Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Үстіміздегі жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Бұл біздің ортақ тарихымыздағы маңызды дата.
(Қазақстан халқына Жолдауынан).
Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ильинка кентіндегі әскери қалашық пен астаналық №44813 әскери бөлімде болды.
Осындағы коттедж үлгісінде салынған тұрғын үй кешені орналасқан әскери қалашық алды абыр-сабыр. Сапқа тұрғызылған әскерилер, ойнаған оркестр Елбасын лайықты қарсы алу үшін дайындық үстінде. Әскерилердің жүздеріндегі ерекше жылылық олардың елге, Елбасына деген риясыз көңілдерін паш етіп тұрғандай. Кіреберіс қақпаның маңдайшасына “Президентімізге, халқымызға мың да бір рахмет!” деп жазылыпты. Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшы келген кезде әскери оркестр ойнап, әскери сап тік түзеліп тұрды.
Алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы әскери қалашықтың жобасымен танысып, әскери қызметшілер отбасыларының орналасуын сұрап білді. Содан кейін әскери қызметшілерге тұрғын үйлердің кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті. Барлық коттедж ішінара жиһаздармен қамтамасыз етілген, көлік қоятын орны бар ауласы 10 сотық алаңды құрайды. Әскерилердің алды желтоқсан айынан бастап осында қоныстаныпты. Сол уақыттан бері пайдалануға жан-жақты әзірленген 11 баспана кілті кәсіби мерекеге орай иелерін тапты. Сондай қуаныш иелерінің бірі Әскери-әуе күштерінің полковнигі Серік Әбдірайымов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне былай деді: “Соңғы кездері ұшақтарымыз бен тікұшақтарымыз күрделі жөндеулерден өтіп, ұшу сағаттары арта бастады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында және Отан қорғаушылар мерекесіне орай пәтерге ие болып, үлкен қуанышқа кенеліп тұрмыз. Мұның барлығы Елбасының, еліміздің Отан қорғаушыларға деген үлкен қамқорлығының арқасы деп түсінеміз”.
Аумағы 40 гектарды құрайтын қалашықта 200 коттедж болса, соның 129-ы Қорғаныс министрлігіне бөлініпті. Тағы бір белгілі болғанындай, аумағы 10 гектар телімге әкімшілік корпусы, жатақханасы, асханасы және тұрмысқа қажеттінің барлығы бар кешен салу көзделіп отыр екен. Бір немесе екі әскери отбасына арналған коттедждер 176 әскери отбасына есептелініпті. Әзірге 88 әскери отбасы баспаналарына кіріп үлгерген көрінеді. Енді қалғаны шілде айына дейін, яғни жөндеу жұмыстары біткен соң қоныстанады деп күтілуде екен.
Жалпы, тұрғын үйлер үш және одан да көп баласы бар әскери қызметшілерге берілгені мәлім болды. Мұнда қыстап шыққан тұрғындар қақаған аязда да өз баспаналарының жылы болғандығын айтып жатты. Тұрғын үй әзірге автономды пеш арқылы жылытылады. Шағын да оңтайлы пешке отын ретінде көмір пайдаланылады екен. Болашақта әскери қалашық Астананың орталықтанған жылу жүйесіне қосылады деп жоспарланыпты.
Жалпы, Елбасы Қарулы Күштердің дамуына және әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайына үнемі ерекше назар аударып келеді. Жақын маңдағы бір-екі коттедждің ішіне арнайы кіріп, ондағы әскерилердің тұрмыс-жағдайымен жақын танысуға ықылас танытуының өзі осы сөзіміздің дәлелі болса керек.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев, жоғарыда атап көрсетілгеніндей, елорданың әуе қорғанысын қамтамасыз ететін №44813 әскери бөліміне атбасын бұрды.
Бұл – Жеңістің 65 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні қарсаңына орайластырылғандықтан, Елбасы бірінші кезекте аталған әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығының деңгейімен танысты. Мәселен, №44813 әскери бөлімінде Нұрсұлтан Әбішұлы зениттік-зымырандық дивизионның шартты әуе нысанын жою үдерістерін тамашалады. Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Оқас Сапаров елорданың әуе күштері қорғаныс жүйесінің артықшылығы мен ерекшелігі жөнінде айтты. Ол, сондай-ақ, әскери бөлімдегі зениттік-зымырандық дивизионның шартты әуе нысанын жою іс-қимылдарына қатысты жан-жақты мәлімет берді. Ал Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Александр Сорокин елорданың әуе қорғанысын қамтамасыз ететін зениттік-зымырандық кешеннің тәжірибелік тұрғыдағы іс-қимылы жөнінде әңгімеледі.
Сонымен қатар, Елбасына әуе қарсыласының түрлі деңгейдегі соққысына тойтарыс беретін көпмақсаттағы зымыранды кешен жауынгерлік есеп тобының іс-қимылдары да жан-жақты таныстырылды.
Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы авиацияның арнайы жауынгерлік тапсырмалардан кейінгі ұшып келу шараларын бағалады. Мәселен, әуе шеруінде армиялық авиацияның Ми-17 тікұшағы, екінші буындағы қос Су-27 ұшағы, сондай-ақ, екі МиГ-31 жойғыш ұшағы сап түзеді.
Елбасы әуе қорғаушыларының тәжірибелік сабақтары аяқталысымен жауынгерлердің арнайы тігілген шатырлы қалашығында әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, олардың тыныс-тіршілігімен танысты, дала асханасынан дәм татты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.