Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өтті. Оған Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов қатысты.
«Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстан әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы керек деген міндет жүктеді. Осы мақсатқа жету үшін ұзақмерзімді 7 басымдық белгіленді. Статистика органдары өз кезегінде жүріп жатқан үдерістердің сапалы өлшенуін, Елбасы Жолдауына сәйкес елде іске асырылып жатқан стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды мониторингтеуді қамтамасыз етуі, сондай-ақ, қоғам, халық және бизнестің қажетті статистикалық ақпаратқа деген қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс. Осыған байланысты статистика органдары статистикалық көрсеткіштердің жүйесін тұрақты түрде қайта қарастырады. Агенттіктің 2014 жылға арналған статистикалық нысандарын қайта қарау нәтижесінде респонденттерге есептік жүктеме тағы 12 пайызға қысқартылды», деді Ә.Смайылов.
Статистикалық жұмыстардың 2014 жылға арналған жоспарына күн, жел және гидроэнергетика сынды жаңартылған энергия көздерін қолдану объектілері бар кәсіпорындарды жаңадан зерттеу енгізілген. Биылғы жылы халықтың экологиялық таза өнімдер мен қызметтерге қолжетімділігі, энергияның жаңартылатын көздеріне инвестициялар және «жасыл» құрылыста орындалған құрылыс жұмыстарының құны сияқты бірқатар өзге де көрсеткіштер қалыптастырылмақ.
Сапалы және дәйекті статистикалық көрсеткіштерді ұсыну бөлігінде ведомство статистиканың барлық салаларында дерлік, соның ішінде еліміздің ұлттық статистика жүйесінің әлеуетін арттыруға бағытталған «Қазстат» жобасы шеңберіндегі халықаралық сарапшылардың ұсынымдарын есепке ала отырып, әдіснамалық және әдістемелік базаны жетілдіру жұмыстарын жүргізеді.
Өткен жылы агенттік пайдаланушыны сапалы статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін жалпы статистикадағы инновациялық жоба болып табылатын «Е-статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйені әзірлеуді аяқтаған. Сонымен қатар, өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялану бойынша жұмысты жалғастыруда. Былтыр 5 ақпараттық жүйемен интеграциялану жүзеге асырылған.
Агенттік ауылдық округ әкімдерінің әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын қағазтасығыштан электрондық форматқа ауыстыру бойынша жұмысты аяқтауда. Бұл ауыл шаруашылығы мен ауылдық статистика сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, 2014 жылға Дүниежүзілік банкпен, Шетелдік әріптестер консорциумымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазстат» жобасын іске асыру бойынша жұмыстарды іске асыру секілді және басқа да бірнеше міндет белгілеп отыр.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».