірі­не жүгінсек, мұны алдымен отынға әлем­дік сұраныстың қалпына келуімен бай­ла­ныстырған жөн. Бірақ бұл өнді­ру­ші компаниялардың бағасы қым­бат­таған газ бен көмірдің орны­на дизель отыны мен мазутты тұтынуға көшуі­не әсер етеді. Қысқы мау­сым жа­қын­даған сайын сұраныс тағы да артуы мүмкін. Осы орайда FOREX ха­лықаралық нарығындағы көшбас­шының бірі – Оanda сарапшысы Эдвард Мойдың айтуынша, мұнай нарығындағы тапшылық үдей түсетін секілді. Өйткені ауа райы салқында­ған сайын энергетикалық дағдарыс тереңдей береді. Көмір мен электр энер­гиясының, оған қоса табиғи газдың жетіспеушілігі мұнайға қосымша сұранысты арттырады. Бірақ АҚШ пен ОПЕК+ нарыққа қосымша көлем беруге асықпайтын сияқты.

«Открытие Research» зерттеу орта­лығының жетекші сарапшысы Анд­рей Кочетков та көмір мен газ баға­сының рекорды мұнайға деген сұра­ныст­ы арттыратынына сенімді болып отыр. Әсіресе, төртінші тоқсандағы ахуал Сол­түстік жарты шардағы темпе­ра­ту­ра­ның төмендеуіне байланысты күр­делене түсетін сияқты. Өйткені Қытай­да көмір бағасы рекордтық деңгейге жеткен. Сол себептен, мұнай өнімдері, оның ішінде мазут электр мен жылуды өндіру үшін бұрынғыдан да мол сұранысқа ие болуы мүмкін.

Бұдан бұрын халықаралық энерге­тикалық агенттік 2021 жылғы мұнайға сұраныстың болжамын тәулігіне 96,3 млн баррельге дейін көтерген еді. Де­мек, жылдың соңына дейін бұл сұ­ра­­ныс тәулігіне 5,5 млн баррельге ар­та­ды. Аталған агенттік 2022 жыл­ға сұ­ра­ныс­тың өсу қарқынының бол­жа­мын тәу­лі­гіне 3,2-ден 3,3 млн баррель­ге де­йін нақ­тылаған еді. Осы бол­жа­м­ның нәт­и­жесінде алдағы жылы мұ­най­ға сұраныс тәулігіне 99,6 млн бар­рель­ді құрайды. Әрине, бұл көрсеткіш COVID-19 пандемиясына дейінгі дең­гей­ден сәл жоғары екені даусыз. Алайда АҚШ Энергетика министрлігі 2021 жылы елдегі тәуліктік мұнай өндіру бол­жа­мын 60 мың баррельге, тәулігіне 11,02 млн баррельге дейін төмендеткенін ескерген жөн.

Батыс мұнай компанияларына таза энергияға тез ауысуды талап еткен инвесторлар мен эко-белсенділер әсер ететіні даусыз. Өйткені батыс инвес­торлары компаниялардың өндірістік қызметін қаржыландыруға асықпайды. Сөйтіп инвесторлар мұнай бағасының арзандауынан сескеніп, жаңа мұнай кен орындарына аз ақша жұмсағанды жөн көреді. Жалпы, қазір мұнай нары­ғындағы ұсыныс шектеулі күйде қалып отыр. Бірақ сұраныстың әлі де өсе­тіні дау тудырмайды. Ал батыстағы ал­пауыттардың мол мұнай өндіруге асық­пауынан олардың орнын басқа компаниялардың басуына мүмкіндік ашылды. Мәселен, Сауд Арабиясының жетекші мұнай өндірушісі Saudi Aramco мұнай өндіруді күніне кемінде 1 млн баррельге, тіпті 2030 жылға қарай 13 млн-ға дейін арттыруды жос­пар­лағанын мәлім етті. Сондай-ақ Кувейт, БАӘ, Ирак, Ливия, Аргентина, Колум­бия мен Бразилиядағы мұнай ком­паниялары да мұнай өндірісін ұл­ғайтуды жоспарлап отыр.

Энергетика саласындағы сарапшы­лардың пайымынша, мұнай мен табиғи газдың бағасы қазіргіден өсе түссе, мол мұнай өндіруші елдер ұсынысты арттыруға мәжбүр болады. Мақсат – нарыққа мұнайды көбірек шығару. Тағы да дерекке жүгінер болсақ, өткен айда Кувейт өндірісті күніне 2,4 млн-нан 4 млн баррельге дейін арттыру үшін алдағы бес жыл ішінде барлау жұмыстарына 6 млрд доллардан астам қаржы салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Демек, әлемдік мұнай нарығының ойыншылары әлі де баррель бағамының көтерілгенін қалайды.

Мұнай баррелінің бүгінгі көтеріл­ген биігі Қазақстан экономикасы үшін өте тиімді болмақ. Өйткені елімізде өндірілген мұнайды экспорттаудың отандық экономиканы өркендетуге ықпалы зор. Біріншіден, республикалық және жергілікті бюджетке түсетін кірістер мен салықтар көлемі ұлғаяды. Екіншіден, геологиялық барлауды дамы­туға ден қойылады. Үшіншіден, жаңа кен орындарын ашу мен жұмыс орындарын құру, әлеуметтік мәсе­лелер оң шешімін табады. Демек, көмірсу­текті шикізаты мол еліміз үшін баррель бағамының тағы да өсе түскені қажет.

 

Атырау облысы