Егемен Қазақстан • 02 Қараша, 2021

«Егеменге» өзінен бұрын сөзі жеткен

449 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне енді орналасқан шақ. Әрі жергілікті университеттің екінші курсында оқимыз. «Редактор шақырып жатыр» десе, бойды үрей билейтін ақ үрпек кез. 

«Егеменге» өзінен бұрын сөзі жеткен

Имене басып, басшының алдына кезекті рет барғанымызда біздің тарапқа тосын бір сұрақ қойылды

– «Фарида апайды танисың ба?». «Egemen Qazaqstan» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида Бықайды бұл төңіректе білмейтін адам кемде-кем. Басымды изедім. «Ендеше сол кісіге жолықшы» деп мекенжай мен телефон нөмірі жазылған тілдей қағазды ұсынды.

Бардық. Орнында екен. Жөнімді айттым. Дастарқан қамына кірісті. Сосын «Сарыарқа самалы» газе­тінің бірнеше нөмірін алдыма әкеп қойды. Шолып шықтым. Біршама жеріне қызыл сияның ізі түсіпті.

– Балам, сен материалда Пав­лодар деген сөзді көп қолданады екенсің. Міне, Ресейдің Алтай өл­кесіне барған сапардан жазылған мына бір алақандай дүниеде 24 рет қайталапсың. Бізге жат бөгде сөзден құтыла алмай отырғанда, сен­дердің оны қайта-қайта жаң­ғырта бергендерің жарамайды. Әлгі сөзді алмастырудың түрлі ама­лы бар. Бұл жайында редакция­да айтыла ма, жоқ па білмеймін. Бірақ маған айту – парыз, – деп тоқтады Фарида апай.

Сөйтті де, сөреде сықып тұрған кітаптардың ішінен «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің 2007 жылы шық­қан мақалалар жинағын алып, қол­таңбасын қойды. Көк кітапты ұсы­нып тұрып:

– Журналистикаға қадам басқан қыз-жігіттерді шама-шарқымша қолдап жүрем. Сені де сондай ізгі мақсатпен шақырдым. Әңгі­ме­лесіп, жөн сілтеп, жол нұс­қа­йын дедім. Қате, кемшілікті айт­­қа­ны­ма шамырқана көрме. Сын жур­налисті шыңдайды. Біз де сөй­тіп қатарға қосылғанбыз. Көп оқы. «Егемен Қазақстанды» оқы. Жур­на­листикадағы құбылаң «Егемен» болсын. Еленіп, ескеріліп жүре­тін «Еге­менде» еңбек етуге ұм­тыл, – деді.

Облыстық газетте жұмыс іс­теуді ғана армандап келген, одан биік шың жоқтай көрінетін бізді Фарида апайдың мына сөздері кәдімгідей қанаттандырып жі­берді. Сөйтсек, ол кісі өңірдегі жас журналистердің қадамын әр­дайым бақылап отырады екен. Бізге дейінгі журналистердің де біразы Фарида апайдың дәрісін тыңдапты. Аға буынның ақыл-ке­ңесіне мұқтаж жас журналистерге осыдан артық қандай қамқорлық керек!

Шынында да, Фарида апайдан жастар үйренетін дүние көп. Ең алдымен мамандыққа адалдығын бойға сіңірген абзал. Оның аспан төңкеріліп жерге түссе де, өз прин­цип­терінен айнымайтындығы да әр­кімнің бойынан табыла бер­мей­ді. Сондықтан болар бұл кісі шенділер мен белділердің ығына ешқа­шан жығылған емес. Талайлар жүрісінен жаңылдырғысы келді де. Бірақ Фарида апай өз позициясынан айныған жоқ.

Ол қашанда халықтың жа­ғында. Биліктің емес, бұқараның сө­зін сөйлеумен келеді. Түкпірде орналасқан ауыл тұрғындарының апайды үнемі іздеп тұратыны да, ті­рек тұтатыны да сондықтан. Бірде біздің ауыл – Шұғаның жолы туралы жазғаны бар. Келесі жылы жауыр аттың арқасындай ойылып жататын әлгі жолға алғаш рет қиыршық тас төселіп, тегістелгенде дүйім ел қуаныш үстінде Фарида апай­дың есімін атап, алғысын жаудырғаны әлі есімде. Ал оның өмі­рінде мұндай жағдайлардың көп бол­ғанына ешкім шүбә келтіре қоймас.

Фарида апайдың үлкен тақы­рыптарға баратыны, батыл һәм батыра жазатынының өзі – бір мектеп. Басқасын былай қойғанда, «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасын қатаң сынға алға­ны бар. Мақаланың қысқаша маз­мұны мынадай. Ауылдардың бі­­ріне жаңа мектеп салынады. Алай­да көп ұзамай тұрғындардың дені бо­лашағы бұлыңғыр әлгі ел­ді ме­кеннен көшіп кетеді де, ауыл қаңырап бос қалады. Мектеп бар, ауыл жоқ. «Ендеше әлгі мектеп үшін ауыл салайық» деген ащы мысқылмен қоғамдағы үлкен проб­­леманың бетін ашып береді. Со­ңында жоспарлау жұмыстарына жауапсыздық танытып, мемлекет қаржысын талан-таражға тү­сіру пара алғаннан да ауыр қыл­мыс деген түйінге келеді және олар­ды қалай жазалаймыз деген сұ­рақ­ты да төтесінен қояды. Әкім­дік пен басқармаға жалтақтап қалған кей­бір журналистер мұндай күр­делі мә­селелерді айналып өтуге тырысатыны белгілі. Ал мұн­дай мінез Фарида апайға жат.

Өзінен кейінгі буынға өнеге боларлық тағы бір қасиеті – жур­налистік іссапарларға шығуы. Пав­­­лодар облысында Фарида апай­­­­дың табаны тимеген ауыл жоқ шығар. Бұл кісінің іссапарға шы­­­­ғуының өзі – бір бөлек әңгіме. Алдымен әрбір аудан, ауылдағы өз «каналдары» арқылы өңірдегі мәселелерді біліп алады. Сөйтіп діттеген уақытта алаулатпай, жалаулатпай керек бағытына апаратын автобусқа отырады да тартып береді. Ауыл-ауылды аралап, қоржынын материалға толтырады. Кейін төкпей-шашпай, шетінен кертіп алып оқырманға ұсынады. Фарида апайдың өзі басқаратын ауыл мен ауданда жүруі әкімдер үшін қашанда тосын сый, күтпеген жағдай. Оның әкім ұсынған көлікке аяқ артпай-ақ іссапарға өз бетінше, өз жоспарымен шығуының арғы жағында приципіне беріктік, ма­мандығына адалдық жатқаны бар­шаға түсінікті болар.

Жалпы, Фарида апай Пав­лодар өңірінің проблемасын да, ерек­шеліктерін де жақсы біле­ді. Әттең соны әр жерге бір қо­нақтап жү­ретін, өңірдің жалпы жағ­дайынан бейхабар басшылар кәдесіне жарата берсе дейсің. Ол жазған дүниелерге жіті назар ауда­рылса, аймақтағы бір­шама мәселенің түйіні тарқары даусыз.

Фарида апай – қандастардың қамқоры. Қытайдан, Моңғолиядан біздің өңірге қоныс аударған қан­­дастарға, оңтүстіктен сол­түс­тік­ке көшіп келген ағайынға әр­дайым қамқорлық танытып, қол­дау көрсетеді. Олардың осы жерге жедел бейімделіп, оңай сіңісіп кетуіне септігін тигізеді және оның бұл әрекетінде ұпай жинап, көзге түсейін деген ниет жоқ. Таза жаңашырлық. Апайдың осы бір асыл қасиеті кенже ұлы, бел­гілі журналист, Павлодар об­­лыс­тық «Ертіс» телеарнасы бас ди­ректорының орынбасары Қуан­­­дық Танабастың да бойына сің­гендей. Ол да қандастардың шаруа­сын шешіп, мәселесін реттеп беруге ұмтылып тұрады. Мұны өзі істейтін телеарнадағы сюжеттері ар­қылы көріп те жүрміз. Бұдан бөлек, оңтүстік тұрғындарын те­ріс­кейге қоныс аударуға шақы­рып, белгілі бір деңгейде үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізіп отыр­ғанына куәміз. Қуандықтың мұны әлдекімдердің айтуымен емес, өз ниетімен істеп жүргенін ішіміз сезеді. Өйткені бұл оған ана­ның қанымен дарыған.

Фарида апай – шығыстың, Зай­санның тумасы. «Қожаның қы­зымын» деп отырады үнемі. Ал­­матыдағы атақты КазГУ-дың жур­­налистика факуль­тетін тәмам­дап, жолдамамен Павло­дардың облыстық «Қызыл ту», қазіргі «Сарыарқа самалы» газетіне келген. Осы жерде шаңырақ көтеріп, тамыр жайған. Кейін «Egemen Qazaqstan» газетінің Павлодар өңі­ріндегі меншікті тілшісі болып ауысқан.

Айтпақшы, Фарида апайдың «Егеменге» өзінен бұрын сөзі жет­кенін біреу білсе, біреу біл­мес. 1973-1983 жылдары сол кез­­дегі «Социалистік Қазақ­стан», қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы, қазақ журналистикасының көш­бас­шыларының бірі, жазушы, зерттеуші ғалым Сапар Байжанов қаршадай ғана қыздың туған ауыл­ы Жарсу туралы тебіреніске толы шығармасын оқып, ерекше толқиды. Оны «Мейірім» деген әңгіме етіп жазады. Онысы «Ұлыма хат» атты кітабына енген. Осы­лайша, атақты Сапар Бай­жановтан бата алған қаршадай қыз бүгінде қа­зақ журналистикасында айшықты орны бар Фарида Бықайға айналды.

Үндемей-ақ үлкен іс тындыратын Фарида апай Павлодар өңі­ріндегі ұлттық мүдденің шырақ­шысы секілді. Әсіресе орысы көп өлкеде қазақ тілінің қанат жаюына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бір қызығы, ол мұндай шаруаларды жалпыға жар салмай-ақ, жарнамаламай-ақ тындырады. Жүрген-тұрған жерінде қазақша сөйлейді. Ол үшін оны ешкім сөкпейді де, сот­қа да сүйремейді. Өйткені солай болуы заңдылық. Ол осы бір қа­сиеті арқылы-ақ талайға үлгі-өнеге болып жүр. Кейде өзі де әзіл-шынын араластырып «Пав­лодарды қазақшаландырып барып Алматыма қайтамын» дейді. Фари­да апай бастаған ұлттық мүд­денің шырақшылары тұрғанда қала атауының да қазақша аталатын күні алыс емес екеніне сенімдіміз.

Журналистикаға жан-тәнімен берілген Фарида апайдың екі ұлы да анасының жолын жалғас­ты­рып келеді. Үлкені Думан рес­публикалық «Қала мен Дала» газетін басқарып отыр. Қуандығы – Павлодардағы «Ертіс» телеарнасы бас директорының орынбасары. Қуандықпен қатар оқы­дық. Қаланың баласы болса да, қазақы тәрбиесіне қатты таңғала­тын едік. Апайдың қос құ­лы­ны да журналистикаға ерте ара­лас­ты. Немерелерінің арасынан да бола­шақ журналистердің шығарына кәміл сенеміз. Бүгінде асқаралы жасқа аяқ басқан Фарида апай қа­зақ журналистикасына олжа салар ұл-қыздарын үкілеп топқа қоса берсе екен дейміз!

Мерейтойыңыз құтты да қа­йырлы болсын, Фарида апай!