Елорда • 29 Қазан, 2021

Елордада Түркі академиясының жаңа ғимараты ашылды

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада Халықаралық Түркі академиясының жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада Түркі академиясының жаңа ғимараты ашылды

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі академиясы түркітілдес бауырлас елдерді рухани тұрғыдан байланыстыратын ықпалды халықаралық ұйымға айналып келеді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен бүгін академияның жаңа ғимаратының ашылуына куә болдық. Баршаңызды осы маңызды күнмен шын жүректен құттықтаймын. Халықаралық Түркі академиясы бауырлас халықтардың мәдениетін, әдебиетін, тілін заманауи жаңғыртуға ерекше үлес қосуда», деп атап өтті Қырымбек Көшербаев.

Академия ғимаратында мұражай мен кітапхана орналасқан, онда түркі әлеміне қатысты құнды экспонаттар мен әдебиеттер ұсынылған.

«2009 жылы Елбасының бастамасымен Халықаралық Түркі академиясы ашылды, 2010 жылы академияға Бейбітшілік және келісім сарайында жеке кеңсе берілді. Ал бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің академияның жаңа ғимараты ашылды. Жаңа ғимарат екі бөліктен тұрады. Біріншісінде мұражай мен кітапхана орналасқан. Ал екіншісі - біздің қызметкерлеріміздің жұмыс кабинеттері. Мұражайдың өзі үш бөлікке бөлінген. Бірінші бөлігі түркі халықтарының этнографиясына, екінші бөлігі жалпы түркологияға арналған, ал үшінші бөлігіне академияға сыйға тартылған кәдесыйлар мен экспонаттар орналастырылады», деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.