Бағдарламалар • 31 Қазан, 2021

DigitEL: Цифрлы өркендеудің жолы

442 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Цифрлы трансформация арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, тиімділігін арттыру, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдау, сондай-ақ цифрлы инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді техно­логиялық өнімдердің есебінен жақсарту. Осындай өр мақсатты орындау үшін Үкімет «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен техно­логиялық серпіліс» Ұлттық жобасын қолға алды.

DigitEL: Цифрлы өркендеудің жолы

Ұлттық жоба 10 бағыттан тұрады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің пікіріне сүйенсек, Ұлттық жоба 10 бағыттан, 26 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады. Оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған.

«Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген. Біріншісі – цифрлы трансформация. Нақты айтсақ, қызметтерді 5 минуттың ішінде көрсету, IT саласын дамыту, халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет құру, қолайлы өмір сүруге арналған цифрлы құралдарды қолдану, технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту, сол секілді сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарынан тұрады. Екіншісі – ғылым. Яғни ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту. Бұл дегені­міз, ғылыми экожүйенің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру, еліміздің дамуындағы ғылым­ның үлесін ұлғайту, ғылым-өндіріс-бизнес тізбегінің сәтті жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және ғылым­дағы әкімшілік үдерістерді жетілдіруді білдіреді», деді Б.Мусин.

Министрдің айтуынша, бұл жобаны іске асыруға шамамен 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген. Оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, 800 млрд теңге жеке инвес­тициялар есебінен қарастырылады.

 

100 мың маманды даярлау міндеті қойылды

«ІТ-индустрияны жолға қою үшін негізгі үш мәселеге басымдық берілуі тиіс. Атап айтқанда, адам капиталын дамыту, жобаларды акселерациялау және қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету. Егер де осы айтылғанның барлығы жүйеге келтірілсе, онда Президенттің 2025 жылға дейін IT қызметінің экспортын 500 млн долларға дейін жеткізу туралы тапсырмасын толығымен орындауға болады», дейді жауапты ведомствоның басшысы.

Ұлттық жоба аясында адам капиталын дамыту бағытында «виртуалды мұғалім» ұғымы енгізілмек. Біріншіден, бұл ақпараттану (информатика) және бағдарламалау бойынша тәлімгерлерге, әсіресе, осындай мұғалімдер тапшы ауыл­дарға қатысты. Қазір қанатқақты жоба Шығыс Қазақстанның 150 мек­тебінде сәт­ті жүзеге асырылуда. Сондық­тан оны басқа өңірлерде де жалғасты­ру көзделіп отыр.

«Қашықтыққа қарамастан оқушы­лар ақпараттану және бағдарламалау бо­йынша сапалы білім алу үшін екі жыл­дың ішінде жоғары білікті мамандар даяр­лауға қабілетті 20 инновациялық бағ­дарламалау мектебі құрылады. Елімізде осындай екі мектеп жұмыс істейді. Бүгін­де оның түлектері жаһандық BigData компанияларында жұмыс істеп жатыр. Инновациялық мектептердің дамуын ынталандыру үшін 20 мың вау­чер бөлініп, олар дәл осы мектептер­де тегін оқуға мүмкіндік беретін болады. Оған тек студенттер ғана емес, сон­дай-ақ мамандығын өзгертіп, IT-дағды­ларын меңгеруге құштар кез келген адам түсе алады. Бүгінде жоғары оқу орындар шығаратын түлектер біздің сұранысымызға сай келе бермейді. Бұл біздің ортақ проблемамыз болғандықтан Білім министрлігімен бірлесіп, 50 IT-факультетті бейінді оқу орындарына немесе қалыптасқан IT-компанияларға беру бойынша ортақ жұмыс жүргізіледі», деді Б.Мусин.

IT экспортын ынталандыру үшін ве­домство шығындарды өтеуге де ниет­ті. Айталық, «Бәйтерек» қорының осы са­­лаға арналған бағдарламалары да жоқ емес. Бұған қоса шетелдегі қанат­қақ­ты жобаларды да субсидия­лап, іске қо­су жоспарланған. Құзырлы орган тың тех­ноло­гия­лардың мүмкін­дігін пысық­тайтын арнайы сынақ алаң­да­рының болуы да маңызды екенін айтады.

 Интернеттің сапасына мән беріледі

Сапалы интернет және ақпараттық қауіпсіздік» бағытына сәйкес қалалар­дағы интернеттің жылдамдығын секундына 10 мегабитке дейін жеткізу меже­сі қойылып отыр. Әйтсе де Б.Мусин ауыл­­дық жерлердегі интернеттің сапа­сына байланысты проблемалардың әлі де толығымен шешілмегенін жоққа шығармады.

«Қазір шамамен 5 163 елді мекенде интернет бар. Алайда 768 ауылда оның сапасы өте нашар. Биыл 400-ден аса тексеру жүргізіліп, 92 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. 3-4 айдан кейін осындай жағдайлар қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге ұлғаяды. Бүгінде айып­пұл мөлшерін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін көтеру мәселесі қарастырылуда. Сондықтан операторлар интернет сапасын арттыруға баса мән береді деп ойлаймыз», деді министр.

 Мемлекеттік қызмет алудың жаңа үрдісі

Мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру мақсатында «5 минут ішінде көрсетілетін қызметтер» бағыты іске асырылып, халыққа қызмет көрсетудің тиімді жолдары ұсынылады.

«Жеке қатысуды талап етпейтін қызметтер цифрлы форматта көрсетіле бастайды. Мысал келтірсек, бір баспанадан екіншісіне көшу тек құқықты рәсімдеумен ғана шектеліп қоймайды. Мұнда телефонды орнату, түбіртектерді өз атыңызға ауыстыру сынды жұмыстар бар екенін білеміз. Цифрлы қызметтер осындай өмірлік жағдайға бейімделуі тиіс. Цифрлы архитектура мен үрдістер клиенттік тәжірибе негізінде, сондай-ақ мемлекеттік органның ғана емес, өмірлік жағдай тұрғысынан құрылады», деді Б.Мусин.

Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді жылдам және сапалы алу мақсатында бейнебайланыс жүйесі енгізіледі. Кез келген азамат белгілі бір жағдайға байланысты цифрлы технологияларды қолдана алмай жатса, смартфонға ХҚО қосымшасын жүктеп, бейнеқоңырау арқылы қызмет ала алады. Алдағы уақытта ХҚО сервистік модельге көшіп, операторлар тек кеңестер ғана беріп отырады деп қарастырылуда.

Министрлік 2025 жылға қарай бар­лық мемлекеттік қызмет 100% смартфон арқылы қолжетімді болатынын алға тартып отыр. Ұлттық жобада көзделген басты мақсат та осыған саяды. Демек цифрлы құралдар қазақстандықтар­дың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолға­быс етіп, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға септесуі тиіс.

«Мәселен, өкпе аурулары немесе әйел адамдарының денсаулығын диаг­ностикалау кезінде науқастың суретін түсіру ғана жеткілікті болады. Оның деректері географиялық орналасуға қарамастан маманға жіберіледі. Оған тек елорданың ғана емес, еліміздің кез келген өңіріндегі дәрігер тексеру нәти­желерімен танысып, диагноз қоя алады. Жасанды интеллект талдау жасап, науқасқа өзі ұсыныстар береді. Міне, осындай технологияларды бес жыл ішінде енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оқу процесін цифрландыруға келсек, оқушыларға ауыр оқулықтарды өздерімен алып жүру қажеттілігінен босатып, цифрлы портфелмен жұмыс істеуге мүмкіндік бермекпіз. Сондай-ақ қалаларда 150 мың бейнекамера орнату жоспарланған. Бүгінде бейнекамералар заң бұзушылықтардың алдын алып, анықтауға септігін тигізіп келеді. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік мәселесін одан әрі жетілдіруге жол ашып отыр», деді ведомство басшысы.

Пандемия кезінде оқу процесінің онлайн форматқа ауысуы қажетті инфра­құрылымға қаншалықты жүк түсетінін анық байқатты. Сол себепті ықтимал тәуекелдерді ескеріп, Ұлттық жоба шең­берінде мектептерді 100 мб секундынан төмен емес интернетпен қамтамасыз ету көзделуде.

Естуші және тиімді мемлекет тұжы­рымдамасын іске асыру мақсатында мемлекеттік сектор ішіндегі процестерді оңтайландыруға, мемлекеттік органдармен байланыс үшін халықты құралдармен қамтамасыз етуге, мемле­кеттік құрылымдардың жұмысын күрделендіретін құжат айналымын төмендетуге бағытталған бірқатар жоба­ны іске асыру бойынша жұмыс жалғасын табады.

«Естуші және тиімді мемлекет» үшін­ші бағыты бойынша азаматтармен тікелей диалог орнату үшін «Е-петиция», «Е-өтініш» және тағы басқа тетіктерді құру маңызды, кез келген азамат бұған смартфон арқылы өз бағасын бере алатын болады. Мемлекеттік аппарат ішіндегі процестерді күрделендіретін құжат айналымын 50%-ға төмендету көзделген. Тиімділікті арттыру үшін процестерді, мысалы, жобалық басқару бойынша мемлекеттік құрылымдар арасында артық хат алмасуды қажет етпейтін заманауи проджект-менедж­мент құралдарында жүзеге асырамыз», деді Б.Мусин.

Тәуекел аймақтарды анықтау немесе кедендік бақылауда көмек көрсету бойынша «жасанды интеллект» ұлттық жоба аясында енгізіледі. Десе де министрліктің міндеті мемлекеттік деректер қорының интеграциясын 100% қамтамасыз етіп, цифрландырудың платформалық моделін пайдалану екен.