Үкімет • 01 Қараша, 2021

Сенаторлар терроризмді қаржыландыруға қарсы заң жобасын қарайды

122 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2021 жылғы 4 қарашада өтетін Сенат отырысында қарауға ұсынылған күн тәртібін бекітті, деп жазады Egemen.kz.

Сенаторлар терроризмді қаржыландыруға қарсы заң жобасын қарайды

Соған сәйкес Палатаның алдағы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралады.

Заң жобасы кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заңнамаларды, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруді көздейді. Осы құжат арқылы жария лауазымды тұлғалар іске асыратын операциялар бақылауға алынады. Яғни, жауапты мемлекеттік лауазымдағы және мемлекеттік мекемелерде немесе квазимемлекеттік секторларда басқару қызметін атқаратын азаматтардың операциялары бақылауда болады.

Сонымен қатар Бюро мүшелері «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауға дайындық барысын пысықтады. Аталған іс-шара биылғы 3 желтоқсанда өткізіледі деп жоспарлануда.

«Парламенттік тыңдауда Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланады. Осы саладағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтерге де назар аударамыз. Жақында Президентіміз Ұлттық жобалар тізбесін бекітті. Жобалардың бірі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналғаны белгілі. Тыңдау кезінде аталған Ұлттық жобаны тиімді жүзеге асыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сондықтан бұл іс-шараны жоғары деңгейде және мазмұнды түрде өткізуіміз керек», деді Мәулен Әшімбаев.