20 Ақпан, 2014

Депутаттық корпус

402 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Олардың күш-жігері жүйелі де дәйекті жұмысқа бағытталатын болады Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі бесінші сайланымның үшінші сессиясы барысында негізгі назарды заң шығару жұмысына аударып отыр. Ал палата қызметінің негізгі бағыты «Қазақстан-2050» Стратегиясында және Мемлекет басшысының 2013 жылғы 2 қыркүйекте сессияны ашқан кездегі сөзінде белгілеп берген Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарын іске асыру үшін заңнамалық базаны жетілдіру болып табылады. ERA_0275 Бесінші сайланымның үшінші сессиясы басталғалы бері Мәжілістің 21 жалпы отырысы өткізіліп, оларда 49 заң жобасы қаралып, мақұлданды және Сенатқа жіберілді. Олардың 25-і – Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен халықаралық шарттары мен келісімдерін ратификациялау туралы. Осы құжаттар сыртқы саяси және сыртқы экономикалық сипаттағы мәселелердің кең ауқымын қамтиды. Жалпы, осы сайланымдағы Мәжілістің жұмысы 2012 жылғы қаңтарда басталғалы бері Мәжіліс депутаттары 183 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Қазіргі таңда «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында Бюджет және Салық кодекстеріне өзгерістер енгізу, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заңдар қабылданды. Бүгінде палатаның қарауында Қыл­мыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерінің, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жобалары және «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» инновациялық кластері, ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер, кәсіптік одақтар туралы, зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы, меншік құқығын қорғауды күшейту, сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету бойынша маңызды заң жобалары жатыр. Депутаттардың заң шығару қызметінің дәстүрлі негізгі тұстарының бірі –республикалық бюджет туралы заң жобасын қарау болып табылады. Қазақстан Республикасының 2014 – 2018 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық базалық даму сценарийінің және Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының негізінде «2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң қабылданды. Биылғы жылы депутаттар жаңа үш­жыл­дық бюджетті қарау кезіндегі тәсіл­дерді түбегейлі түрде өзгертті. Онда бюджет шығыстарының үнемділігі мен тиімділігі басты назарға алынды. Құжаттың Мәжілісте қабылдануының алдында екі ай бойы әрбір бюджеттік өтінімді мұқият қараумен ұштасқан қарқынды жұмыс жүргізілді. Соның нәтижесінде депутаттар үшжылдық бюджеттің жобасын елеулі түрде пысықтап шықты. 2014 – 2016 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет шығыстарының негізгі басымдықтары: 1) мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау; 2) жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды ұйымдастыруға жәрдемдесу; 3) халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту және тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын сапа­лық жағынан жаңарту; 4) әлеуметтік жаңғырту және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру; 5) өңірлік даму; 6) экономиканы жаңғырту және әртараптандыру; 7) шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау болып табылады. Сонымен бірге, қорғаныс қабілеттілікті, ұлттық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті нығайту және төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою шараларын іске асыру да басым бағыт болып саналады. Жалпы алғанда, бюджеттің әлеуметтік бағдарлы сипаты бар, әлеуметтік шы­ғыс­тар­дың жалпы көлемдегі үлесі 2014 жылы – 39,8%, 2015 жылы – 39,8 %, 2016 жылы – 38,6% болады деп күтіліп отыр. Бұлардан бөлек депутаттар 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға әлеуметтік-экономикалық дамудың макроэкономикалық көрсеткіштерін нақ­ты­лауға байланысты өзгерістер енгізді. Жаңадан енгізілген түзетулер Мемлекет басшысының 2013 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңей­тілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, бюджетке қосымша түсімдерді және игерілмеген бюджет қаражатын ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға жіберу арқылы олардың пайдаланылуын және мемлекеттік бюджеттің тапшылығын азайтуды қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттары Үкімет ұсын­ған өзгерістерді қарау кезінде бюджет қара­жатын жоспарлау мен жұмсау мәселе­лері жөнінде де сын-ескертпелер білдірді. Депутаттар атап өткендей, бюджет қара­жа­тының жұмсалуын талдау министрліктер мен ведомстволардың бюджетті сапасыз жоспарлайды әрі оны атқару кезіндегі тәртіп те төмен. Осыған байланыс­ты Мәжі­ліс депутаттары Үкіметтен мемле­кет­тік бюджетті жоспарлау мен атқару сапасын жақсарту бойынша нақты және нәтижелі шаралар қабылдауды талап етті. Парламент Мәжілісі бұдан кейінгі жұмыста да осы ұстанымды қатаң түрде ұстанатын болады. Бюджет заңнамасын жетілдіру мәсе­лелері жөніндегі заңды іске асыру мемле­кеттік қаржының теңгерімділігі мен бюд­жеттік тиімділікті қамтамасыз етуде маңызды факторға айналады. Онда жергілік­ті бюджеттерді қалыптастыру, бюджет­тік жоспарлау, бюджеттік инвес­тиция­лар, бюджеттiк бағдарламалар әкiм­шiлерінің жауапкершілігі мәселелері қарастырылған. Үкімет әзірлеп, Мәжіліске енгізген қаржылық құжаттардың топтамасында алдағы үш жылға арналған бюджет жобасымен қатар, Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бар. Тұрғын үй мен көлік салықтарының мөлшерлемелерін арттыруды көздейтін осы заң жобасында сараланған тәсіл қамтамасыз етілмегендіктен, ол жұрт­шылық тарапынан да, депутаттар арасында да теріс пікір туғызғанын айта кеткен жөн. Соның салдарынан салық мөлшер­лемелерін арттырудың салмағы аса бай адамдарға емес, ең алдымен қоғамда тұрақтылықты сақтап отырған халықтың орта табының өкілдеріне түсетін болды. Осыған байланысты депутаттар Мемлекет басшысының 2008 жылдың өзінде жыл сайынғы Жолдауында қымбат үйі бар адамдар тиісті салық төлеуге тиіс деп атап өткенін Үкіметтің есіне салды. Мемлекет басшысының осы нұсқауларын ескере отырып, депутаттар тұрғын үй мен көлік салығы жөніндегі нормаларды қайта қарады. Қаржылық (инвестициялық) пирами­далардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңның нормалары азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының, заңды тұлғалар мүдделерінің қорғалу дәрежесін, сондай-ақ, қылмыстық қудалау, прокуратура және сот органдары жұмысының тиімділігін арттырады. Мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заңда тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді кодтаудың ортақ жүйесін әзірлеп, енгізе отырып, сатып алуды жоспарлау және өткізу кезінде міндетті болып табылатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бағаның бірыңғай ақпараттық жүйесін құру, сондай-ақ, электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай операторға аталған жүйені енгізу мен сүйемелдеуді жүзеге асыру жөнінде өкілеттіктер беру көзделеді. Мәжіліс мақұлдаған басқа да маңыз­ды заңдардың арасынан Астана қала­сында «Болашақтың энергиясы» деп аталатын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мен өткізу үшін қажетті нормалары бар заңды атап өту керек. Өйткені, Астанада осындай ауқымды халықаралық іс-шараны өткізу үздік әлемдік энергия үнемдеу технологияларын, баламалы энергия көздерін пайдаланудың жаңа әзірленімдері мен технологияларын тартуға мүмкіндік береді. Бұл көрме, әрине, еліміздің экономикасын жүйелі түрде әртараптандыруға және өндірістік қуаттар мен ғылыми базаны технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға күшті серпін берері сөзсіз. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдықтарын іске асыруға байланысты мәселелер де Мәжіліс депутаттарының жіті назарында тұр. Осы орайда, депутаттар қабылдаған әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңды атап өту қажет. Ол қолданыстағы зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ, жұмыс істейтін әйелдер жүктілігі мен босануына байланысты және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыста болған кезеңде олар үшін міндетті зейнетақы жар­на­ларын субсидиялауды енгізуге бағыт­талған. Еңбек көші-қоны мәселелері бойынша заң да қабылданды, ол шетелдіктердің болуына көші-қон бақылауының тиім­ділігін арттыруға, еңбекші көшіп-қону­шылардың жекелеген санаттарын заң­дастыруға, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарының сақталуын, сондай-ақ, кірістерді алу мен салықтарды төлеу ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәжіліс депутаттары заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің заңнамалық негізін дамыту бойынша да айтарлықтай жұмыс атқарды. Мәселен, 2014 жылғы 22 қаңтарда ішкі істер органдары туралы заң жобаларының топтамасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Осы заң жобаларында министрліктің құзыреттерін орталық аппарат және жалпы ішкі істер органдары ретінде бөлу, олардың міндеттері мен құқықтарын айқындау, заңдылықты нығайтудың құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету мен полицияны оған тән емес функциялардан және мемлекеттік органдардың басқа да функцияларын қайталаудан арылту көзделеді. Сондай-ақ, құқық бұзу­шылықтың профилактикасы, қылмысқа қарсы іс-қимыл, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында ішкі істер органдарында қоғамдық кеңестер мен қоғамдық байқаушы комиссиялардың қызметі пысықталады. Мәжіліс депутаттары 2013 жылғы 25 желтоқсанда жол жүрісі туралы заң жобаларының топтамасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберген болатын. Заң жобалары жол жүрісін ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға, жол жүрісінің процестерін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Құжат жобаларында мүдделі мемлекеттік орган­дардың жол жүрісінің қауіпсіздігін қамта­масыз етудегі құзыреті анықталып, интел­лектуалдық көлік жүйелерін енгізу негіздері белгіленді. Жол жүрісінің қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, әкімшілік айыппұлдарды өз уақытында төлеуге ынталандыратын нормалар енгізілді. «Жол жүрісі туралы» Заңда жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалады, олар бұрын заңға тәуелді актімен – жол жүрісінің қағи­даларымен реттелген болатын. Мә­жі­ліс депутаттары заң жобаларын қарау барысында оларға бірқатар елеулі ұсыныстар мен ескертпелер енгізді. Мысалы, жолаушыларды тасу үшін пайдаланыла­тын және шығарылған жылын қоса алғанда, төрт жылдан аспаған, сондай-ақ, жүргізушінің орнынан басқа отыру орын­дарының саны сегізден аспайтын және бұл ретте автомобиль көлігі саласында кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын көлік құралдары депутаттардың бастамасы бойынша міндетті техникалық қарап-тексеруден босатылды. Депутаттар, сондай-ақ, белгіленген жүру жылдамдығын сағатына қырық шақырымнан астам шамаға асырғаны үшін көлік құралын жүргізу құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазаны отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлмен ауыстырды. Мемлекет басшысының 2013 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүргізушінің көлік құралын мас күйде жүргізгені, көлік құралын жүргізуді мас күйдегі адамға бергені, сондай-ақ, мас күйін анықтау үшін куәландырудан өтуден жалтарғаны үшін жауапкершілігі қатаңдатылады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, жол-көлік оқиғалары болуының нақты қаупін туғызатын және жол жүрісіне барлық қатысушылардың қауіпсіздік деңгейіне тікелей әсер ететін агрессиялық жүргізу әдісі үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша қабылданған заң атқарушылық іс жүргізу саласындағы ұлттық заңнаманың қолданыстағы жүйесін елеулі түрде реформалауға, борыш­кер­лердің сот шешімдерін орындамағаны үшін жауапкершілігін айтарлықтай арт­тыруға, құқықтық актілердің қолданылу тиімділігін, олардың әлеуметтік өмір­шең­дігін арттыруға және осы саладағы сыбайлас жемқорлық көріністерді азайтуға мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаттары қарастырылып жатқан үкіметтік заң жобаларының сапасы мен тұжырымдамалық негіздеріне жоғары талап қоя отырып, өздері де заң шығару бастамасы тұрғысынан белсенділік танытып отырғанын атап өту қажет. Мысалы, депутаттар тобы әзірлеген агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша заң жобасы 2013 жылғы 27 қарашада, халықаралық шарттар мәселелері бойынша заң жобасы 2013 жылғы 18 желтоқсанда, ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы 2014 жылғы 8 қаңтарда мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Қазіргі кезде жұмыста депутаттардың өздері бастамашы болған ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер мәселелері бойынша, балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау жөніндегі заң жобалары жатыр. Жалпы алғанда, өткен жылы Мәжіліс депутаттары 23 заң жобасына бастамашылық жасады, бұл өткен жылдардың көрсет­кіш­терінен 2 еседей көп. Ал Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин­нің айтуынша, алдағы кезеңде Парла­менттің заң шығару жұмысының басты бағдары ел Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» атты Жолдауында айқындап берген басымдықтар болып табылады. Осы стратегиялық құжатты іске асыру мақсатында депутаттық корпус Үкі­мет­пен өзара іс-қимыл жасай отырып, инно­вациялық индустрияландыруды жүргізуге, ғылыми қамтымды экономика құруға, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуге, әлеуметтік жаңғыртуды одан әрі жүзеге асыруға, мемлекеттік инсти­тут­тардың жұмысын жетілдіруге бағыт­талған сапалы заңдар қабылдауды қамта­масыз етеді. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулин атап өткендей, депутаттық корпустың бүкіл күш-жігері Мемлекет басшысының бағытын одан әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша жүйелі де дәйекті жұмысқа бағытталатын болады. Бұл бағыт – нақты жұмыс бағдарларын айқындап қана қоймай, ортақ істің табысты болуына нық сенім ұялатады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».