*Алматы қаласында ТМД халықтары мәдениетінің фестивалі басталды. Шара аясында ұлттардың төл мәдени мұрасы туралы дерек айтылып, қолөнер бұйымдарына арналған көрме өткізіледі.
*Шығыс Қазақстан облысында «Риддер – Өскемен» және «Өскемен – Риддер» бағытындағы туристік теміржол маршруты іске қосылды. Соның негізінде жергілікті өңірге келетін саяхатшылар қатары артты.
*Биыл Шымкент қаласында 36 кәсіпорын пайдалануға беріліп, 3257 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал алдағы мерзімде «Оңтүстік» индустриялық аймағында құны 45,0 млрд.теңгені құрайтын 59 жобаны іске қосу жоспарланған.
*Тараз қаласында 2 мыңнан аса адам қатысқан патриоттық форум өтті. Онда «Мәңгілік Ел» идеясының маңызы сөз етілді.
*Ақтау қаласында Түрікменстан консулдығы ашылды. Осы арқылы маңызды мәселелерді бірлесіп шешуге негіз қаланып отыр.
*Қостанай облысында биылғы жылдың көктем айында «Toyota» көлігі шығарылады. Бұл істі өз міндетіне алған «СарыарқаАвтоПром» ЖШС қазірден бастап әзірлікті бастап кетті.
*Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында ауыл әкімдері мемлекеттік бағдарламалар бойынша сынақ тапсырды. Олардың арасында 14 әкімнің білім деңгейі жоғары бағаланды.
*Маңғыстау облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы игілікті бастаманы қолға алды. Ондағы қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тапсырыс берген құжаттарын үйлеріне апарып беруде.
Egemen.kz хабарлары мен облыстық әкімдіктер сайттарының материалдары бойынша дайындалды.