Қоғам • 02 Қараша, 2021

Facebook Қазақстанның Ақпарат министрлігі таратқан мәлімдемені жоққа шығарды

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Facebook Meta Platforms әлеуметтік желісінің иелері Қазақстан үкіметінің күні кеше жасаған мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Facebook Қазақстанның Ақпарат министрлігі таратқан мәлімдемені жоққа шығарды

1 қарашада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі желідегі материалдарды шектеуге және жоюға эксклюзивті мүмкіндік алдық деп мәлімдеген болатын.

«Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Facebook интернеттегі балалардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, зиянды контентке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету мақсатында Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» (CRS)) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді. CRS министрлікке Facebook жаһандық контенттік саясатының да, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының да бұзушылықтары бар контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді», делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Алайда, Facebook иелері Ақпарат министрлігінің таратқан ақпараты толықтай шындыққа жанаспайды дегенді айтты.

«Біріншіден, біз Қазақстан үкіметімен бірлесіп мәлімдеме жасаған жоқпыз, оның орнына Қазақстан үкіметі талқыланып жатқан мәселені өздігімен жариялады. Біз оларға жергілікті заңнаманы бұзатын контентті өшіруге қатысты үкіметтердің өтінімдерін жаһандық қарау мәселесін талқылап жатырмыз», делінген Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты аумағындағы саяси байланыс жөніндегі директоры Бен МакКонагидің Reuters агенттігіне берген жауабында.

Оның сөзінше, бұл процесс Қазақстан үшін эксклюзивті емес, мұндай жұмыс басқа да елдердің үкіметтерімен жүргізіліп жатыр.