Бағу мерзімі аяқталғанымен ұқыпты шаруа ауа райы жайлы болса жайылымын ерте жеп қоймас үшін малын енді еркін жайылымға жібереді. Мұндайға әсіресе биылғы күз қолайлы болып тұр. Қараша туып қалғанымен күн әлі қоңыржай, жер әлі қатқан жоқ. Жаздың жартысынан асып барып жауған жауын-шашын да малдың отын да әбден жетілдірген. Қазір орманның қойнаулары түгіл ашық даланың шөбі тұнып тұр. Мұндайда солтүстіктік шаруа «даланың оты тұнып тұрған қызыл іңірден малды қалай қораға қамап отырайын» деп сөйлейді. Алайда ол бос жүрген малдың көбінесе қолды болатынын ойламайды. Оның үстіне мұндай мал жол-көлік оқиғасының тууына да себеп болады. Әсіресе ауа райының жауынды, жол көрінісі анық болмайтын түнгі мезгілде, тұманды күндері ауыр салдарға соқтырады. Ондай оқиғалар жиі болып тұрады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін облыстық Полиция департаменті «Еркін жайылым» атты жедел-профилактикалық шара өткізді. Оның барысында алдын алу іс-шарасын ұйымдастырушылар ауыл әкімінің қатысуымен жергілікті тұрғындармен кездесіп, қараусыз бос жүрген малдың қолды болатынын немесе жол-көлік оқиғасына себеп болатынын түсіндіріп, соған байланысты жауапкершілік жүктелетінін ескертті.
Мамлют ауданындағы осындай шараға аудандық прокуратура өкілдері де қатысты. «Осы іс-шараның екі күнінде малдың қараусыз бос жайылуының 17 фактісі анықталды. Иелері анықталғанға дейін қараусыз жайылған 42 бас ірі қара арнайы қашаларға қамалды», дейді аудандық ПБ бастығы, полиция полковнигі Пётр Климов.
Қазір полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық жұмысты облыстың барлық аудандарында жүргізуде. Жыл басынан бері облыста тіркелген 31 мал ұрлығының 22-сі қараусыз қалдырғандықтан орын алған. Сондай-ақ 7 жағдайда қаскөйлер малды қорадан, 2 жағдайда ашық қашадан ұрлаған. Әзірше екі мал ұрлығы ашылмаған, қалған 29 анықталды. Оның 24 іс бойынша өндіріс аяқталды, ал қалғандары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Солтүстік Қазақстан облысы