Бокс • 28 Қазан, 2021

Сәкен Олимпиада чемпионын жеңді

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сейсенбіден сәрсенбіге қараған кеште Белградтың «Штарк Аренасына» жи­налған сан мың жанкүйер мен көгіл­дір экранға көз тіккен миллион­даған көрер­меннің назары өзбек­стан­дық Хасанбой Дусматов пен қазақ­стандық Сәкен Бибо­сыновқа ауғаны сөзсіз. Соқыр жеребе мықты екі бокс­шыны әлем чемпио­натының алғашқы айналымында жолықтырды.

Сәкен Олимпиада чемпионын жеңді

28 жастағы Хасанбой Дусматов 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында бас жүлдені олжалады. Әндіжан бокс мектебі түлегінің өнері көпшілікке ұнағаны соншалық, оған Вэл Баркер кубогы табыс етілді. Одан бөлек, Дусматовтың әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері, құрлық­тың екі дүркін чемпионы деген атақтары тағы бар. Казіргі кезде ол кәсіпқой рингте күш сынасып жүр.

Әрине, біздің Сәкен Бибосынов та осал жігіт емес. Өзінің мықтылығын Екате­рин­бургтегі әлем чемпионаты мен Токио Олим­пиадасында мойындатқан қандасымыз қола медальді мойнына ілді. Десек те, Сер­бия аста­на­сындағы жарысты тама­шалаған майталман мамандар мен білікті бапкерлердің дені осы жекпе-жектің фавориті ретінде атағынан ат үркетін өзбек боксшысын атады.

Бапкерлік кәсіптің жілік-майын шаққан Мырзағали Айтжанов бұл жекпе-жекке өзінің төл шәкіртін өте жақсы даярлаған екен. Бойы мен қолы қысқа болғанымен, денесі мығым және соққысы жойқын Дусматовқа қарсы дұрыс тактика құра білді. Бәсекенің басынан аяғына дейін Өзбекстанның мақ­танышы шабуылдаумен болды. Үнемі алға ұмтылып, жұдырығын әрі де, бері де сілтеді. Бірақ одан Бибосыновқа еш қауіп келген жоқ. Ол үнемі қарсыласының алдын орап отырды. Қажет кезде ашық ай­қастан да тартынған жоқ. Хасанбойдың соқ­қыларының дені ауа қармап қалды. Нә­ти­­жесінде, бес төреші де жеңісті біздің жі­гіт­ке берді. Осылайша, Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері деген дардай атағы бар даңқты Хасанбой Дусматов қазақ­тың қайсар ұлының мықтылығын еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Келесі кезеңде Сәкен үндістандық Дипакпен күш сынасады.

75 кило салмақтағы Нұрқанат Райыс та өзінің командалық әріптестерінің жеңісті жолын жалғастырды. Өзінің тұсаукесер кездесуінде ол черногориялық Стефан Сав­ковичті сан соқтырды. Нұрқанаттың келесі қарсыласы – молдовалық Влад Гаврилыч.