Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өтті. Бұл жолғы басқосу Елбасы Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына арналды. Жиынға белгілі суретші Бақтыбек Талқамбаев, «Шежіре» қазіргі заман галереясының жетекшісі Роза Жүсіпова, медицина ғылымдарының докторы Ерболат Дәленов және өнертану профессоры Ермек Асылханов сынды өнер, ғылым саласының өкілдері қатысты.
«Зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясын қолдайды. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы бізді рухани ізденістерге, шығармашылық ізденістерге ынталандырады. Соның дәлелі ретінде біз елордалық суретші Бақтыбек Талқамбаевтың көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Бұл көрме «Мәңгілік Ел» деп аталады», – деді осы іс-шараға ұйытқы болған Роза Жүсіпова.
«Елбасының «Мәңгілік Ел» деген сөзі бізді, өнер адамдарын қанаттандырып жіберді. Менің шығармашылығым да негізінен осы тақырыпқа арналған. Көптеген туындыларымды шетелдік көрермендер жылы қабылдап, ұлттық бояуға ризалықтарын білдіріп жүр. ХХІ ғасыр – Елбасы жиі айтатын ғылым ғасыры. Сол ғылым ғасырының ертеңгі тұтқасы – бүгінгі талантты балалар. Олардың арасынан таланттарды тап басып танып, баулу біздің басты міндетіміз», деді Бақтыбек Талқамбаев.
Брифингте сөз алған медицина ғылымдарының докторы Е.Дәленов «Мәңгілік Ел» болу үшін адам денсаулығының да маңызды екенін айта келе, бұл ретте шығармашылықтың, оның ішінде, әсіресе, сурет өнерінің пайдасы молынан екенін жеткізді. Аталған өнерде болатын жеті түрлі бояудың қасиетіне де тоқталып өтті дәрігер. Ал, өнертану профессоры Ермек Асылханов та бейнелеу, сәулет өнерлерінің ерекшеліктерін өзіндік нақты мысалдарымен толықтыра келе, елімізде сәулет өнері кем дегенде қола дәуірінен басталатынын нақты дәлелдермен тілге тиек етті.
Басқосу барысында қонақтар БАҚ өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».