Экология • 31 Қазан, 2021

Қалдықты өңдеу – қоршаған ортаға қамқорлық

809 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

26 қазан күні Орал қаласында Uralsk Green Forum (UGF) халықаралық экологиялық форумы өтті. Бұл шараны «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі төртінші мәрте ұйымдастырып отыр.

Қалдықты өңдеу – қоршаған ортаға қамқорлық

«Қалдықты игеру – Батыс Қазақстан облысын тұрақты дамытудағы маңызды фактор» атты ұранмен өткен жиынға еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық рет­теу және бақылау комитетінің төр­аға­сы Зұлфұхар Жолдасов, салалық министрліктер мен ведомстволар жетек­шілері, Парламент Мәжілісі депутаттары, жасыл трансформация саласындағы сарапшылар, қалдықты қайта өңдеумен айналысатын өңірлік компания басшылары қатысты.

– Бұрын «ата-бабамыздан аманат болып қалған ұлан байтақ жерімізді сақтап қалуымыз керек» деген кезде еліміздің сыртқы шекарасын ойлап тұратын едік. Бүгінде бұл ұғымның мән-мағынасы өз­гер­ді. Енді еліміз бен жеріміздің шекарасын ғана емес, экологиясын, табиғи қалпын сақтау қажет екенін түйсіндік. Топырағымыз құнарлы, суымыз мөлдір, ауамыз таза болмаса, біздің басқа барлық әрекетіміз, еңбегіміз бекерге шығуы мүм­кін. Сондықтан бүгінгі форумның мақсаты – экология мәселесіне тағы да бір назар аудару, нақты істермен оны қолдау. «Қазақстанның ең таза өңірі» деген атағымызды сақтау, өңірге ке­ліп жатқан инвестиция бағытын жасыл экономикаға бұру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі, – деді форум жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Қазірдің өзінде облыста қалдықты өңдеу, экологиялық таза өнім шығару мақсатында оң өзгеріс көрінеді. Мұны форум аясында өткен қалдықты қайта өңдеумен айналысатын жергілікті компа­ниялардың арнайы көрмесінде байқадық.

ҚПО б.в. альянсының Бас директоры Джанкарло Руюдің айтуынша, компания экологиялық жауапкершілікке ерекше мән береді.

– Біз өз қызметімізді тұрақты дамуды қамтамасыз ететін тиімді, сенімді және қауіпсіз өндіріс, әлеуметтік және экологиялық проблема­ларға жауапкершілікпен қарау негізінде жүзеге асырамыз. UGF экологиялық форумы – қалдықты реттеу саласындағы экологиялық заңнаманың жаңа прин­­­­цип­терін, өңірдегі «жасыл» инвести­ция­ларды дамыту мәселелерін талқы­лай­тын мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог алаңы, деді ол.

– Қарашығанақ Петролиум Оперей­тинг компаниясы әу бастан Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өтуіне ауқымды үлес қосып келеді. Біз бұл істі жалғастырып, өз қызметімізде қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі мәселелеріне баса назар аударамыз. Қалдықтарды реттеу – ҚПО жасыл трансформациясы бағдарламасының ажырамас бөлігі. Компания қалдықтарды реттеу саласында ең озық технология мен әдістерді қолданады. Мақсатымыз – өз нысандарымызда қалдықты қайта өңдеу, полигондарға қалдық тастаудың көлемін кемітіп, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту», – деді өз сөзінде ҚПО Бас директоры Д.Рую.

Еліміздегі экологиялық ахуал, тұр­мыс­тық және өндірістік қалдықтарды реттеу мәселесіне тоқталған З.Жолдасов Қазақстан бойынша жыл сайын 4,5 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық шы­ға­тынын, оның 80 пайызы еш өң­дел­мес­тен бірден полигондарға тасталатынын айтты.

Ал Батыс Қазақстан облысында биыл­ғы 9 ай ішінде былтырғымен са­лыс­тырғанда 8,296 мың тонна қатты қалдық артық шығарылған. Әсіресе Орал қаласында жеке тұрғындар мен кәсіпорындардан шығатын қалдық артып келеді. Орал қаласында 1975 жылы, Ақсай қаласында 1986 жылы пайдалануға берілген ең үлкен қос полигонның да пайдалану мерзімі әлдеқашан өткен. Қалдықты жерлеу технологиясы жиі бұ­зы­­лады, мұндай жерлер жиі өртеніп, жеңіл қоқысты жел ұшырып, бықсып жатады.

Облыс аумағындағы екі қаланың жағдайы осы болса, 206 ауылдық қоқыс алаңдарының жобалық құжаттары жасал­маған. Қалдықтарды көметін шұңқыр жоқ. Қалдықты сұрыптап, өңдейтін ша­ғын инфрақұрылымдар жеткілікті дамымаған.

– Бұл мәселені кешенді түрде шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мен Батыс Қазақстан облысы әкімі арнайы Жол картасын бекітіп, 17 бағытта іс-шараны қолға алды. Мұның ішінде қалдықтарды реттеу мәселесі де бар, – деді З.Жолдасов.

Осыған сәйкес, таяу болашақта Орал мен Ақсай қалаларында жаңа полигон құрылысы салынбақ. Сондай-ақ жоспарланбаған, бұрын бүлінген қоқыс алаңдарын тазарту, Орал қаласында кәріз суын тазарту қондырғысы коллекторын ауыстыру көзделген.

Елде экологиялық ахуалды сауықтыру үшін қабылданған тұжырымдамада «жасыл экономикаға» көшудің кезең-кезең­ге есептелген нақты межелері де бар. Мысалы:

– 2030 жылға қарай өңірдегі барлық қалдықтың 40%-ы, ал 2050 жылға қарай – 50%-ы қайта өңдеуден өтуі тиіс;

– 2030 жылы тұрғындардың қоқыс қалдығын шығару толығымен орталық­тандырылуы керек;

– 2030 жылы тұрмыстық қатты қалдық полигондарының 95%-ы экологиялық талаптар мен санитарлық ережеге сай болуы қажет.

Әрине, бұл межеге жету оңай емес. Тіпті ел азаматтарының жаңа көзқарасы, мәселені тың түйсінуі керек-ақ. Ел Прези­денті 2021 жылы 2 қаңтарда қол қойған жаңа Экологиялық Кодекс биыл екінші жартыжылдықтан бастап күшіне енді. Не өзгерді?

Ең әуелі, қалдықты игеру бойынша мем­лекеттік реттеу қолға алынды. Бұрын­ғы Экологиялық кодексте қал­дық­тар­мен жұмыс істейтін мекеменің жұмысы толық реттелмеген еді. Енді қалдықты жинап-жоятын және қайта өңдейтін кәсіпорындар арнайы лицензия бойынша қызмет етеді. Арнайы реестрге тіркелмей, бұл іспен айналысуға тыйым салынды. Жоспарланбаған жаңа қоқыс алаңдары пайда болмауы үшін қалдық таситын көліктерге GPS датчиктері орнатылды.

Екіншіден, тұрмыстық қалдықты бірден сұрыптап жинау – «құрғақ» (қа­­ғаз, картон, металл, пластик және әй­нек) қалдықты бөлек, «ылғал» (тамақ қал­дығы, органика т.б.) қалдықты бөлек жинау талап етіледі. Бұл мәселеде жер­гілік­ті атқарушы органдардың өкілетіне та­рифтерді бекіту, тендер байқауын ұйымдастырып өткізіп, келісімшарттар жасау; коммуналдық қалдықтарды рет­теудің бағдарламасын жасау; өңделетін қалдықты, шикізаттарды қабылдайтын контейнер алаңдарын ашу, жер телімін бөлу сынды мәселелер беріліп отыр.

Оралда өткен жиынға қатысқан делегаттар Uralsk Green Forum (UGF) халықаралық экологиялық форумының айрықша тиімділігін атап өтті. Олардың айтуынша, қатысушылардың жоғары сарапшылық деңгейі күн тәртібінде тұрған мәселелерді жан-жақты талқы­лауға септігін тигізді. Атап айтқанда, Eicon компаниясының тұрақты даму бойынша сарапшысы Сергей Цой эко­ло­гиялық міндеттерді шешу өңірдің тұрақты әлеуметтік және экономикалық да­муының негізі екенін алға тартты.

«Тұрақты дамуға ірі бизнестің қаты­суынсыз қол жеткізу мүмкін емес. ҚПО өзін бұл тұрғыда сенімді серіктес ре­тін­де дәлелдеген компания және осы форумның өткізілуі де соның бір дәлелі», деді С.Цой.

Форумда көтерілген барлық маңызды мәселе болашақ жұмыста ескеріледі. Яғни нақты шешімдер мен шаралар қабылдау үшін кеңес беру жүргізілмек. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысының тұ­рақ­ты даму стратегиясын дайындау ке­зін­де өзекті мәселелер бойынша қабыл­данған форумның барлық шешімі назарға алынады.

 Батыс Қазақстан облысы