Спорт • 02 Қараша, 2021

Жапониядан жүлдесіз оралдық

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жапонияның Китакюсю қаласында көркем гимнастикадан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, аталған жарыстан Қазақстан құрама командасының қоржыны бос қайтты. Жекелеген жаттығуларда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жете алмағанымыз былай тұрсын, көпсайыстың қорытындысына да көңіліміз толмады. Бұл бәсекеде Елжана Таниева мен Ділназ Байленова өнер көрсеткен еді. Алғашқы бағдарламада үздік 18 гимнасшының қатарына қосыла алмаған қазақ қыздары жарыстың финалдық бөлігіне өте алмады.

Жапониядан жүлдесіз оралдық

Ұлттық командамыздың бас бапкері Әлия Юсупова жер­лес­теріміздің әлемдік додадағы өне­ріне мынадай баға берді: «Күн­шығыс елінде биік белестерді бағындыра алмауымыздың өзіндік себептері бар. Біріншіден, біздің құ­рамадағы қыздардың барлығы да әлем чемпио­натына алғаш рет қатысып отыр. Сол себепті де бі­раз қобалжу болды, тәжірибенің аз­дығы да сезілді. Менің ойымша, осындай дүбірлі додада алғаш рет бақ сынап отырған Елжана Таниева үшін 21-орын жаман көрсеткіш емес. 31-сатыға табан тіреген Ділназдың әңгімесі мүлде бөлек. Негізі оның орнына Сәбина Бақатова баруға тиіс еді. Алайда ол жарақат алуына байланысты елде қалып қойды. Біз Сәбинаны дереу Ділназбен алмастыруға мәжбүр болдық. Сондықтан да еліміздің үшінші нөмірлі спортшысының бұл көрсеткішін жаман деп айтуға ауыз бармайды. Екіншіден, құрама үнемі жаңартылуда. Одан қалса, пандемия салдарынан соңғы кездері көптеген жарыстан шет қалдық. Осының барлығы кері әсерін тигізді. Бірақ біз қол қу­сырып отырған жоқпыз. Көркем гимнастиканы дамыту үшін барынша күш салып жатырмыз. Алдағы уақытта Қазақ елінің арулары өздерінің айшықты өнерімен жанкүйерлерін қуантатынына сенімдімін», деді ол.

Чемпионаттың соңғы күн­дері командалар арасындағы бәсекелер өтіп, Айдана мен Даяна Шаях­ме­товалар, Милана Будник, Алина Чер­нышева, Айсұлу Мыр­зағалиева және Сағина Мұратова ел намы­сын қорғады. Бұл жарыс­ты жер­лестеріміз 16-орынмен қоры­тын­дылады.

Жапониядағы әлем чемпионатында тоғыз жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бұл жолы да Ресейдің көркем гимнасшыла­ры алдына жан салмай, осы спорт түріндегі Жер-жаһанның ең үздік командасы екенін тағы бір дәлелдеді. Жекелеген жат­ты­ғулардың төртеуінде оларға тең ке­лер ешкім табылмады. Тарқатып айтсақ, жалғыз Дина Аверинаның өзі бес мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 23 жастағы Нижний Новгород қала­сының тумасы «шеңбер», «доп», «ұршық» жаттығулары мен көп­сайыста алтыннан алқа тақты. Ал «таспада» бе­ларустық Алина Горносько бас жүлдені олжа­ласа, Аверина күміс медальді қанағат тұтты.

Китакюсюде жоғарыда есім­дері аталған гимнасшылар­дан бөлек, Динаның егізі Арина Аве­рина 2 күміс пен 1 қола медальді мойнына ілді. Беларустық Анас­тасия Салос пен ита­лиялық София Раффаэлли де үшінші орынға табан тіреді. Ал топтық бә­секелердің біреуінде Италия құ­ра­масы озса, тағы бір алтын Ре­сейге бұйырды.

Жапониядағы жарыстың басты жұлдызына айналған Дина Аверинаның табысына, расында да, таңданбау мүмкін емес. 1998 жылдың 13 тамызында Нижний Новгород облысының Заволжье қаласында дүниеге келген ол 2017-2021 жылдар аралығында жа­лауы желбіреген төрт әлем чем­пионатында 18 алтын, 3 күміс және 1 қола медальді жеңіп алды. Биыл Токио Олимпиадасында ойда-жоқта израильдік Линой Ашрамға есе жіберіп, күміспен күптелді. Сондай-ақ оның Еуро­па ойындарының үш дүркін жеңімпазы және 10 дүркін Еуропа чемпионы деген атақтары тағы бар. Ал Динаның егізі – Арина әлем чемпионаттарында 5 алтын, 3 күміс және 2 қоланы олжалады. Ол Еуропа біріншіліктерінде тоғыз рет алтыннан алқа тақты. Міне, бүгінгі таңда Ресей көркем гимнастикасының көсегесін кө­гертіп отырған дәл осы апалы-сің­лілі Авериналар.