Әлем • 02 Қараша, 2021

Глазго, Грета және ізгі ниет

194 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ИТАКА. Глазгодағы Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырған Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP26) қарсаңында алаңдаушылық та, үміт те басым. Алаңдаудың себебі қасақана «соқырларды» қоспағанда, бәріміз планетаға тигізіп жатқан зиянымызды көріп отырмыз. Өрт, су тасқыны және теңіз деңгейінің көтерілуі бүкіл әлемді елегізетеді. Қоршаған ортаның бұзылуы, соның салдарынан туындаған қақтығыстар босқындар санын жаппай көбейтеді. 

Глазго, Грета және ізгі ниет

Бірақ үміт те бар. Себебі адам­­зат тап келген қиындықтың ауқы­мын аңғаратындар жетерлік. Солардың бірі – талайдан бері әре­кет етуге шақырып жүрген эколо­гиялық белсенді Грета Тунберг. Содан шабыт алған Еуропалық одақ 2050 жылға қарай қарт құрлықты көмірқышқыл газын шығармайтындай етуді көздейтін «Еуропалық жасыл келісім» қабылдады.

АҚШ та осы ғасырдың ортасына қарай парникті газдар шыға­ры­лымын жоюды мақсат етіп отыр. Таяуда ел билігі даму­шы елдерге климаттық дағ­дарыс­пен күресуіне бөлетін қаржы­сын жылына 11,4 миллиард дол­­ларға дейін ұлғайтатынын мә­лім­деді. Кейбір АҚШ заң шы­­ғару­­шылары, атап айтқанда, Өкіл­­­дер палатасының депутаты Алек­­­сандрия Окасио-Кортес пен сена­­тор Эд Марки «Жасыл жаңа келісім» қабылдауды ұсына­ды. Бұл құжат ел экономикасын қайта құруға жол ашып, АҚШ-тың кө­мір­қышқыл газы шығары­лы­мын төмен­детуге мүмкіндік бермек.

Дегенмен осындай күш-жігерге қарамастан, климаттың өзгеруімен күресті кеш бастадық. Егер адамзат динозаврлардың күйін кешпесін десек, іс-қимыл­дарымызды жеделдетуіміз керек. Климаттық дағдарыс – жа­һан­дық мәселе, әлемнің бүкіл елі­нің бірлесе әрекет етуін талап етеді. Бірақ көптеген даму­шы мемлекет, соның ішінде кли­мат­тың өзгеруінен қатты зар­дап шегетіндерінің аталған дағ­дарыспен күресуге қаржылай мүмкіндігі жетіспейді. Кейбір дамып келе жатқан елдер, соның ішінде Оңтүстік Африка және Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның көп бөлігі көмірге тәуел­ді. Олар жасыл энергетикаға жедел ауысуы керек.

Сондықтан барлық елдің мә­селені оңтайлы шешуге өз үле­­сін қосуына жәрдемдесу үшін қаржылық және ғылыми қол­дау жүйелерін қамтамасыз ете­тін ұжымдық міндеттеме қа­жет. 200-ге жуық елден қолдау тап­қан 2015 жылғы Париж климат келісімі – дипломатиялық жетіс­тік. Бірақ Парижде келісіл­ген жаһандық жылынуды өнер­кәсіптік индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда 1,5º цельсий көлемінде сақтауға қол жеткізу өте қиын.

Глазгодағы жиын шынайы әрекетке бастай ала ма? Жақында Тунберг «басшылар ананы істей­міз және мынаны істейміз деп айта­ды... Содан кейін олар ештеңе істе­мей­ді» деп ескертті. Көшбасшы­лар­дың климаттың өзгеруіне қарсы күресуіне көңілі толмайтындар тек жастар ғана емес. Ұлыбритания патшайы­мы Ели­завета II де осындай пі­кір біл­діріп, «олар сөйлегенде ашуың­ды келтіреді, бірақ олар түк бітірмейді» деді.

Мұндай үмітсіздік табиғи нәрсе. Климаттың өзгеруіне қар­сы іс-қимыл әлі де сөз күйінде қа­лып отырғанын көргенде айтыл­ғанның бәрі екіжүзділік пе деп еріксіз таңғаламыз.

Бірақ олай болмауы тиіс. Егер өмір сүруге жарамды пла­не­таны болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдырғымыз келсе, әр адамның әрекеті мен топ­тың іс-қимылының арасында нелік­тен алшақтық болатынын тү­сіну өте маңызды. «Тұтқын дилеммасы» секілді ойжұмбақтар өзімшіл шешім қабылдаудың зиянын көрсетеді. Климаттық дағдарысты жоюға қажетті шешім мен міндеттемені орындау сая­сат­керлермен бірге әлеумет­тік сала ғылымдары мен моральдық философтар үшін де басты мәселе.

Неоклассикалық экономика түсі­нігіне қарамастан, зама­науи экономика жеке тұлға­лар­­дың әрекетімен ғана басқары­латын жеке емес нарық ретінде жұмыс істемейді. Керісінше, Мариа­на Мацзукато өзінің «Эконо­мика миссиясы: Капитализмді өзгертуге арналған кезең» кіта­бын­да атап өткендей, нарықтар «ұйымдық мінез-құлыққа, өзара әре­кеттесуге және институ­цио­нал­­ды қа­лып­тас­тыруға әсер ететін ере­желерге, нормаларға және ке­лісімшарттарға негізделген».

Сондықтан ұжымдық әрекетті жеке ниеттердің жиынтығымен теңес­тіру қате. Адамдар климат­тық апаттың алдын алу үшін б­әрін жасағысы келетінін айтып, бірақ аз жұмыс істесе, бұл екіжүз­ділік болмауы мүмкін. Олар «Грета дилеммасына» тап келуі ықтимал.

Мұндайда бір топ адам іс-әрекеттерінен келетін экология­лық залал болашақ ұрпаққа қалай зиян тигізетінін ойламай, бас­тапқыда өз мүдделерін көздейді. Адамдардың қоршаған орта жөніндегі түсінігі кеңейіп, түзету шараларын қабылдаса, дәстүрлі экономикалық модельдер бола­шақ ұрпақтың әл-ауқатының жақсаруына әкеледі.

Бірақ қазіргідей күрделі, бір-біріне стратегиялық тұрғыда бай­лан­ған әлемде нәтиже басқаша болуы мүмкін. «Грета дилеммасына» сүйенсек, парадокс болса да, қоршаған ортаның қамын ойлайтын саналы адамдар ұжымдық түрде экологияға көбірек зиян келтіруі ықтимал. Осы секілді М.Эшер мұндай топты өздері ізде­меген мақсатқа жетуге талпын­ған жеке қадамдардың тоғысуы деп сипаттайды. Осылайша, ізгі ниет болашақ ұрпаққа көмектесудің орнына оларға зиян тигізеді.

Рас, бұл дилемма парадокс­ты көрсету үшін әдейі ұйым­дас­тырылған. Бірақ бұл адамдар­дың өзара әрекеттесуінің стратегия­лық негіздеріне көбірек көңіл бөлу керек екенін көрсетеді. Сол арқылы қазіргі күрделі жаһандық экономикада климаттық апаттың шегінен шығуға көмектесетін сая­сатты әзірлей аламыз.

Бұл шектеулі академиялық дәлел сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Егер Тунбергтің ниетін жүзеге асырғымыз келсе, баршамыз, соның ішінде көш­бас­шылар қажетті саясат қалып­тас­ты­рып, институттар құру үшін «Грета дилеммасын» негіз ретінде пайдалануымыз керек.

 

Каушик БАСУ,

Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі, Корнелл университетінің экономика профессоры және Брукингс институтының ғылыми қызметкері

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org