Қазақстан • 01 Қараша, 2021

Интернет игілігін қашан көреміз?

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда жарияланған ғаламдық мобильді интернет жылдамдығы бойынша рейтингте Қазақстан 21 сатыға жоғарылап, 80-орынға табан тіреген. Былай қарасаңыз, 21 позицияға көтерілу – тәп-тәуір прогресс, бірақ 80-орын дегеніңіз – аса қуанып айтарлықтай нәтиже де емес.

Интернет игілігін қашан көреміз?

Finprom-ның жазуынша, жыл басынан бері елдегі мобильді интернет жылдамдығы 63 пайызға жақсарған. Орталық Азия ел­дері ара­сында Қазақстанның көрсет­кіші жоғары. Қырғызстан – 103, Өзбекстан – 120, Тәжікстан 129-орын алған. Көршілес Ресей 90-орын алса, Беларусь – 119-орында. Рейтинг лидерлері – БАӘ, Оң­түстік Корея, Норвегия, Қатар және Қытай.

«Қазақстанда мобильді интернет жылдамдығын сапалы және қолжетімді ету бойынша маңызды шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, биыл 9 айда байланыс саласына жіберілген инвестиция 17,8 пайызға өсіп, 88,8 млрд теңгені құраған. Соңғы бес жылда күрделі жөндеуден өткізу үшін жұмсалған қаржы жыл сайын 19 пайызға өсіп келеді. Сонымен қатар мобильді байланыстың бесінші буыны 5G-ді енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. 2019 жылы мобильді операторлар жаңа желіні тестілеу­ден өткізе бастады» деп жазады Fin­prom.

Биыл қыркүйекте цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Үкі­мет жанындағы радиожиілік жөніндегі ведомствоаралық ко­мис­сияның 5G стандартын Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қала­ларында сынақтан өткізу ту­ралы шешім қабылдағанын айт­қан еді. График бойынша тес­тілеуді «Казақтелеком», «Кселл», «Кар-Тел», «Мобайл Теле­ком-Сер­­вис» операторлары жүр­гі­зеді. Инфра­құрылымды же­тіл­діру және интернет сапасын жақ­сар­ту жауапкершілігі осы опе­ратор­лардың мойнына жүк­тел­ген. Бі­рінші жарты жыл­дық­та Kcell мо­билді байланыс опера­торы­ның капиталдық шығыны 4,7 млрд теңгені құрап, былтырмен са­лы­стырғанда 28,3 пайызға өсім көрсеткен.

Ұлттық статистика бюро­сы­­ның дерегінше, мобильді бай­ла­ныс саласына жі­берілген инвес­­тицияларға негі­зінен ескі құрыл­ғылар ауыстырылып, абоненттер санын көбейту бойынша өндіріс қуаттылығын кеңейту жұмыста­ры атқарылған. Сондай-ақ қаржы жаңа техноло­гияларды енгізуге де жұмсалған.

Бірінші жартыжылдық нәти­жесі бойынша елде 24,2 млн абонент бар. Бұл былтырдан 1,2 па­йызға көп. Мобильді байланыс опе­раторларының ішінде Kcell, компаниясының абоненті көп. Абонентінің көптігімен Beeline және Tele2/Altel операторлары да мақтана алады. Болжам бо­йынша 2025 жылға дейін мобильді интернет пайдаланушылары 54 пайызға артпақ. Ол кезде 3G желісі жалпы нарықтың 28 пайызын ғана иеленсе, 4G 60 пайызын қамтиды, ал 5G жаңа желісі нарықтың 12 пайызын иеленбек.

Алайда жақында өткен Digi­tal Bridge халықаралық техно­логиялық форумында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі интернет сапасы мен жыл­дамдығына қатысты реніш біл­діріп, Үкіметке осыған орай заң­дық тұрғыда санкция және әкім­шілік құрамды регламенттеу бо­йынша тапсырма берді.

«Қазіргі кезде нақты емес нәр­сені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлері­нің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсына­ды. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойын­ша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және мұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы 100 пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки, мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?» деп қатаң сынға алған еді.

Қазір Қазақстанда 2 мыңға жуық ауыл интернетпен қамтыл­ма­ған. Тиісті министрліктің дерегі бойынша соның ішінде 617 ауыл­ға интернет тарту мүлде мүмкін ­болмай тұр.