Аймақтар • 28 Қазан, 2021

Көкшетауда 18 жастағы қыздар есірткі тасымалдаған

689 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысының полицейлері синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен екі қызды ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Көкшетауда 18 жастағы қыздар есірткі тасымалдаған

Белгілі болғандай, колледж студенттері қосымша ақша табу мүмкіндігін іздеп, интернет-қосымшалардың бірінде есірткі тасымалын ұсынған жарнаманы кездестіреді. Оларға асханада жұмыс ұсынылып, күніне 30 мың теңгеге дейін ақша төлеу уәде етілген. Хат алмасу барысында қыздар есірткі тасымалдау керектігін анықтады, бірақ олар бұл ұсыныстан бас тарта қоймаған.

«Көкшетау қаласындағы «Оқжетпес» стадионының жанында синтетикалық есірткі заттарын тасымалдаған екі студент ұсталды, олардың өзімен бірге және тұрғылықты жері бойынша 95 есірткі орамасы тәркіленді. Студенттер есірткіні жұмсақ ойыншыққа салып тасымалдаған», деді Ақмола облысы ПД УПН бастығы Мейрам Жапбасов.

Оның айтуынша, қос құрбы бірлесіп жұмыс істеген. Біреуі белгіленген жерге есірткі салған, ал екіншісі сатып алушыларға хат жазған.

«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 296-бабы 2-бөлігі бойынша сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша іс ҚР ҚК 297-бабына қайта сараланатын болады. Осы бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі бар», деді Мейрам Жапбасов.

Жыл басынан бері Ақмола облысында 12 кепілгер ұсталды, олардың үшеуі - кәмелетке толмағандар. Заңсыз айналымнан синтетикалық есірткінің жарты килограмнан астамы тәркіленді.