Елорда • 03 Қараша, 2021

Жастардың көзқарастарын білу маңызды

383 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ф.Эберт атындағы қор өкілдігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясының қолдауымен «Қазақстан жас­тары: құндылықтарын, үміттерін, ұмтылыстарын бағалау» тақырыбындағы зерттеу нәтижесін ұсынды.

Жастардың көзқарастарын білу маңызды

Зерттеу қорытындылары ұсы­­нылған аталған іс-шараға Пре­зи­дент Әкімшілігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің, Білім және ғы­лым министрлігінің, Ақпа­рат және қоғамдық даму минис­тр­лігінің, жастар ұйымдарының, академиялық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мем­ле­кеттік басқару академия­сының ректоры Ерлан Әбіл «Жастар арасындағы зерттеу әлемдік пандемиядан бұрын қолға алынды. Карантин шараларына байланысты мерзімін ұзартуға тура келді. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бұған дейінгі зерттеулерге белсенді қатысты, осы зерттеу ұсынылған кезде біз қолдау біл­дірдік. Өйткені бізге қазіргі кез­дегі жастар саясатының қан­ша­лықты дұрыс жолға қойыл­ғаны маңызды болып отыр. Қа­зіргі жастар Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келді. Олардың құндылықтарын білудің ма­ңызы зор. Олардың билікке се­німі, толеранттылығы секілді аспек­тілер зерттеуде қамтылды. Біз зерттеу нәтижелерін кейс ретінде Академияның оқу бағ­дар­ламаларында қолданатын бо­ламыз. Біз әр нәтижені топтық сабақтарда талқылаймыз. Осы орайда, Ф.Эберт атындағы қор­мен әріптестік байланысымыз же­місті болып отырғанын айта кет­кен жөн. Әрі қарай да жұмы­сы­мызды жалғастырамыз деген жоспарымыз бар», деді.

Жоғарыда аталған тақы­рып бойынша зерттеу қорытындыларын жариялау барысында «Жас­тар және еңбек нарығы», «Жастар және білім беру», «Жас­тар және әлеуметтік әділеттілік», «Жастар және дін» зерттеулері негізінде қазақстандық жас ға­лым­дар аналитикалық баяндамаларын ұсынды.

Зерттеу Германияда 1953 жыл­­дан бері жүргізіліп келе жат­­қан Shell Youth Study неміс әдіс­­намасына негізделген, онда ака­демиялық мекемелер мен инс­­­титуттар Германиядағы жас­тар­дың қарым-қатынасын, пікір­лері мен күтетін нәтижелерін қа­рас­тыратын зерттеулер жүргізеді.

Неміс әдістемесі қазақ­стан­­дық жағдайларға келесі­дей бе­йімделді. Зерттеу 2020 жы­лы BISAM Central Asia зерт­­теу орта­лығы жүргіз­ген Қазақ­стан­да­ғы 14-29 жас ара­лы­ғындағы ­жас­­тар арасындағы репрезентатив­ті әлеу­меттік сауалнамаға негіз­дел­ген. Зерттеудің басты бағы­ты – жастардың өмір салты, олар­­дың өмірге көзқарастары, құн­­дылық бағдарлары, өзін өзі тану және толеранттылық дең­­гейі, олардың көңіл күйі мен ұмтылыстары, сон­дай-ақ халық­ара­лық саясат пен көрші елдер­мен ынтымақтастық туралы пайымдары.

Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстан мен Өзбекстан елде­рін­дегі өкілдігінің директоры Кристоф Мор мұндай зерт­теулердің Германияда сонау 1953 жылдан бері жүргізіліп ке­ле жат­қанын айтып, зерттеу­дің маңызына тоқталды. Соны­мен қатар қазақ және неміс жас­тарының арасындағы айырма­­шы­лықтары туралы пікірін біл­дірді.

«Біз қазақ жастары арасында мұндай зерттеуді екінші мәр­те жүргізіп отырмыз. Егер екі елді салыстыратын болсақ, жас­тардың құндылықтары, көзқа­растары арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Сонымен қатар бұл жерде қай өңір жастары қамтылғанына назар аудару қажет. Мәселен, Қазақстандағы зерттеуде қала жастарымен қа­тар ауылдық жерлерде тұратын жас­тар да қамтылды. Өздеріңіз білесіздер, ауыл мен қала тұрғын­дарының арасындағы көзқарас, құндылықтарында ерекшелік байқалады. Германия – 80 млн-нан астам халқы бар үлкен мемлекет. Бұл елдегі зерттеуге тек қана Берлин, Франкфрут секілді қалада тұратын жастар қатысты. Сондықтан құндылықтар туралы көзқарастары әралуан. Зерттеуге екі елдің де жастары белсенділік танытқанын атап айтқым келеді», деді қор өкілі.

TALAP қолданбалы зерттеу­лер орталығының директо­ры Р.Ошақбаев «Соңғы 30 жылда технологияның алға жылжуы, құндылықтардың өзгеруі елі­міздегі жас буынға әсерін тигізбей қоймады. Ал біз олардың қазіргі құндылықтары, олардың өзге буын өкілдерінен айырмашығы қандай деген сұрақтардың жауабын үнемі біліп отыруымыз керек. Біздің жастар талантты, оған Иманбек Зейкенов, Димаш Құдайберген секілді жастар дә­лел. Бұл біздің әлемдік орта­да бәсекеге қабілетті екенімізді көр­сетеді. Қазақ халқы рухани бай халық, бұл бізді одан сайын алға ұмтылдырады. Осы орайда, бүгінгі шараның маңызы зор. Жастарға не қажет, олардың сая­си, мәдени, білім-ғылым, өзге ұлттармен қарым-қатынас, елге сенімін, көзқарастарын өздері­нен сұрау салу арқылы білдік. Әрине, зерттеуде қамтылмай қал­ған салалар бар, ол алдағы уақытта зерттеліп, зерделенеді деген үміт­­­теміз», деді сарапшы.

Назарбаев Университеті Жо­ғары мемлекеттік саясат мек­тебінің ассистент-профессоры, зерт­теуші Дина Шәріпова бұл зерт­теуге Фридрих Эберт қоры шақырғанын айта келе, өзі үлес қосқан салаларға тоқталып өтті. «Мен білім беру, жұмысқа орналасу, миграция және жастардың елдегі саяси оқиғаларға қа­рым-қатынасы секілді сауалдарға жа­уап іздедім. Қызық әрі түрлі нәтижеге қол жеткіздік. Мәселен, біздің жастарымыз сапалы білім алуға тырысады, өкінішке қарай олар сапалы білім алу үшін шетелге кетуді қалайды. Сонымен қатар жастар мемлекеттің қол­дауына сенім артады, мемлекет білім алуға, жұмысқа орналасу­ға қолдау білдіруі қажет деп есеп­тейді», деді зерттеуші.