Қоғам • 29 Қазан, 2021

Ербол Іргебай атындағы қазақ тілі кабинеті ашылды

1376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда Ербол Іргебай атындағы қазақ тілі кабинеті ашылды. Шара Ербол Ісләмұлын еске алу құрметіне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ербол Іргебай атындағы қазақ тілі кабинеті ашылды

Ербол қазақ тілі кабинеті мектептегі Абай кітапханасы, Алаш тарих кабинеті, Мұхтар мәжіліс залы, Мағжан дәрісханасы, Шоқыр спорт залы, Қайым мұражайынан кейінгі тұлға атымен аталатын кезекті кабинет. Аталған кабинеттердің бәрі «Ұрпақтар сабақтастығы» деп аталатын үлкен жобаның құрамдас бөлігі. Абай-Алаш-Мұхтар-Қайым-Ербол тізбегі – буындар жалғастығымен үзілмей келе жатқан ұлттық идеяның, алаш рухының сабақтастығын айқындайды. Мектеп өз миссиясына «ұлттық тәрбие, төл таным, қазақы құндылық» ұстанымын ұстын ете отырып, алаш зиялыларынан қалған асыл мұраны жаңғыртуды көздейді. Мағжан, Жүсіпбектерден жеткен ұлттық педагогиканы тұғыр ретінде ұстанады.  

Аталған қазақ тілі кабинеті белгілі қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, абайтанушы, қайымтанушы ғалым,  «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің,  «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Тіл жанашыры» төсбелгілерінің иегері және «Халық сүйіктісі» республикалық байқауының жеңімпазы Ербол Ісләмұлы Іргебайдың атына беріліп отыр. 

в

«Ербол Ісләмұлы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз. Ол сондай-ақ астанадағы оқу ісін ұйымдастыруда да елеулі үлес қосқан қайраткер. Атап айтқанда, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп, әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия қатарлы оқу орындары мен арнаулы мекемелерде басшылық қызмет атқарып, осы мекемелердің қазіргі аталып отырған тұлғаларының есімін алуына тікелей ықпал етті. Бала тәрбиесінің бағбаны 2021 жылы соңғы жұмыс орны №90 гимназияны басқарып тұрған мезгілде дүниеден қайтты»,  дейді ұйымдастырушылар.

 Шараға Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшылары, астанадағы орта оқу орындарының директорлары және ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, Е.Іргебайдың жары Қымбат Мұқанқызы мен өзге де туған-туыстары қатысты. Сонымен бірге  Е.Іргебай өмірі мен өнегесін арқау еткен деректі фильм көрсетілді.