Үкімет • 27 Қазан, 2021

Омбудсмен өкілеттігі кеңейтіледі

196 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобасын мақұлдады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Омбудсмен өкілеттігі кеңейтіледі

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығмату­лин аталған заң жобасы Президент бас­та­машы болған саяси реформа аясында әзірленгенін айта келіп, «Бұл – елі­міз үшін өте маңызды, өте қажетті құжат­тардың бірі. Осы енгізілген өзгерістердің нәтижесінде омбудсменнің қызметін, өкілдігін, жалпы адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл институтын нығайтуға нақты қадам жасалып отыр. Бұл мемлекет және азаматтық қоғам арасындағы байланыс­ты одан әрі тереңдетуге жаңа жол ашатыны сөзсіз» деді.

Құжат адам құқықтарының бұзылуын қалпына келтіру бойынша Омбудсменнің өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтеді. Қазіргі таңда Омбудсмен институтын оның құқықтық мәртебесін, қызметінің қағидаттары мен кепілдіктерін, сондай-ақ адамның және азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі құзыретті заңнамалық деңгейде нақты айқындау арқылы одан әрі дамыту қажеттігі жетілдірілді.

Депутаттардың айтуынша, заң жобасын дайындау кезінде халықаралық тәжірибе, ең алдымен Париж қағидаттары мен Венеция қағидаттары мұқият зерделенген. Сондай-ақ алыс және жақын шетелдердегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің заңнамалық негізі мен құқық қолдану тәжірибесі пайдаланылған.

«Уәкілдің мәртебесіне, оның қыз­метінің қағидаттарына, яғни адам мен азаматтың құқықтары мен боста­н­дық­тарының мүддесінде заңдылық, ашықтық және тәуелсіздік қағидаттарына ерекше мән беріледі. Адам құқықтары жөнін­дегі уә­кілге оның қылмыстық жауа­пты­лы­ғы­на немесе әкімшілік жауапкер­шілі­гіне қол сұғылмаушылық мәртебесі қарас­тырылған. Осыған байланысты оны жа­уап­кершілікке тартудың ерекше тәрт­ібі енгізіледі. Сонымен қатар уәкіл куә ре­тінде айғақ беруден босатылады», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров.

Сонымен қатар уәкілдің заңды қызметіне араласқаны немесе кедергі келтіргені үшін жауапкершілік енгізілмек. Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін адам құқықтары жөніндегі уәкіл саяси қызметпен айналыса алмайды, мемлекеттік қызметте істемейді, оқытушылық, ғылыми не өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, басқа ақы төленетін қызметпен айналыса алмайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің адам мен азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтіледі. Осы орайда тиісті құқықтар белгіленген. «Өтініш берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиісті шараларға қатысты мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға ұсыныс жолдау, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) адамдардың шектелмеген тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сотқа талап-арыз бере алады. Мұндай тәсіл алғаш рет ұсынылып отыр. Адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларды айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Мазмұндық тұрғыдан уәкілге адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы ақпаратты зерделеу және талдау, шағымдарды қарау нәтижелерін жинақтап қорыту функциясы жүктеледі. Бұл оның қызметіне дәйектілік пен алдын алу сипатын береді», деді А.Шәкіров.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, уәкіл адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді жетілдіру жөнінде жалпы сипаттағы ұсыныстарға бастама жасайды. «Заң шығаруға бастама жасауға құқығы бар субъектілерге Қазақстан Рес­публикасының заңнамасына түзету­лер енгізу үшін ұсыныс жасай алады. Қоғамдық маңызы зор не адамның және азаматтың конституциялық кепіл берілген құқық­тары мен бостандықтары өрескел немесе жаппай бұзылған жағ­дайда тікелей Президентке, Парламентке, Үкіметке жүгіне алады.

Заң жобасында уәкілдің өңірдегі өкі­лі­нің мәртебесі мен қызметі бекіті­леді. Ол осы лауазымды енгізу кезінде уәкілдің ұсынуымен жергілікті өкілді органдардың келісуі бойынша бес жыл мерзімге тағайындалады. Өңірдегі өкіл әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жекелеген өкілеттеріне ие болады. Құжатта адам құқықтары жөніндегі ұлттық ор­та­лықтың миссиясы бекітіледі. Ол жұ­мыс органы ретінде айқындалады және уәкілдің өңірлердегі өкілдерінің қыз­метін ақпараттық-талдамалық, ұйымдас­тырушылық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады», деді Сенат Төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Қазақстан Республи­ка­сындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, «Салық және бюджетке төленетін бас­қа да міндетті төлемдер туралы» кодекс­терге түзетулер енгізу туралы заң жо­балары бірінші оқылымда мақұлданды.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Жа­н­уар­ларға жауапкершілікпен қарау туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлдан­ды. Заң жобасының негізгі мақсаты – «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру.

Аталған құжат жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрі Серікқали Брекешев баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасының мақсаты – жануарларға қарауды құқықтық реттеу және оларға ізгілікпен қарау. Құжат азаматтардың адамгершілік тәрбиесінің идеологиясын, атап айтқанда, жануарларды ұстаудың моральдық және адамгершілігінің негізгі принциптерін қалыптастырады. «Аталған принциптерді іске асыру үшін талаптар мен қағидаларды белгілеу арқылы осы құқықтық қатынастардың мем­лекет­тік реттеу механизмдері де бекі­тіл­ді. Соның ішінде жануарларды асы­рауға және тасымалдауға, сон­дай-ақ өсіруге және ветеринарлық қыз­меттер көрсетуге қойылатын жалпы талап­тар, жануарларға қатыгездікпен қарауды на­си­хаттауға тыйым салу қарастырылған.

Заң жобасы жануарларды жансыздандыру ережелеріне және өлексемен жұмыс істеуге арналған. Атап айтқанда, ветеринария саласындағы заңнаманың талаптарын сақтай отырып, жануарларды жансыздандыру мүмкін болатын жағдайлар айқындалған. Бұдан бөлек, құжатта жекелеген санаттағы жануарларға қарау және асырау кезіндегі талаптар анықталған. Сондай-ақ осы саладағы қоғамдық бақылау институтын алаңдаушылық танытатын азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен қалып­та­стыру көзделген. «Чиптеу» деген­ге қа­тысты, заң жобасы үй жануар­ларын есеп­­ке алу өнімін (құралын) иелері есебі­нен ақылы негізде пайдалана отырып, үй жануарларын міндетті есепке алуды енгізеді», деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзіне сүйенсек, жануарларын міндетті есепке алу бойынша кейінге қалдыру нормасы көзделген. Бұл жоғарыда айтылғандарды жоспарлы іске асыру және үй жануарларын есепке алуды жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ олардың иелеріне біржолғы жаппай жүктемені болдырмауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құжат жануарлар­ға қатысты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды. Иттерді төбелестіру, анестезиясыз ветеринарлық операция жасау, жануарларды жазықсыз өлтіру, жануарларды әлсірету және оларға уақтылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулау әрекеттері жатады.

Заң жобасы арқылы Қазақстан Рес­публикасының Қылмыстық кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Рес­публи­касын­дағы жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару туралы», «Вете­ринария туралы», «Жануар­лар дүн­иесін қорғау, өсімін молайту және пай­далану туралы» Қазақстан Рес­публи­касының заңдарына толық­тыру­лар мен өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, түзе­тулер Қылмыстық кодекстің 316-ба­бындағы (екі және одан да көп жа­нуар­ларға қатысты жас баланың қаты­суымен, осы әрекетті бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жария түрде немесе жария түрде көрсету арқылы жасалған, олардың мертігуіне, қырылуына әкеп соққан қатыгездікпен қарау) санкцияларды ұлғайту арқылы жануарларға қатыгездікпен қараға­ны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Бірінші бөлімде жануардың мер­тігуіне әкеп соққан қатыгездігі үшін 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 30 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Екінші бөлімде жануардың өліміне әкеп соққан қаты­гездігі үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 50 тәулікке дейін қамауға алу ескерілген», деді Серікқали Брекешев.

Осы жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.

Сонымен қатар Мәжілістің бейінді комитеттері жалпы отырыста Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы заң жобасын және Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Салық кодексін жұмысқа алды.

Мәжіліс депутаттары мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәсе­лелері  бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Мақсат Раманқұлов, Елдос Абақанов, Берік Дүйсембинов, Еділ Жаңбыршин, Ғалымжан Елеуов.