Пікір • 01 Қараша, 2021

Қаржы пирамидасы: Тұзаққа түсірудің жолы қандай?

1444 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заман ағымына қарай алаяқтық қылмысы сан түрленіп, мың құбылып тұр. Бүгінде нарық пен маркетингтің әліпбиін мықты меңгеріп алғандар «аңқау елге арамза молданың» кебін киіп жүр. Алаяқтықтың көбейгенін айтып, азаматтардың наразылығының артқанын ескерткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген еді. Өйткені елімізде жіліктің майлы басын ұстап, соңынан ергендерді соқыр сеніммен алдап жүргендердің саны азаяр емес.

Қаржы пирамидасы: Тұзаққа түсірудің жолы қандай?

Күні кеше ғана 70-ке жуық қара­ған­дылықты 52 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен қаржы пирамидасын құрушыға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Инвестициялық бағдарлама туралы жалған ақпарат таратып, «салған ақшаны аз уақытта екі есеге көбейтіп табысқа кенелесіз» деп талайды алдап соққан 34 жастағы жігіт 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылдан бері «қаржылай сауатты әрі өте тиімді құрылған» маркетингтік жоспарының арқасында ол 67 адамның 51 миллион 435 мың теңге ақшасын «кейбір компаниялардың акцияларын сатуға» деп ортақ есепшотқа салдырып алып, тайып тұрған. Осы ақпаратты айтып ауыз жұмғанша Алматы жақтан тағы бір шу шықты. Бұл жолы 160 салымшының Mudarabah Capital компаниясы арқылы Аstex.kz ЖШС-ге 2 миллиард теңгеден астам ақша аударғаны белгілі болып отыр.

«Тиімді исламдық инвестициялар» туралы айтып, талай адамды табысты болуға иландырып, «Сенімді ұшу» деп ұрандатқан қаржы ұйымының жарнамасын елге танымал вайнерлер – Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов пен Әзім Саидбаев жасаған. Бүгінде әр қалжыңының астарында қаржы мен табысты көздейтін жарнамасы «жылтыңдап» жүретін бұл вайнерлердің Instagram парақшасына кемінде 3-4 миллион халық тіркелгенін ескерсек, әлі талай адамның қаржы пирамидаларының тұзағынан аман қалмайтынын болжай беруге болады. Өйткені қазір танымалдарды тарту арқылы «сенімге кіру» сәнге айналған. Және бұл – бірінші рет анықталып отырған жайт емес.

Бұдан бұрын да Instagram-ында
4,3 миллион «халқы» бар Баян Ала­гөзова дәл осы басы даудан арылма­ған Аstex компаниясын жар­нама­лап: «Бұл Қазақстандағы жалғыз компания, соның арқа­сын­да тендер­лік жобаларға инвес­тиция салып, тә­уекелге бармай-ақ ақша табуға болады» деп жал­пақ жұртқа жария салған болатын. Әлеуметтік желіні шарлап кеткен бейнежазбада жұртқа белгілі ол ақша салу мәселесіне келгенде осы компанияның құрылтайшылары – ағалы-інілі Алмас пен Шыңғыс Құрманғалиевтерге сенім артатынын айтқан болатын. Естеріңізде бол­са, өткен жылдың ақпан айында Қазақстанның бірнеше қаласында «Гарант 24» және «Estate Ломбард» секілді компанияларының айналасында айқай-шу шығып, жүздеген салымшы салған ақшаларын қай­тара алмай қиналғанда да вайнер Мейіржан Төребаев пен әншілер Айқын Төлепберген, Ернар Айдар, сондай-ақ актерлер Асылхан мен Ар­тур Төлеповтердің «жарнамаларына сеніп қалдық» деп ағынан жарылып еді. Ең өкініштісі, өнер адамдарының қаржы пирамидаларын жарнамалауын ауыздық­тау оңайға соқпай тұр. Әсіресе әлеуметтік желі бүгінде «қы­руар қаржыға қарық қыламын» деген алаяқтардың арам ойын іске асыруда ең оңтайлы әрі тиімді алаңына айналып үлгерген. Бұған қарапа­­йым халықтың қаржылық сауатының тө­мендігі мен оңай жолмен ақша та­буға құмарлығын қосыңыз.

Бізде қазір 1-2 адам қаржы пирамидасын құрады. Ал қалғандары салымшыға айналады. Яғни құр­банына. Пирамиданың биігінде тұр­ғандар қалтасын қалыңдатқан соң, шетелге қашып кетеді. Зар қақ­сап қалатын – тағы сол «тез әрі оңай баю­ға» асыққан аңқау халық. Қаржы пи­ра­мидасын құру қалай оңай бол­са, оның күйреуі де тез. Ал бұл жер­де­гі ең қуатты қару не, білесіз бе? Ол – жар­нама, үгіт-насихат! Яғни адам­ның сеніміне кіру. Қазір сенімге кіріп, бар ақшасын «инвестицияға салдыру» ғасыр алаяқтығына айналып келеді.

Жыл басталғалы бері елімізде 20 мыңға жуық адам қаржы пира­ми­да­ларының құрбанына айнал­ған. Олар қазір 21 млрд теңге­ден астам ақша­­сын қайтара алмай, сот­тың табалды­ры­ғын тоздырып жүр. ІІМ Тергеу де­­партаменті­нің басқарма басшы­сы Фархат Ома­ровтың мәлімдеуін­ше, биылғы 9 айда қаржы пирамидаларына қатысты 359 қылмыстық іс тіркеліп, оның 196-сы сотқа жол­дан­ған. Ал ІІМ Криминалдық поли­­ция департаментінің басқарма бас­шысы Абай Ерғалиев елімізде инвес­ти­циялық пирамидаларды құрып, арам ойын іске асырғаннан кейін ше­телге қашып кеткен 23 адамға ха­лықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады. Полиция полковнигінің айтуынша, олардың барлығының үстінен Қылмыстық кодекстің 217 – «Қар­жылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшы­лық ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Халықаралық іздеу­де жүрген әр күдікті бойынша олар­дың орналасқан жерін анықтау және ұс­тау мақсатында қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Мұндай ауқымды операциялар нәтижесіз де емес. Мәселен, жақында ғана ТМД елдерімен бірлесіп жүргізген «Іздестіру» жедел іс-шарасы барысында қаржы пирамидасына қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаға­ны үшін Алматы қаласының Полиция департаменті іздестіріп жатқан екі қазақстандық Мәскеу қаласында ұсталды. Ұсталғандардың бірі – филиал директоры болған 26 жастағы келіншек. Қазақстанда 2018-2020 жылдары қаржы пирамидасын құрған ол 3 мыңнан астам салымшының ақшасын қалтасына басып, елден ке­тіп қалған», деген ІІМ өкілі қазір­гі уақытта ұсталғандарды қылмыс­тық жауап­кершілікке тарту үшін елі­мізге экстрадициялау мәселесі қарас­тырылып жатқанын да айтып өтті.

Қазақстан заңнамасында қар­жы­лық пирамида құру және оған бас­шылық жасауға қатысты арнайы норма 2014 жылдан бастап енгізіле бастады. Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес осындай құқық бұзу­шылыққа барған адам жасаған қылмысының ауырлығына қарай айыппұл төлеуі, не қоғамдық жұ­мыс­тарға тартылуы, болмаса бас бос­тандығы шектеліп, бүкіл дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін. Жа­заның ең ауыр түрі – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру. «Қаржы пи­рамидаларын құру кезінде алаяқ­тар көбінесе қандай амал-тәсілдерді қолданады?» деген сұрағымызға жан-жақты жауап берген полиция пол­ковнигі Фархат Омаров: «Ең алды­мен олар өздерін нарықта та­бы­сы өте жоғары, инвестициялар сала­сындағы мықты компания ре­тін­де көрсетеді. Көздегендеріне жету мақсатында тіпті «сәтті жобаны» да «іске асырып» тастайды. Әдетте мұн­­дай компаниялар «перспективалы бизнес», «жоғары технологиялық компания», «инновациялық жоба» деген секілді қазіргі заманға сай та­нымал әрі тартымды атауларды өте сауатты қолданады. Ең бастысы – салымшылардың сеніміне кіріп ал­ғаннан кейін оларды өте тиімді жо­баларға, қор биржаларына немесе табысы екі, кейде тіпті 3-4 еселеніп келетін өндіріске ақша салуды ұсына бастайды», дейді.

Қазір адамдардың көбі өздері ізденгеннен, еңбектенгеннен гөрі, біреудің айтқанымен жүргенді құп көретін болып кетті. Оның үстіне ақшаны санаулы күннің ішінде бір­неше есе көбейтіп алуға деген «құл­шыныс» қарапайым қауіпсіздік шараларын қалтарыста қалдырады. Ф.Ома­ров барлық қолжетімді әлеу­меттік желілер мен мессенджерлер арқылы осы жобаның жарнамасы жаппай жүргізіле бастағанда қаржы пирамидаларының құрбандары бірі­нен соң бірі тұзаққа өздері келіп түсе бастайтынын да ашық мәлімдеді. «Ірі қаржы пирамидалары халық се­німіне кіру үшін арнайы кеңселер ашып, мессенджерлерде топтық чат­тар құрады. Бұл да – жан-жақты тек­серілген әрі адам психологиясына әсер ететін тәсілдердің бірі. Осы­дан кейін карточкалық немесе элек­тронды шоттарға ақша жи­нау жүргізіле бастайды. Кей аза­мат­тар­дың жылжымалы немесе жыл­­жы­май­тын мүлкі белгілі бір уақыт­­­тан кейін жоғары дивидендтер төле­неді деп уәде беріп қабылда­нып та жа­тады. Дивидендтерді төлеу өз қа­ражатын бірінші салған аза­маттарға пи­рамидалардың жұмыс істеуінің соңғы кезеңінде салған азаматтардың ақшасы есебінен жүргізіледі. Бұл енді баршаға белгілі жайт. Бірақ өкінішке қарай, адамдар әлі де қаржы пирамидаларына сенеді», дейді ол.

ТҮЙІН. «Қаржы пирамидаларын құру үшін екі-ақ нәрсе қажет: 1-2 алаяқ пен миллиондаған ақымақ». Расымен, алаяқтардың ашкөздігі мен кей адам­дардың ақымақтығы бұл мәселенің өзектілігін әлі де жоймай келеді. Бұл жер­де аз ақша­мен түк істемей байып кетем деген адамдардың аңғалдығы да, «сенімге кіру» деген ғасыр алаяқтығының қыр-сырын мықтап меңгерген қар­жы пирамидаларын құрушылардың «кәсібилігі» де көп қаржы табуды көздейді. Ал ақша оңайлық­пен келмейді. Осыған шынайы көз­қараспен қарама­йынша қаржы пира­мидаларының тұзағы ұзара түспесе, қысқармасы анық.