19 Ақпан, 2014

Дүрлігуге негіз жоқ

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, мәлімдеме жасады. Бүгін sms хабарламалар арқылы бірқатар қазақстандық банктердің қаржылық жағдайы туралы жалған және негізсіз ақпараттар таратылды. Бұл өз кезегінде осы банктерде шетелдік валюта бойынша салымдары бар адамдар арасында орынсыз дүрлігіс туғызды, деп атап көрсетті Қ.Келімбетов. Осыған байланысты Ұлттық банк бұл ақпараттардың жалған, негізсіз және біздің еліміздің банк жүйесін тұрақсыздандыруға бағытталған арандатушылық ақпарат екендігін мәлімдейді. Ұлттық банк өз тарапынан мұндай арандатушылық іс-қимылдардың алдын алу және тосқауыл қою мақсатында тиісті құқық қорғау органдарына хабар түсірді. Ұлттық банк барлық қазақ­стандық банктерде ұлттық және шетелдік валюталардың жеткілікті екендігін мәлімдейді. Керек болған жағдайда, Ұлттық банк кез келген уақытта банктердің өтімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті көмек көрсете алады. Осы орайда заңға сәйкес нақты тұлғалардың кез келген валюталық депозиттеріне мемлекет тарапынан кепілдік берілгендігін еске саламын. Ұлттық банк Қазақстан азаматтарын мұндай арандатушылыққа сенбеуге және парасаттылық танытуға шақырады, деді Ұлттық банк басшысы.