«Адамның өскені әрбір өткен жылымен, шаһардың өскені халықтың сынымен бағаланады», деген екен бұрынғылар. Бұл қаласына қарап, қоғамның ырысын, баласына қарап әлеуметтің тынысын анықтайтын осы заманның ақиқаты. Өйткені, бүгінде шаһар өмірі – ең алдымен тынымсыз тіршілік пен ауызбірліктің көзі, береке мен баяндылықтың өзі. Сондықтан да жыл сайын халық болып мәжіліс құру – біз үшін Елбасы белгілеген тәртіптің қалпына да, ел дәстүрінің салтына да сай дағдыға айналды», – деп бастады сөзін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов кеше Конгресс-Холл сарайында өткен елорда жұртшылығымен болған есепті кездесуде.
Жалпы алғанда, қаламыздың өткен жылғы дамуы жаман болған жоқ, деп жалғастырды әкім сөзін одан әрі. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен бір жыл ішінде бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізілді. Өнеркәсіп, жер, жол және көлік қатынасы, энергетика мен экология, әлеуметтік саясат және тұрғындардың тұрмыс деңгейін жоғарылату сияқты аса маңызды салаларда айтарлықтай нәтижелер орын алды. 2013 жылы қала бойынша өңірлік өнім 2 триллион 700 миллиард теңгені құрап, макроэкономикалық өсім 6,5 пайызға жетті. Өнеркәсіп өнімі 263 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке қала есебінен 600 миллиард теңге қаржы аударылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде өткен жылы бұлардың саны 55 мыңға жетіп, 1 триллион 200 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бүгінде бұл сала 190 мыңнан астам астаналықтарды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан бөлек, елордада 2013 жылы 8 балабақша, 4 мектеп, 2 емхана 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.
Астана – үшінші мыңжылдықтың ең жас қаласы. Елорда шежіресіне 15 жыл болса, оның тұрғындарының орташа жасы 30-дан аспайды. Күн сайын Астанада 45-50 нәресте дүниеге келеді. Қаланың жыл сайынғы табиғи өсімі 20 мың бүлдіршінді құрайды. Бүгінде елорданың отбасылары мектеп жасына дейінгі 110 мыңнан астам бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырса, 95 мың бала мектепте оқиды. Астанада 85 мың студент, 140 мыңнан астам жасы әлі 29-ға толмаған жастар еңбек етеді. Сөйтіп, қазірдің өзінде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар астаналық тұрғындардың 30 пайызын құрайды.
Елордада экономикалық және әлеуметтік әлеуетті арттыру мақсатында кешенді шаралар жүргізілуде. 2013 жылы елорданың өнеркәсіптік әлеуеті «Индустриялық парк» аумағында бой көтерген жаңа 8 ірі өндіріс ошағымен толықты.
Тек соңғы 3 жыл ішінде қаланың өнеркәсіп өндірісі екі есе артты. Өткен жылы апатты тұрғын үйлерді жою мақсатында арнайы бағдарлама қабылданып, 11 апатты тұрғын үй құлатылып, онда тұратын 189 отбасы жаңа пәтерлерге көшірілді. «Қаланың шеткі аймақтарын дамыту» бағдарламасы бойынша өткен жылы Күйгенжар, Қазақ ауылы және Пригородный тұрғын үй алаптары толық абаттандырылды. Сонымен бірге, 2013 жылы елорданың экологиялық ахуалын қорғау мақсатында арнайы әлеуметтік жобаның тұсауы кесілді. Осы жоба бойынша елордадағы автобус парктеріндегі барлық көліктерді газбен жүруге көшіру қолға алынды. Өткен жылы қаламыз үшін өте маңызды құрылыс нысаны – Батыс жарты сақинаны толық жүзеге асыру мақсатында Есіл өзенінің үстінен тағы бір жаңа көпір салынды.
Осы есепті кездесуде әкімнің ерекше атап көрсеткен мәселесі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана қаласын бірте-бірте өзін-өзі толық қамтамасыз ететін қалаға айналдыру болды. 2015 жылы елорда республикалық бюджетке 7,5 миллиард, 2016 жылы 17,3 миллиард теңге қаржы түсіретін болады. Сөйтіп, Астана қаласы республикалық бюджеттің доноры болып отырған 4 өңірдің құрамына кіреді.
Елорда қалыптаса бастаған жылдар ішінде 12 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Осы кезең ішінде тек көп қабатты қолайлы тұрғын үйлерден 110 мың отбасы немесе 370 мың адам пәтер алған. Бүгінде бас қаламызда жылына 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2013 жылы қалада 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазіргі таңда қала бойынша 2 мемлекеттік бағдарлама іс жүзіне асырылуда. Оның бірі – «Қолжетімді тұрғын үй-2020», екіншісі 2008-2010 жылдардағы тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама болып табылады. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі жүйесі бойынша жалпы көлемі 25,5 мың шаршы метрді құрайтын 477 пәтер пайдалануға берілді. Қазір осы бағдарлама бойынша жалпы көлемі 168 шаршы метрді құрайтын 11 көп қабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 2258 пәтерден тұратын 8 тұрғын үй кешені биыл пайдалануға беріледі.
2013 жылы 1880 орындық 8 балабақша құрылысы аяқталды. Үстіміздегі жылы жаңадан 15 мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері пайдалануға беріледі. Жалпы, 2020 жылға дейін елордада 100 жаңа балабақша пайдалануға беріліп, балабақшаларға зәру елордалық бүлдіршіндер толық қамтамасыз етілетін болады. Өткен жылы қалада 4 жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы тағы да 9 жаңа мектеп ғимараты есігін айқара ашатын болады.
Алда тұрған міндеттерге келетін болсақ, ҮИИД бағдарлама шеңберінде 2017 жылға дейін қаладағы Индустриялық паркте 30 жаңа кәсіпорын пайдалануға беріледі. Қалада қоғамдық көлік қатынасының сенімді жүйесі қалыптасатын болады. 2017 жылы елордада жаңа теміржол вокзалы және 2 автовокзал пайдалануға беріледі. Астана халықаралық әуежайы толық күрделі жөндеуден өткізіледі. 2016 жылы №3 ЖЭО бірінші кезеңі пайдалануға беріліп, 80 шақырым магистральды жылу жүйесі салынады. 2017 жылға дейін елордада 5 миллион тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2020 жылға дейін қалада бірде-бір апатты үй қалмайтын болады. 2020 жылға дейін мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінде және мектептерде орын жетіспеушілігі толық жойылады.
Елорда тұрғындарымен өткен есепті кездесу барысында соңғы жылдары дәстүрге айналған тәртіп бойынша, Иманғали Тасмағамбетов бірнеше сағат бойы тікесінен тік тұрып, бір қабақ шытпай қала тұрғындарының сансыз сұрақ-шағымдарына жауап берді. Бір-екі сұрақ-жауапты келтірейік.
– Ардақты Иманғали Нұрғалиұлы, мен соғыс ардагерімін. Жасым 90-да. Мұнда көшіп келгеніме төрт жыл болды. Бұрын атыңызда үй болған, соған байланысты тек бес жыл өткеннен кейін ғана кезекке қоямыз, деп маған үй бермей тұр...
– Мен, ең алдымен, сіздің жасыңыздың алдында басымды иемін, екіншіден, Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде алдыңызда басымды идім. Қала бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде кезекте тұрған бір-ақ адам бар екен. Ол – сіз. Қоныс тойына әзірлене беріңіз. Бір ай ішінде пәтер алатындығыңызға уәде беремін. Бұл сіздердің алдарыңыздағы ұрпақ парызы.
– Менің аты-жөнім Гүлзада Қасымова, біздің саяжай учаскеміздің жерін «Депинг» ЖШС алған болатын. Әлі күнге мәселемізді шешпей келеді. Соған көмек көрсетсеңіз екен?
– Соңғы бес жыл ішінде ғана қала аумағындағы саяжайлардағы 903 үй-жай сатып алынып, оған 10 миллиард теңге көлемінде қаржы төленді. Осы ретте ерекше айта кететін бір мәселе, кейбір саяжай иелері үй-жай мүліктері үшін нарық бағасынан бірнеше есе көп құн сұрайды. Мұндай бағаны төлеуге заңды негіз жоқ. Сондықтан саяжай иелерін ортақ келісімге келуге шақырамын. Ал «Депинг» ЖШС-на қатысты мәселені анықтайтын боламыз.
– Мен Мұрат Әкімбаев боламын. Өзім – тұл жетіммін. Балалар үйінде тәрбиелендім. Енді пәтер кезегіне тұрғым келеді. Соған көмектессеңіз екен?
– Мұрат, қазір кездесу аяқталғаннан кейін осы сарайдың фойесінде орналасқан әкімдіктің арнайы бөлімдерінің үстелдеріне бар. Сол жерде саған тиісті органдардың қызметкерлері қажетті көмек көрсетіп, пәтер кезегіне тіркейтін болады.
«Дұрыс шешім қашанда егесе жүрген елде емес, кеңесе білген жерде» деген ғой. Баршамыз да осы жерде туған қаламыздың, өз ортамыздың бүгіні мен келешегінің мәселесін шешу үшін жиналып отырмыз. Алдағы уақытта бірауызды бірлікпен жұмыла еңбек ете берейік, деді сөзінің қорытындысында Иманғали Тасмағамбетов.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
стана.