Аймақтар • 01 Қараша, 2021

Ұлттық жобаның маңызы ерекше

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Атырау облысының қоғамдық кеңес мүшелерімен, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, облыс әкімдігінің активімен кездесті. Биыл қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіру бағытында қабылданған заңнамалық түзетулерге тоқталып, заңнамалық өкілеттіктерді ел игілігі үшін белсенді әрі тиімді пайдаланудың маңызы туралы айтып берді.

Ұлттық жобаның маңызы ерекше

Министр зиялы қауым өкілдерімен кездесуде 20-дан аса көрсеткіш пен 60-тан астам ірі іс-шараны қамтитын «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын таныстырып, оның негізгі үш бағыты бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады. Бұл – елдің зияткерлік әлеуеті мен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, «Ел рухы» атты мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыруға байланысты шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» аталатын жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау бағыты.

– Атырау өңірі – қай кезде де қазақылығын жоғалтпаған, ұлттық салт-дәстүрге берік, руханияты жоғары мекен. Біз қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен тарихымызды түгендеп, көптеген оқиғаға жаңаша баға беріп жатырмыз. Осы орайда ел тарихын түгендеп, руханиятын көтеретін, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беріп, дұрыс жол көрсететін ел зиялыларының қолдауы қажет. Өйткені Мемлекет басшысы ұлттық интеллигенцияның рөліне ерекше көңіл бөліп отыр. Сол себептен Ұлттық жобаны өңірлерде де жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді министр.

Министрдің айтуынша, ұлттық интеллигенция еліміздің дамуына айрықша үлес қосып келеді. Олар бұған дейін ағартушылық қызмет арқылы жастарымызды, тұтас халқымызды алға жетеледі. Қазіргідей ақпараттық тасқын дәуірінде бала санасына мультфильмдердің әсері жоғары болып отыр. Сол себептен ұрпақ тәрбиесіне қатысты маңызды саланың бірі – танымал балалар арналарын қазақша сөйлету. Мәселен, ауқымды жобалар аясында TiJi, Disney арналарының мультфильмдері қазақ тіліне аударылады. Мұндай жобалар балалар контенті алаңының мемлекеттік тілдегі сапалы материалдармен толығуына ықпал етеді.

– Биылғы 1 қазаннан Түркістан облы­сының шекаралық аймағында орналасқан 30 елді мекенге «Шалқар» радиосы, Шығыс Қазақстан облысындағы екі шекаралық ауылға «Қазақ радиосы» тарала бастады. Енді 2025 жылға дейінгі бекітілген ұлттық жоспарға сәйкес, елімізде 300 елді мекенге радио желісі жетеді. Желтоқсанның соңында және алдағы қаңтар айының басында Жәңгір хан, Қаныш Сәтпаев, Роза Бағланова сынды тарихи тұлғалар жайлы 6-7 фильм шығарылады. Сондай-ақ Дина Нұрпейісова, Ермек Серкебаев туралы фильмдер түсіріледі, – деді министр А.Балаева.

Министр Жылыой ауданының тұрғын­дарымен кездесіп, осындағы Ақмешіт қорымына барды.

 

Атырау облысы