Қазақстан • 03 Қараша, 2021

Кеңестік саясаттың келеңсіздігі

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында ҚМДБ-ның ұйымдастырумен «Қазақстандағы «Дін дүрбелеңі»: Кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Кеңестік саясаттың келеңсіздігі

Шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді онлайн қатысып, «Азаттық қозғалыстағы дін мен дін қызметкерлерінің орны» тақырыбында баяндама жасап: «Дін – кез келген ұлттың мәдениетінің қалқаны, қорғаны. Патшалық Ресей де, большевиктер де мұны жақсы білді. Сөйтіп дінге қарсы жұмыс істеді. Өйткені дін жайған имамдардың халық арасындағы беделі өте жоғары болды. Имамдар Алаш қозғалысына да дем берді. Мәселен, Міржақып Дулатов­тың «Оян, қазақ» кітабына ты­йым салынғанда имамдар оны мешіттерде қолдан көшір­тіп, таратты. Сол үшін де олар қудаланды» деді ол. Сондай-ақ өткен ғасырдың 30-жылдары большевиктер Шаянда мешіт-медресе ұстаған Аппақ ишан­ды қолға түсіріп, түрмеге қамап, ғұмырын қиғанын, тіпті ишанның үрім бұтағына де­йін қудалағанын айта келіп, көп­теген дін қызметкері аяусыз жазалағанын атап өтті.

Сонымен қатар жиында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы,  Талас Омарбеков «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік биліктің дін қайраткерлері­не ұстанымы: қасіретті сипа­ты мен салдарлары» тақыры­бын­да баян­да­ма жасап, Ахмет Әділбаев атты молданың Сталинге жазған хатынан үзінді оқып, қудаланған дін қайраткерлерін ақтау жолында тізе қосып еңбектену керегін алға тартты.

Одан кейін философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгеру­шісі Бақытжан Сатершинов «Қазақстандағы дінге қар­­сы саяси қуғын-сүргіннің өзек­ті мәселелері» тақырыбына тоқталды. «Негізінде діндарларға қарсы саясат Патшалық Ресей кезінде басталды. Осы саясатты большевиктер жалғастыр­ды. Оның дүниетанымдық негізі төркінін марксизмнен алған ленинизмнен басталды. Билік­ті Сталин өз қолына алғаннан кейін сталинизм идеологиясына негізделген дінге қарсы саясат жүргізілді. Бұл саясаттың түпкі негізі, істеген қылмыстары барынша адамшылыққа қарсы антигуманистік сипатта болды» деді ол.

Бас қосу барысында пікір біл­дірген басқа да маман, ар­хив деректеріне сүйене отырып, дін қайраткерлері мен ұлт зиялылары арасында рухани бай­ланыс болғанын алға тартты. Сол себепті дін қайраткерлеріне антикеңестік агитация жасады, контрреволюциялық әрекетке барды, шпионажбен айналысты дегендей айыптар тағылып, қуғын-сүргінге ұшырағанын жеткізді.