Әлем • 29 Қазан, 2021

Түркі академиясының президенті Түркия жұртшылығын құттықтады

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркия жұртшылығын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркі академиясының президенті Түркия жұртшылығын құттықтады

«Бүгін 29 қазан Түркия халқының ұлық мейрамы – Республика күні. Республиканың құрылғанына 98 жыл толған осы айтулы күнмен Түркия мемлекетін және бауырлас түрік халқын шын жүректен құттықтаймын.

Ұлы Көшбасшы Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің «Елде тыныштық – әлемде тыныштық» қағидасымен құрылған Түркия Республикасы халықаралық саяси аренада аймақтағы және одан тыс өңірлердегі қауіпсіздік пен бейбітшіліктің кепілі ретінде маңызы зор мемлекетке айналды. 

Ұлт-азаттық күрестің тарихи жеңіспен аяқталып, Республиканың жариялануы Түркияның қарқынды дамып, өркениетке қадам басуы үшін жаңа көкжиектерге жол ашты. Бүгінде қуатты экономикаға, берік демократияға қол жеткізіп, адами құндылықтарға адалдығымен өзінің ғасырлық мерейтойына қадам басқан Түркия Республикасы өзге елдерге өнеге болып келеді.

Осыған орай Түркия жұртшылығын Республика күнімен тағы да құттықтап, бауырлас түрік халқына бейбітшілік, бірлік пен ынтымақ, тұрақты даму тілеймін!», деп жазылған құттықтауда.