Бас қалаға кірер жол тораптарында орналасқан Целиноград ауданы қарқынды дамытылуда
Ақмола облысының Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандарына қарасты елді мекендердің біразы елордамыз – Астана қаласын айнала орналасқандығы белгілі. Осы себепке байланысты аталмыш аудандар шаруашылықтарының еліміздің бас қаласын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі алар орны ерекше. Оның үстіне Астана іргесіндегі ауданға қойылар бұдан басқа талаптар да аз емес. Соның бастысы – бас қаланы айнала орналасқан ауыл-селолар көркінің елорданың ерекше келбетіне сай келуі.
Әрине, бұл мәселе жайында түрлі деңгейдегі жиындарда талай әңгіме де қозғалды, шешімдер қабылданып, межелер де белгіленді. Өкінішке қарай, солардың басым көпшілігінің сөз күйінде қалып келе жатқандығы да жасырын емес. Енді, міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай Үкімет қаулысымен арнайы бағдарлама қабылданып, атқарылуға тиіс істердің ауқымы белгіленді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлінуде. Осыған орай, облысымыздың Целиноград ауданындағы ахуал қандай, не тындырылды, енді не істелмек деген сұрақтарға жауап іздеп, осы аудан жағдайын біраз зерттеп көрдік. Ең алдымен Целиноград ауданының әкімі Бақберген Мәуленовке жолығып, әкімді әңгімеге тартып та байқадық.
Әңгіме барысында білгеніміздей, Бақберген Бөлдешұлының Целиноград ауданына әкім болып тағайындалғанына онша көп уақыт өте қоймаған екен. Дегенмен, жұмыс істей білетін басшы адамға әр күннің өзі алтын емес пе. Сол секілді әкім де келгенім кеше ғана демей, тындырылған біраз шаруа жайынан хабардар етіп өтті. Аудан ерекшеліктеріне сәйкес жүктелетін маңызды міндеттер жайын да жақсы түсініп қабылдап, жауапкершілікті мойынына алып отырғандығын сезіндік.
– Облыс әкімі Қосман Айтмұхаметовтің Елбасы тапсырмаларын орындау бағытында қолға алып жатқан игілікті істерінің үлкен бір саласы біздің ауданнан көрінуде. Көп мәселе оңтайлы шешіліп жатыр. Соның өзінде де ауданда шешімін күткен мәселе өте көп. Әрине, қай ауданда болсын, проблемалар жетіп артылатын шығар. Ал, өзіңіз білесіз, біздің ауданның қиындығы да, қызығы да өзгелерден сәл басқаша. Астанаға үш бағытта келетін күре жолдар біздің ауданға қарасты ауылдарды басып өтеді. Енді осыған елорданы сағалап келген азаматтардың Астанаға жақын жерлерде жаппай үй сала бастағандығын қоссақ, ол құрылыстардың заман талаптарына сай болу қажеттілігі де біраз қиындықтар туғызып тұр. Алайда, жауапкершіліктің ерекше екендігінің өзі тың жігер береді. Сондықтан барлық мүмкіндігіміздің шегінде жұмыс істеуге бел байлап кірістік, – деген әкім біраз жайдан хабардар етіп тастады.
Сонымен, өткен 2012 жылғы қараша айының 30-ында Үкімет қаулысымен Астана маңындағы елді мекендерді абаттандыру, оларды елорда келбетіне сай деңгейге көтеру туралы арнайы бағдарлама қабылданғандығы белгілі. Бағдарламаны жүзеге асыруға барлығы 37,7 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Ендігі мәселе – бағдарламада межеленген жұмыстарды рет-ретімен жүзеге асыру. Бұл орайда, әсіресе, Елбасы тапсырмасына сәйкес әлеуметтік мәселелерге баса назар аудару қажет екендігі түсінікті.
– Бағдарламаға сәйкес өткен жылы да біраз іс тындырылған сияқты. Нақтырақ айтсам, Талапкер, Қоянды, Қараөткел және Қосшы ауылдарында бүгінгі заман талаптарына сай мектеп салынды. Сондай-ақ, сол Қоянды, Талапкер, Қосшы ауылдары мен №96 разъезде балалар бақшасы пайдалануға берілгендігін айта кетуім керек. Енді осыған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Қабанбай, Максимовка ауылдарында сапалы ауызсу мәселесі шешілгендігін қоссақ, өзіңіз айтқандай, біраз істің басы қайырыла бастады деуге болатын шығар. Айтпақшы, біраз әңгімеге арқау болған Қоянды, Талапкер ауылдарында электр желісін толық жүргізуге тиісінше 5 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлінетін болды, – деген әкім бағдарламаның орындалу барысынан егжей-тегжейлі хабар бере кетті.
Жер түгендеу қалай жүзеге асуда?
Біздің Целиноград ауданы туралы қалам тербеудегі бір мақсатымыз жер түгендеу мәселесіне қатысты болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылдағы халық қалаларға қарай қопарыла көшкен тұста Астана, Алматы секілді ірі қалалардың маңайындағы бос жатқан жерлер жергілікті шенеуніктердің араласуымен пышақ үстінен бөліске түсіп, енді бір жағдайда ауылдан қалаға келгендер рұқсатсыз үй салып, осы мәселенің барынша ушыққандығы белгілі. Қазір осындай ретсіз салынған үйлер қалалар көркін кетіруге себепші басты факторлардың біріне айналуда. Соған сәйкес, Елбасы тапсырмасымен бұл мәселенің де көбесі сөгіліп, жағдай аздап та болса реттелген секілді. Дегенмен, Астана секілді айшықты қала маңында осы мәселе қалай шешілуде? Әрине, бізді бұл ретте толғандыратыны Қоянды секілді ауылдардан ешқандай рұқсат құжатынсыз үй тұрғызып алып, енді іс барысын заң жолымен реттеу қозғалған кезде қайда барарларын білмей, басы қатып отырған адамдар жайы. Әкімнен осы жұмыстың да ретін сұрай кеттік.
– Расында да, бұл мәселе біздің де қабырғамызға бататыны анық. Бірақ солай екен деп Астана секілді әсем қаланың айналасын былғап отыра беруге тағы да болмайтындығы анық. Сондықтан мен ауданға әкім болып келген соң, өз қызметімді осы мәселеден бастадым десем де болады. Қоянды ауылындағы халықпен кездесуіміз «сіз-біз» деген сыпайы сөзбен емес, ашынған жұрттың айқайымен басталып кетті. Қордаланып қалған көп мәселелер айтылды. Кездесуге жиналған тұрғындар сапалы ауыз-судың тапшылығын, көшелердің «толарсақтан саз кешетіндей» балшыққа батып жатқандығын, мектеп пен балабақшаның жоқтығын айтты. Бүгінде бұл проблемалардың басым көпшілігі шешімін тапты. Астана – Павлодар тас жолынан Қоянды ауылына дейінгі 3,6 шақырым жол жөнге келтірілсе, 41 миллион теңгеге 11 шақырым ауылдың ішкі жолдары жөнделді. Мектеп пен балабақша іске қосылды. Енді сіз қозғап отырған мәселеге келсек, бір Қоянды ауылында ғана 167 жер телімін азаматтар заңсыз иемденіп, үй салып алған екен. Алғашында шетелден келген бауырларымыздың бірқатары осы ауылдың маңынан үй сала бастаған. Кейіннен оларды көріп, «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей, әркім өз білгенімен үй тұрғыза бастаған. Өз мүддесіне келгенде әркімнің бір уәж айта алатындығы белгілі ғой. «Қазақтың кең сахарасынан ұлтарақтай жер бұйырмай ма?» деген пікірлер айтылады. Мәселе бұл жерде ұлтарақтай жерде емес қой. Мәселе сол үйдің ешкімнің келісімінсіз, рұқсатсыз салынғандығында. Оның үстіне салынған үйдің өзі ешбір сын көтермейтін жағдайда әрі Астананың әрін кетіріп тұрса, бұған не дейсіз? Сонымен, мәселені реттеу үшін жұмысқа кірісіп кеттік. Ақ-қараны анықтайтын арнайы комиссия да құрылды. Сөйтіп, жоғарыда айтылған 167 жер телімінің 78-і мемлекет қорына берілетін болады. Заңсыз салынып қойылған 15 үй бұзылатын болады. Басқа да заңға қайшы үй салып алғандардың істері сотқа жіберілді. Сот шешіміне сәйкес шара қолданылатын болады, – деді әкім.
Бұл жерде ескерілетін бір мәселе, аудан басшылығы «обал мен сауапты» да ұмытып отырмаған секілді. Рұқсатсыз алған жерлері қайтарылған кейбір азаматтарға басқа маңнан жер телімдерін беру мәселесі қарастырылу үстінде. Кейбір жағдайда бұған облыс әкімдігі де араласуға тиісті секілді. Өйткені, азаматтардың қайсы біріне аудан аумағынан тысқары жерлерден де жер телімдері ұсынылуы мүмкін. Қалай алып қарағанда да, тұрғын үйге қатысты жер түгендеу мәселесі тек заң аясында ғана шешілмек. Басқадай жол да жоқ.
Сонымен қатар, ауданда ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу ісі де жүргізілді. Соның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланылып отырған 58,6 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Жалпы аудан бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылмай жатқан барлығы 2915 жер телімі анықталған. Бұл дегеніңіз үлкен бір елді мекеннің аумағына лайықты жер ғой. Енді осы жерлердің барлығы заң арқылы ретке келтіріліп, мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Бұл мәселені Елбасының тікелей тапсырмасы ретінде қабылдаған облыс, аудан басшылығы осы іспен түбегейлі айналысуда.
Иә, жердің жыры қиын-ақ. Бірақ, осы қиындықты адамдардың өздері туындатып отырғандығы жасырын емес. Мәселен, Қояндыдағы оралман бауырларымыздың біразы Қазақстанға көшіп келгенде квота алған екен. Тексере келгенде олардың бірқатары Алматы, Солтүстік Қазақстан және басқа облыстарға да орналасуы керек екендігі анықталған. Соған сәйкес оларға сол облыстардан үй салуға қаржылай көмек те бөлініпті. Әрине, атажұртқа келдік деп жақсы өмірге ұмтылған оларды да сөге жамандау қиын. Сөйтіп, рұқсатсыз үй салу ісі басталып кеткен.
Осы ретте Астана маңынан тұрғын үй салу үшін жер бөлуге мораторий жарияланғаны да белгілі. Бірақ, әкім бұл істің бизнеспен айналысып, аудан аумағынан өндіріс орындарын ашамын деушілер үшін қатысы жоқтығын қадап тұрып айтты. Иә, ауданды көркейтуге үлес қосамын деушілерге қашанда болсын жол ашық.
Инвестиция – игілік бастауы
Қазіргі күні ауданда оның аумағынан кәсіпорындар ашып, тірлік көшін түзету үшін инвестиция тарту ісі қарқынды түрде жүргізілуде. Жалпы, әлемдік тәжірибеге көз салатын болсақ, ірілі-ұсақты кәсіпорындардың барлығы қаланың ішіне емес, сыртына орналастырылатыны белгілі. Целиноград ауданын осы тұрғыдан алғанда үлкен мүмкіндіктердің мекені ретінде қарастыруға болады.
Ауданда жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде бұл өңір халқының 80 пайызы өздері тұратын мекенде емес, Астана қаласында жұмыс істейтіндігі анықталған. Демек, олар салықты да Астанаға төлейді. Ал егер аудан аумағының өзінен кәсіпорындар ашылып, әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымдар дамытылатын болса, халықтың Астанаға сабылып несі бар?
Аудан басшылығы осы жағдайды ескере отырып, инвестиция тарту арқылы жаңа кәсіпорындар ашу ісіне мән беруде. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, аудан аумағындағы Максимовка ауылынан аяқ киім фабрикасының филиалы ашылуда. Мұнда 200 адамға лайықты жұмыс орны бар. Сонымен қатар, Ақмола ауылынан газ-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт ашылмақшы. Мұнда кем дегенде 60 адам жұмыс істейтін болады. Қосшы ауылында Беларусь Республикасымен бірлескен кәсіпорын – ет комбинатын салу жобасы да қолға алынды.
Ақмол ауылында құс фабрикалары жұмыс істеуде. Бұларда жылына 55 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, негізінен Астана халқын осы өніммен қамтамасыз ету ісі жолға қойылып отыр. Мұндағы фабрикалар бройлер өндіру ісін де қолға алды. Қазіргі күні осы мақсатта Голландиядан заманауи қондырғылар мен құрал-жабдықтар жеткізілуде. Көп өтпей бройлер тауығының дәмді еті Астанадағы дүкен сөрелерінен орын алатын болады.
Жалпылай айтатын болсақ, өткен жылы аудан экономикасына 16,7 миллиард теңгенің инвестициялық қаржылары тартылған. Осының нәтижесінде жаңа өндіріс орындарының іске қосылуымен қатар, 65,5 мың шаршы метрлік жеке тұрғын үйлер пайдалануға беріліп отыр.
Ауданда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салынып, су, кәріз жүйелері, электр желілері тартылуда.
Кәсіпкерлікке –кең өріс
Астана іргесіндегі аудан тіршілігі жыл өткен сайын дамып келеді деп айтуға әбден болады. Қанатын кеңге жая түскен Астана өз даму екпініне ауданды да қоса ілестіріп әкеткендей. Мәселен, өткен жылы ғана мұнда 7 миллиард 274 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген екен. Мұндағы жылдық даму деңгейі 5,7 пайызды құрады. Өнеркәсіптің жандануына жаңа кәсіпорындардың ашылуы да ықпал етіп отырғандығын айта кеткен жөн. Мәселен, аудан аумағында жаңа кірпіш зауыты іске қосылды. Ол жылына 17 миллион дана кірпіш шығаратын болады. Сонымен қатар, мұнда 50 жұмыс орны ашылып отыр.
Родина ауылынан салынған жел-энергетикалық қондырғы да өзіндік қызықты жобалардың бірі. Бұл жоба өткен жылдың 21 желтоқсанында іске қосылғандықтан, нәтижесін биылдан бастап бере бастайтын болады.
Сонымен қоса, Ақмол ауылынан трансформаторлар шығаратын зауыт құрылысы басталғандығын айта кетсек артық болмас.
Аудан экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі айтарлықтай. Ауданда өндірілетін өнімдердің 54,8 пайызы осы саланың үлесінде. Былтырғы жылы бұл сала бойынша 15,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, саланың даму деңгейі 2012 жылмен салыстырғанда 41,4 пайызға асып түсті.
Ірі қара мал саны жыл ішінде 3,1 пайызға өссе, соның ішінде аналық малдың өсімі 14,8 пайызға дейін жетті. Нәтижесінде сүт өндіру көлемі 13,2 пайызға, ет өндіру 4,1 пайызға, жұмыртқа өндіру 4,3 пайызға артты.
Аудандағы Красноярка ауылынан 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылды.
Еліміздегі ет экспортын дамыту мақсатындағы жұмыстар бұл ауданда да жүзеге асу үстінде. Қоянды ауылынан құны 600 миллион теңге тұратын мал бордақылау кешені салынады. Бұл кешен мал қабылдап, оларды семірту жұмыстарын бастамақ. 2016 жылдан бастап нақты жұмысқа кірісетін инвестициялық жобадан үлкен үміт күтілуде.
Ауданда өткен жылы 230 мың гектар алқапқа астық тұқымдары сіңіріліп, одан 315 мың тонна өнім жиналған екен. Бұл өнім аудан тұрғындарын сапалы нан өнімдерімен қамтуға артығымен жетеді. Артылғаны экспортқа қарай бағытталады.
Ауданда кәсіпкерлікке кең өріс ашылды. Мұнда 1,8 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Олар 4,5 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауданда тұратын еңбекке жарамды халықтың 12 пайызы деген сөз. Егер аудан халқының 80 пайызы Астана қаласында жұмыс істейтіндігін ескеретін болсақ, бұл жаман көрсеткіш емес.
Осы ретте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында өткен жылы ғана құны 4 миллиард 631,2 миллион теңге тұратын 4 жобаның мақұлданғанын айтуға болады. Олар құс фабрикаларын салу мен қайта жаңғырту, арнаулы техникалар сатып алу, аудандағы демалыс аумағында жылу желілерін салу жұмыстарына бағытталған жобалар.
Экономика өрге басса, тұрмыс жақсарады
Біздің елімізде жүзеге асу үстіндегі экономикалық жобалардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға, адам өмірінің сапасын көтеруге бағытталып отырғандығы белгілі. Ішкі осы мақсаттың жүзеге асуын Целиноград ауданынан да байқаймыз. Аудан Астана қаласының іргесінде орналасқандықтан, мұнда көшіп келушілер қарасы да мол. Оның үстіне Астана, Алматы секілді ірі қалаларды агломерациялау, яғни осы қалалардың айналасын көркейтіп, ондағы халықтың тұрмысын түзеу мәселесінің төтенше қолға алынып отырғандығы белгілі. Осының әдемі бір көрінісін Целиноград ауданынан да байқауға болады.
Мәселен, 2011-2014 жылдарға арналған Астана қаласының маңайындағы елді мекендерді дамытудың кешенді жоспары жасалып, оны жүзеге асыру ісінің қолға алынуына сәйкес, осы аудан аумағындағы Қараөткел және Қосшы ауылдарынан 1200 орындық екі мектеп, Талапкер, Қосшы, Қоянды, 96 разъезд ауылдарынан 980 орындық 4 мектеп салынып пайдалануға берілсе, Тайтөбе, Қызылжар, 96 разъезд ауылдарында 300 орындық 3 мектептің құрылысы қолға алынды.
Қосшы ауылын Астана қаласының серіктесі ретінде дамыту аясында осы ауылдың өзінде ғана 2,9 миллиард теңгенің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізілді.
Халықты сапалы ауызсумен қамту ісінде де атқарылған шаралар бар. Мәселен, 2013 жылы сумен қамту бағытындағы 4 нысанды қайта жаңғырту мен 5 нысанның құрылыс-сметалық құжаттарын әзірлеуге 1,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Максимовка, Қабанбай батыр ауылдарына баратын сумен қамту желілері қайта жаңғыртылды. Басқа да ауылдарда осыған сәйкес жұмыстар жүргізілді.
Аудан ауылдарын талапқа сай дамыту үшін қазіргі күндері елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Жуықта ғана Қараөткел, Қоянды, Қаражар, Ақмол секілді 8 ауылдың бас жоспарлары әзірленіп бекітілсе, енді Воздвиженка, Семеновка, Новоишимка, Приречное, Төңкеріс, Фарфоровое, Жаңа Жайнақ, Р.Қошқарбаев ауылдарының бас жоспарларын әзірлеу ісі қолға алынып, бұған 32 миллион теңгенің қаржысы бөлінді.
Міне, осындай істердің барлығы аудандағы халықтың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсарта түсумен қатар, көркіне әлем халықтары сүйсіне қарай бастаған Астана қаласының маңайын абаттандыру ісіне де ерекше үлес ретінде қосылатыны түсінікті. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретіндігі анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы.
Суреттерді түсірген:
Владимир БАХМУТСКИЙ.