Новосібір қаласында өткен бәсекеде екі команда әбден тіресті. Бірінші кезеңнің өзінде төрт шайба қақпа торынан табылды. Бір айта кетерлігі, бұл голдардың барлығы да 13 пен 20-минуттар аралығында соғылды. Алғашында Денис Голубев есеп ашты – 0:1. Біраз уақыттан соң Дмитрий Гурков таразы басын теңестірді – 1:1. Соңғы минуттарда Николай Демидов пен Кертис Волк бір-бір реттен мергендік танытты – 2:2. Екінші кезеңде де жеңімпаз анықталған жоқ. 24-минутта Волк дубль авторы атанса, 35-минутта Егор Миловзоров нысананы дәл көздеді – 3:3. Үшінші кезең мен қосымша уақытта таблодағы есеп өзгерген жоқ. Ал буллит соғу барысында «Сибирьдің» асығы алшысынан түсті.
Биылғы маусымда жеңілістен бас көтермей келе жатқан «Барыстың» жағдайы күннен-күнге күрделене түсуде. Қазіргі кезде жерлестеріміздің қоржынында небәрі 19 ұпай бар.