Осынша адамның коронавируспен ауырғаны зертханалық тексеру арқылы расталған. Қазір облыс – індет таралуы көрсеткіші бойынша «жасыл» аймақ санатында. Соңғы күндері ауру асқынып, медициналық көмекке жүгінген науқастар саны жөнінен облыс орталығы озып тұр. Талдықорғанда 40 адам ауырған. Мұнан бөлек, Текелі қаласында – 17, Алакөл ауданында – 16, Талғар ауданында – 15, Қарасай мен Панфилов аудандарында – 11, Қаратал ауданында – 10, Ұйғыр ауданында – 7 науқас, Еңбекшіқазақ, Көксу, Балқаш, Ескелді аудандарында – 2 науқастан, ал Жамбыл ауданында 1 науқас дәрігер көмегіне жүгінген. Сондай-ақ барлығы
1 100 адам стационарлық ем қабылдауда. Ауруханаларға бір тәулікте 73 адам түсіп, 50 адам шығарылды. Аймақтағы инфекциялық төсектік орын жүктемесі 46,5 пайыз шамасында және жансақтау бөлімінде 42 пациент жатса, оның 4-еуі өкпені жасанды тыныстандыру аппаратына қосылған көрінеді.
Облыста індетке қарсы екпе салу қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, вакцинаның 1-компонентін 798 671 адам алып үлгерген. Ал екпенің 2-компонентін 719 775 адам салдырыпты.
Айтпақшы, Алматы облысында алғаш рет аудандық аурухана деңгейінде өкпесі толық зақымданған жүкті әйел емделіп шықты. Ем-шара экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппаратын пайдалана отырып жүзеге асырылды. Іле аудандық орталық ауруханасына жүкті келіншек COVID-19 диагнозымен, өкпесінің 90 пайызы зақымданған күйінде жеткізілген еді.
– 9 тамыз күні жүктіліктің 38-39 аптасындағы әйел өте ауыр жағдайда ауруханаға түскен болатын. Ауыр халде түскен әйелге дереу ота жасалып, бала аман-есен дүниеге келді. Бірақ науқастың жағдайы нашарлап, қан құрамын оттегімен қанықтыратын ЭКМО аппаратына қосуға тура келді. Науқас 31 күннен кейін ғана өздігінен дем ала бастады, – дейді Іле ауданы ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Ысқақ.
Ал төрт баланың анасы Баянсұлу Амангелдиева жансақтау бөлімінде медицина қызметкерлерінің көмегімен қайта аяққа тұрып, өздігінен дем алуды, қозғалуды үйренгенін айтады.
– Мен жансақтау бөлімінде 47 күн жаттым. Екі ай бойы балаларымды көру арман болды. Өкінішке қарай, бұрын көпшілік жиналған жерде бетперде таққан емеспін. Бұл менің басты қателігім болды. Өйткені маска таққан кезде өзімді жайсыз сезініп, ауа жетпей тұрғандай болатын. Алайда бір жұтым ауаны өздігімнен жұта алмай қиналғанда қатты өкіндім. Қателігімнің салдарынан отбасымды, туған-туыстарымды, менің өмірім үшін екі ай бойы күрескен дәрігерлерді әуреге салдым. Қазір аман-есен жазылып, отбасыма оралдым. Дәрігерлерге алғысым шексіз, – дейді ол.
Жұқпалы індетпен күресте жеңіске жеткен Баянсұлу ауруханада 58 күн жатса, соның 47 күнін жансақтау бөлімшесінде өткізген екен. Жалпы, Іле аудандық ауруханасының дәрігерлері емханаға COVID-19 диагнозымен жеткізіліп, өкпесі 80 пайызға дейін қабынған тағы да бес жүкті әйелдің жанын аман сақтап, емдеп шығарды.
Алматы облысы