Аймақтар • 28 Қазан, 2021

Жалған шот-фактура шығарумен айналысқан қылмыстық топ анықталды

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте қылмыстық топ мемлекетке 1,9 млрд теңгеге залал келтірді. Қылмыстық қолма-қол ақшаға ие болу мақсатында жалған фирмалар көптеген заңсыз схемаларды қолданады. Сол арқылы жосықсыз компанияларға салық төлеуден жалтаруға көмек көрсеткен, деп хабарлайды Egemen.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Жалған шот-фактура шығарумен айналысқан қылмыстық топ анықталды

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті 13 адамнан құралған қылмыстық топты анықтады. Топтың құрамында А.Құрбанов, И.Рузахунов, Н.Мамырбеков, Д. Смородин, М. Зиемұхамедов, А. Маслов, Б.Маматқалықов, П. Жорабаев, И. Кондратьев, А. Ключников, Р.Хинизов, Б. Абылайханов, А. Щебельников болған.

«Тергеу барысында 2019-2020 жылдар аралығында қылмыстық топ қолма-қол ақшаға аударатын 18 фирма атынан жалған шот-фактура шығарумен айналысқаны анықталды. Осы жылдар ішінде бұл фирмалардың заңсыз айналымы 8,3 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде компаниялардың банк шоттарынан 3,6 миллиард теңге қолма-қол ақшаға айналдырылды», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, 18 компанияның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік-техникалық базасы, қызметкерлер штаты және қоймасы болмаған. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түрінде 1,9 миллиард теңгеден астам залал келтірілген.

Агенттіктің мәліметінше, топ мүшелері әртүрлі мерзімге 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.