Кешенді ескерткіштегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермекұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы мүсіндері орнатылған тұғырдың екі жағында 140 Алаш зиялыларының есімі таңбаланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Алаш қайраткерлері өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Алаш арыстарының асыл мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деген сөздері де ойып жазылған. Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен қаламгерлер қатысты. Салтанатты рәсімде сөз алғандар меценат Бекет Тұрғараев пен жергілікті әкімдіктің үйлесімді ісіне ризашылықтарын білдірді. Алаш идеясы, Алаш аманаты туралы сөз қозғады. Ұлттық демократиялық мемлекет құру Алаш арыстары ұсынған идеяның негізі екені де айтылды. Алаш идеясын ту етіп көтерген азаматтарды жер, жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың игілігіне жұмсалуы, тіл, дін және діл үстемдігі, ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру сынды мақсат біріктірді. Осы мақсат-мұраттардың жолында олар ештеңеден аянған жоқ. Ғалымдар, сондай-ақ Алаш қайраткерлері туған халқын қалай сүюдің, оның мұң-мүддесін әртүрлі саяси жағдайларда қалай қорғаудың, Отанға адал және риясыз қызмет етудің теңдессіз үлгісін көрсеткенін бүгінгі ұрпаққа үлгі етті. Тәуелсіз ел боламыз десек, Алаш қағидаттары мен ұстанымын үлгі етуге шақырды. Еркін елдің ертеңі қандай болатыны бүгінгілердің іс-әрекеттерінен басталатынын ескертті. Осы бір игі істерге бастамашы болып, ұйымдастырып жүрген «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараевқа алғыстарын жеткізді. Мысалы, Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев өз сөзінде Алаш қозғалысы қазақтың сан ғасырлы тарихындағы ең жарқын, ең айбынды оқиға екенін атап өтті. «Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынған «Бабалар рухына тағзым» кешенінде Алаш арыстары, Асыл ана, Қажымұқан Мұңайтпасов ескерткіштерінің ашылуы аудан халқының ғана емес, жалпы еліміздің үлкен қуанышы мен мақтанышы. Біз жаңа дәуірге қадам басып келе жатқан егемен елміз. Бірақ өткенді ұмытпаймыз. Өйткені бабаларымыздың еліміз үшін атқарған еңбектері ұрпаққа өнеге болып, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге тамаша үлгі болып қала береді», деді аудан әкімі. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов тәуелсіздігімізді мәңгілік ету үшін ел тарихын терең зерттеу қажет екенін айтып өтті. «Осыдан оншақты жыл бұрын мына төбе ауылдың қозы-лағы жайылып жүретін жота болатын. Ал енді қазір қазақ халқының тарихи-танымдық кешеніне айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында көптеген жұмыс атқарылып жатыр», деді Қ.Айтаханов. Профессор, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Өмірзақ Озғанбаев биыл Қарағанды облысында Алаш қайраткері Әлихан Нұрмұханбетұлы атындағы аудан, Семейде университет ашылғанын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының көптеген мектебіне Алаш қайраткерлерінің есімі берілгенін жеткізді. «Ескерткіш елімізді бірлікке шақырады. Біз қашанда осы Қазығұрттан қайта жанданғанбыз. Қазығұрт біздің киелі жеріміз, біздің жаңғыруымыздың бастауы. Сондықтан бұл ескерткіш қашанда жастардың әсіресе, білімге, ғылымға ұмтылған ұрпақтың келіп, тағзым ететін, тәлім алатын жері болады. Бұйырса алаштану жалғасады. Алаш болып оянып, Алаш болып жүруіміз керек, 24 сағатымыз жауапкершілік болуға тиіс. Бұл ескерткіш соған шақырып тұр», деді филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Дихан Қамзабекұлы. Сонымен бірге осы күні «Анаға тағзым» және Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналған ескерткіштердің де ашылу салтанаты өтті. Даңқты балуанның 150 жылдығына арналған ескерткішке және ананың мейірімі суреттелген өнер туындысына қонақтар оң бағасын берді. Белгілі ақын, жазушы Нармахан Бегалиев күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов ескерткішінің маңызына тоқталып, осы игі істі жүзеге асырған Бекет Тұрғараевқа «Қажымұқан қағанаты» кітабын тарту етті.
Ал Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен «Алаш руханияты және тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар Алаш қозғалысы, ұлттың ұлы тұлғалары – Алаштың қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық зардаптары терең зерттеліп зерделенген баяндамалар жасады. Конференцияның пленарлық мәжілісін «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Б.Тұрғараұлы мен тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, М.Әуезов атындағы ОҚУ басқарма төрағасы – ректоры Дария Қожамжарова ашты. Конференция жұмысына ҰҒА академиктері, сондай-ақ академияның корреспондент-мүшесі, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, облыстың және қалалық маслихаттың депутаттары, Шымкент қаласының, Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары қатысты. «Кешегі өткен арыстарымыз «Оян қазақ» деп ұран салып, сол жолда еңбектенсе, бүгінгі ұлт зиялылары «Ойлан қазақ» деп, жаһандану заманында ұлттық болмысымызды жоғалтып, ұрлатып алмай, ата-баба дәстүрін сақтай отырып, заман талабына сай өсіп-өркендеуіміз жайлы ұлағатты ұсыныстар айтып келеді. Тарлан тарихшыларымыз мұрағаттардағы сарғайған құжаттарды зерделеп, зерттеп, тарих шындығын ашып, халықтың санасына сәуле түсіріп, өткеннен сабақ алып, болашағымызды дұрыс бағамдауға қажырлы қайраткерлік қызмет атқаруда. Ашаршылық жайлы мәселе көтеру егемендіктің қадірін терең түсіну және тарихтан тағлым алу үшін де қажет. «Тарихты даурықпа дау үшін емес, дамылсыз даму үшін пайдаланудың маңызы зор» деген Президентіміздің тарихшыларға қаратып айтқан қағидасының мән-маңызы осыны меңзейді. Халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады. Тарихқа қатысты қоғамдық ой, ғылыми пікірге негізделуі керек. Халқымызда «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар. Яғни ХХ ғасырдағы ашаршылықтың қуғын-сүргіннің, одан өзге де оқиғалардың орнын анықтау қажет. Сонда ғана біздер өткен ғасырдың бұрмаланған тұстарын ашып айтып, аруақтар алдында ар тазалығымызды сақтаймыз. Біз ғылыми ортаға алып шығып отырған Созақ көтерілісі жайлы алпыс жыл ауыз ашпай келдік, тек Тәуелсіздік тұсында ғана там-тұмдап айтыла бастаса, міне, 30 жылдық ұлы мерекеміздің қарсаңында, тарихтың тар кезеңін кеңінен талдауымызға Мемлекет басшысының үндеуі жол ашып берді. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде Президент: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», деді. Шындық пен әділдік тамырлас ұғымдар. Әділдіктен ауытқып, шындықты қанша бұрмаласаң да, тарих таразысы ертелі-кеш бәрінің бетін ашып, өз орнына қоятынына көз жеткізіп келеміз. Осы жолда еңбектеніп жүрген тарихшыларымыз бен ізденушілерімізден күтеріміз мол және олардың еңбектеріне ерекше баға беріп, оларға мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан материалдық және моральдық қолдаудың қандай түрі болса да көрсетілуі тиіс деп есептейміз», деді конференцияда Бекет Тұрғараев. Конференцияның қорытынды резолюциясында жасалған баяндамалардың комиссия жұмысының назарына алынуы, ХХ ғасырдың басындағы Орталық Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстар, ұлттық мемлекет құру идеяларының тоғысындағы «Алаш» партиясының рөлі, маңызы, мемлекет құрудағы тәжірибесін «Әлемнің қазіргі заман тарихы» пәніне енгізу, «Бабалар рухына тағзым» кешенінде ашылған «Алаш арыстары» ескерткіші және «Созақ қасіреті мемориалын» ашық аспан астындағы мемлекеттік музейлер мен ескерткіштері тізбесіне енгізу сынды бірқатар ұсыныс қамтылып, Үкіметке конференцияның ұйымдастыру комитетіне жолдау жөнінде шешім қабылданды.
Сондай-ақ игі іс Созақ ауданында жалғасын тауып, «Созақ қасіреті» мемориалы ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ашылған мемориал өткен ғасырдың 30-жылдары еліміздегі ашаршылықта және Созақ көтерілісінде құрбан болған мыңдаған шейітке арналған. Созақ ауыл округіне кіретін күре жолдың бойындағы «Жастар» саябағында орнатылған мемориал демеушілер көмегімен салынған. Ұзындығы 8 метр болатын мемориалда Созақ қасіреті жайлы толық мағлұмат беретін көк тақта қойылған. Алдына көтеріліс пен ашаршылық деректері жазылған ескерткіш орнатылған. Ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, тарихымыздағы маңызды оқиғалар ұрпақ санасында қалатынын, еліміз үшін Созақтың орны ерекше екеніне тоқталды. Академик Мәмбет Қойгелді, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков және тағы басқа ел азаматтары бұл бастамаға жоғары баға берді. Айта кетелік, игі істі ұйымдастырып, демеушілік жасағандар қатарында Орынбек Ібіжанов, Бекет Тұрғараев, Сексенбай Тұрысбеков сынды тағы басқа қадірлі ел азаматтары бар.
Түркістан облысы