Қазақстан • 29 Қазан, 2021

Энергетика министрлігінің басқарма басшысы сотталды

501 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданы бойынша № 2 сотында Энергетика министрлігі басқармасының басшысы Нұрбек Амангелдіұлына қатысты пара алу фактісі бойынша үкім жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Энергетика министрлігінің басқарма басшысы сотталды

Нұрбек Амангелдіұлы газ желісі ұйымдарының өкілдерінен жалпы сомасы 6,3 млн пара алды деген күдікке ілінді. Ол 2020 жылдың 16 қарашасынан бастап қамауда болды.

«Сот Нұрбек Амангелдіұлын қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тануға және мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен оған 8 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға үкім шығарды», деп оқып берді судья.

Нұрбек Амангелдіұлы қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын үкім заңды күшіне енгенге дейін сол күйінде қалдырды. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.

Сот сондай-ақ «SK LTD KZ» ЖШС газ желісі ұйымының директоры Б. Б. Утаровқа үкім шығарды.

Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 2-бөлігінде (Пара беру) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот жаза тағайындау кезінде екі сотталушыға қатысты заңда (ҚК-нің 53-бабы) көзделген жеңілдететін мән-жайлардың жоқ екенін ескергені хабарланады.