Тарих • 28 Қазан, 2021

Алтын Орда – қазақ мемлекеттігінің алтын бесігі

2790 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кеше Атырауда Қазақстан, Түркия, АҚШ, Жапония, Ресей және Украина ғалымдарының қатысуымен «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» тақырыбында  халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды басқосу алдымен тақырыптық мазмұнына орай бес панельге бөлінді. Ал пленарлық отырысты Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

Алтын Орда – қазақ мемлекеттігінің алтын бесігі

– Алтын Орданың тарихы қазір­гі Қазақ мемлекеттілігінің жыл­нама­сымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақ­стан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көп­те­ген жазба деректің табылуы – осының айқын дәлелі. Шын мәнінде, Алтын Орда­ның тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге бай­ланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назар­­дан тыс қалды. Елбасының бас­­тамасымен қолға алынған ауқым­ды бағдарламалар жұрты­мыздың тарихи санасын жаң­ғыр­­туға зор үлес қосты. Сан мың­­жылдық шежіреміздегі сабақтас­тық жалғасын тауып, ұлт­тық рухымыз биіктей түсті. Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек, делінген Президенттің құттықтауында.

Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың баяндауынша, Алтын Орданы тамыры терең тарихымыздың бір парағы деп қана емес, қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі ретінде қарастыру қажет.

– Бұған тарихпен әсіремақ­тану деп емес, генетиктер дәлел­деген дерек деп қараған жөн. Оған қоса Жошы ұлысы – дала мем­лекеттілігінің архетипі, бас­тау бұлағы. 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қала­ған Қазақ хандығының құры­лу себебін Әбілқайырға көңі­лі толмаған 200 мың халық­тың үдере көшкені деп қана қа­рас­тыруға болмайды. Қандай күш­ті болса да, өкпе мен реніш мем­лекет құраушы идея бола ал­май­ды. Сол үшін алғашқы хан­дары­мыздың түпкі ойы – Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру еді. Жылдар өте бұл жобаны ұлы хандарымыздың бірі – Қасым хан жүзеге асырды. Ол Орынбордан Мауреннахрға дейінгі алып ай­мақты бағын­дырып, билік жүр­гізді, – деді Дәурен Абаев.

Ол биылғы мамырда елордада өткен конференцияда ХХІ ғасырдағы алтынор­да­лық жеті қағиданы баяндағанын тіл­ге тиек етті. Бірінші қағида – мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан бас­қарылатын мемлекет. Бұл өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа лауазымды тұл­ғаның дербес жауап беруін білдіреді. Екінші қағида – меритократия немесе бас­шы­лыққа лайықты адамдардың келуі. Үшін­ші қағида – әкімшілік басқарудың тиім­ділігі. Төртінші қағида – ғылым-білім ғұрпы. Бесінші қағида – диалог мәдениеті. Алтыншы – дипломатия мәдениеті. Жетінші – адами құндылықтар.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Алтын Орда» тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы ма­құл­дағанына тоқталды. Бастамаларды ке­лесі жылдан бастап жүзеге асыру көз­деліп отыр. Біріншіден, шетел архив­теріндегі Алтын Ордаға қатысты материал­дарды іздеу жұмыстары күшей­тіледі. Екіншіден, республика аума­ғын­дағы Алтын Орда қалаларын қайта қал­п­ына келтіру, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындалады. Үшіншіден, ғылыми монографиялар, мәселен, Жошы, Берке, Өзбек хандар тура­лы шығару пысықталады.

Төртіншіден, «Ұлық ұлыс» энцик­лопедиясын шығару, Википедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңа­лау көзделіп отыр. Бесіншіден, Ұлық Ұлыс­тың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хан­дары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қала­лары мен сауда саясаты жайлы деректі фильм­дер сериясын шығару жоспары бар. Алтыншыдан, алтынордалық эпос­тар желісімен балаларға арналған ертегі­лердің шығарылуы қамтамасыз етіледі. Жетіншіден, Алтын Орда тақырыбы бо­йынша ашылған тың деректер ескеріліп, мектеп және жоғары оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұны өзектендіріледі.

Осы орайда Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетовтің айтуына қа­ра­ғанда, Ш.Уәлиханов атындағы та­рих және этнология институтының негі­зінде беделді тарихшы ғалымдардан құ­рал­ған топ «Ежелгі дәуірден бүгінге дейін­гі Қазақстан тарихы» көптомдық акаде­миялық басылым әзірлеуге кіріскен. Бұл ба­сы­лымның 3-томы «Жошы ұлысы­на» арналады. Ал Алтын Орда тарихын зерт­теу бойынша гранттық және ныса­на­лы-бағдарламалық қаржыландыру шең­берінде 15-ке жуық ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Ғалымдар қолға алған «Жаңа дерек­көздерді аудару және Алтын Орданың этно­саяси тарихын зерттеу» ғылыми бағ­дар­ламасының мақсаты – Жошы ұлы­сы­ның этносаяси тарихын Қазақ хан­ды­ғының тарихи бастамасы ретінде зерттеу. Халық арасында Алтын Орда тарихы туралы кәсіби ғылыми білімді насихаттау. Атырау жерінде Ұлық ұлыстың ас­та­наларының бірі – Сарайшық бар. Бұл қалада Алтын Орда хандарының бі­разы таққа отырды. Сарайшықта Жо­шы­ ұлысының бірқатар хандары, Ноғай орда­сы­ның бектері, сондай-ақ Қазақ хан­ды­ғының жекелеген хандары жерлен­ген. Сарайшық – тарихымыздың сим­вол­дық астанасының өте маңызды құ­рам­дас бөлігі. Сарайшықтың мәдени мұ­ра­сын, тарихын жан-жақты сақтап, зерделеуіміз қажет. Бұл бағытта кешенді археологиялық ізденістер жүргізіледі. Ескерткіштің материалдық және рухани мәдениетінің негізгі элементтерін қайта қалпына келтіру арқылы қуатты мемлекетіміздің тірегі ретінде ежелгі қала тарихын дәріптейтін боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

ҰҒА академигі, Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Алтын Орда тарихында әлі де толық зерттелмеген тұстары бар. Соның бірі – Алтын Орданың соңғы кезеңі. Оның тарихын құрылу мен қалыптасу, күшею мен нығаю және ыдыраушылық пен күйреу кезең­деріне бөлуге болады. Жошы ұлысы­ның құрылуы мен қалыптасуы – 1225-1312 жылдар, күшею кезеңі – 1312-1359 жылдар аралығында болса, ал ондағы ыдыраушылық үдерістер мен күйреуі 1360-1502 жылдары өткен.

– 1395-1396 жылдардағы Әмір Темірдің Алтын Ордаға жасаған екінші жорығы мен тонаушылығы ауыр болғаны белгілі. Тарихшылар мұ­ны «Алтын Орданың омыртқасы үзіл­ді» деп бағалайды. Осы жорықтан кейін Алтын Орда тарихында ұзаққа созыл­ған ыдыраушылық дәуірі басталды. Бұл дәуірдің алғашқы кезеңі 24-25 жыл­ға созылып, Алтын Орданың саяси сах­насына жаңа тұлғаларды – Едіге биді, тұ­қай­темірлік Құтлық Темір ханды, Тас Темір ханды, Шәдібек хан­ды, Орыс ханның ұлы Қойыршақ хан­ды, Тоқтамыс ханның ұлдары – Жала­лад­динді, Жапарбердіні, Кебекті, Кәрім­бердіні, Қадырбердіні және тағы басқа тұл­ға­лар­ды шығарды. Бұл тұлғалар ыды­рау үдерісінің алғашқы кезеңінде жеке­ле­ген ұлыстарда хан болып, ширек ғасыр бойы орталық билікті иелену үшін аяу­сыз күрестер жүргізді, – дейді Берекет Кәрібаев.

Тарих ғылымдарының докторы Александр Қадырбаевтың баяндауы­на қарағанда, Алтын Ордаға батыс еуро­па­лықтар көп келген. Соның бірі – Иоганн Шильтбергер. Бавариялық неміс солдаты 1396-1427 жылдар аралығында мұсылмандардың тұтқынында болған.

– Иоганн Шильтбергер қожайын­дарымен бірге Шығыстың көптеген елінде болған. Оның ішінде сол кездегі аласапыран кезеңді бастан өткерген Алтын Орда да бар. Неміс саяхатшысының жазбалары Шығыс пен Батыс өркениетінің тоғысуы нәтижесінде қалыптасқан мәдениеттер симбиозының өзіндік бір түрі, полиэтностық және поликонфессиялық Алтын Орда қоғамын бейнелейді, – деп пікір білдірді ғалым.

Анкара университетінің аспиранты, тарих ғылымдарының PhD докторанты Серхан Чынардың зерттеуіне қарағанда, Алтын Орда мен Осман империясының арасындағы байланыс Түркияның тарихында өте аз зерттелген. Алтын Орда мен Осман империясының арасында тарихи сабақтастық болды ма?

– Мұны әзірге дәлелдей алмай отыр­мыз. Бірақ кең көлемде қарасақ, бұлар­дың бәрі – түркі тайпалары. Осман импе­риясының құрылғанынан бастап біздің Ноғай ордасынан Балқан түбегіне келіп, Осман Ғазының Ер Тұғырылдың қасында болып, ынтымақтасуын Алтын Орданың Османлы империясы мемлекетілігінің құрылуына үлкен үлес қосқан тарихи одақтас мемлекет ретінде тануға болады, – дейді Серхан Чынар.

Тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев Жошы ұлысының тари­хын зерттеуде нумизматиканы қосал­қы пән ретінде пайдалану қажет деп есеп­тейді. КСРО ыдырағаннан кейін Алтын Орда тарихына деген қызығу­шылық тереңдей түсті. Мәселен, Татар­стан Республикасында 2000 жылдары «Ежелг­і татарлардың тарихы» атты үлкен мегажоба аясында Алтын Орданың тари­хы­на арналған жеке том жазу туралы шешім қабылданған. Жошы әулеті импе­риясының тарихы туралы бұл зерттеу қайтадан тарих институтында жазылды.

– «Әлем тарихындағы Алтын Орда» деп аталалатын бұл еңбек ағылшын тілінде қайта басылды. «Татарлар тарихынан» айырмашылығы, оған Польша, Украина, АҚШ, Франция, Мажарстан, Молдова, Финляндия, Сербия, Израиль, Қытай сияқты елдердің ғалымдары қатысты. Батыс тарихнамасында Шыңғыс ұрпақтары мен Моңғол империясының үстемдік ету дәуіріне де көп көңіл бөліне бастады. 2009 жылы Кембридж университетінің баспасы The Cambridge History of Inner Asia: the Chinggisid Age тақырыбымен үлкен ұжымдық монография шығарды. Демек, Жошы ұлысын зерттеуде Алтын Орда тарихы туралы жалпылама академиялық басылымды дайындау тәжірибесі бар деп айту керек. Сондай-ақ нумизматиканың қосалқы тарихи пән ретіндегі соңғы жетістіктеріне, Жошы ұлысы империясындағы ақша материалдары мен ақша айналымының тарихын талдау мен жаңаша түсіндіруге көп көңіл бөлу керек. Алтын Орда дәуіріндегі түркі тілдес халықтардың бай тарихи-эпикалық циклын зерттеуге де назар аудару қажет, – дейді тарих ғылымдарының докторы.

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың топшылауынша, бүгінгі тарих ғылымында шешімін таппай келе жатқан келелі мәселенің бірі – Ұлық ұлыс – Алтын Орда қалаларының бірегейі Сарайшық қаласының тарихы. Өйткені ортағасырлық зерттеулер, оның ішінде 1320-1338 жылдар аралығындағы Ибн Баттута, испандық Пасхалия еңбектері, анонимдік автор мен Ф.Б.Пеголоттидің сауда-саттық жазбасы, одан кейінгі ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Өтеміс Қажының, Мұхаммед Хайдар Дулатидың, Қадырғали Жалайридың, Әбілғазының және өзге де еңбектер Сарайшық жөнінде толыққанды мәлі­мет бермейді. Сол себепті, тарихшылар деректік зерттеулерді қорытып, архео­логиялық зерттеу материалдарын, карто­графиялық зерттеулер мен ел ішін­дегі аңыз әңгімелерді пайдаланады.

– Сарайшық қаласында лайықты хан сарайы болған. Осы хан сарайында Жәнібек хан да, оның ұлы Бердібек те таққа отырса, белгілі ноғайтанушы В.Трепавлов осы тізімге Өзбек ханды да қосады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін Хан сарайы орнын таба алмай келеміз. Мұның өзі Сарайшықта қазба жұмыстарын кешенді түрде жүргізілуін қажет етеді. Сарайшық қаласының айрықша маңызын ел билеушілерінің пантеоны да айғақтай түседі. Сарайшықтың Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы билеушілері мен даңқты тұлғаларының пантеоны болғаны мойындалғанымен, онда жерленгендер туралы ортақ пікір жоқ. Өйткені ортағасырлық зерттеушілердің өздері әртүрлі пікір қалдырған. 1602 жылғы Қадырғали Жалайридың «Шежі­ре­лер жинағында» Қасым хан «ақырын­да Сарай­шықта дүние салды. Бұл күн­дері оның қабірі Сарайшықта жатыр», 1665 жылғы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Тоқтағу хан «патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді», Жәнібек хан тура­лы «ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарай­шықта жерленді» деп жазылған. Оларға қосымша Өтеміс қажының, Әбілғазының, Абдулғаффар Қырымидің және ноғай жырларындағы жанама деректерге сүйеніп, «Сарайшықта Алтын Орда хандары Мөңке Темір хан, Бердібек хан, Тоқ­тамыс ханның басы, қазақ хандары­ның атасы Барақ хан жерленген» деген бол­жам жасаймыз. Бұл мәселелер де зерт­телуі керек, – дейді Әбілсейіт Мұқтар.

Сарайшықтың орта ғасырларда салтанаты келіскен сауда-экономикалық және мәдени-рухани орталық болғаны бүгінде нақты деректермен айғақталып отыр. Зерттеушілер XVIII ғасырдың басында Ресейде сызылған картаны тапты. Тарихи картада Сарайшықтан Хаж-Тарханға көш тартатын керуен жолдары мен керуен сарайлар анық көрсетілген. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәлім етуінше, қазір Сарайшық музей-қорығының қорында 4 600 жәдігер сақтаулы тұр. Оның 400-ге жуығы ғана көрініске шығарылған. Бұл – «Алтын Орда» мұражайын салуға негіз болатын жайттың бірі.

– Сарайшықта заманында қолөнер­шілер ошағы болған. Ал қазіргі таңда өңірде 200-ге жуық қолөнерші бар. Бұл дәстүрді қайта жаңғыртуымыз керек. Сарайшық мәуелі бағымен де әлемге әйгіленіпті. Кешенді ұзына бойы алып жататын гүлстан променады сол күндерге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайтын саябақ болмақ. Кешен ішінде жылқымен, түйемен сейіл құру және Жайық өзенінде алтын қайықпен серуендеу көпшіліктің қызығушылығын оятатын жобаға айналады. Қазір Сарайшық музей-қорығына 20 мыңға жуық турист келеді. Жаңа жоба іске қосылғанда туристер саны 700 мыңға дейін артады деген болжам бар. Жүздеген жұмыс орны ашылады, – деді облыс әкімі.