Спорт • 03 Қараша, 2021

Жамағаттар арасындағы жарыс

536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда орналасқан Қазақтың Спорт және туризм академиясында мешіт жамағаттары арасында волейболдан дүбірлі жарыс өтті. Қалалық дін істері жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен ұйымдастырылған додаға бірнеше команда қатысты.

Жамағаттар арасындағы жарыс

Турнирге қатысуға ниет білдірген командалардың көп болғаны соншалық, әуелі бір айға жуық уақыт бойы олар іріктеу сайыстарына қатысты. Сол сынақтан іркілмей өткен сегіз ұжым ғана финалдық бәсе­келерде бақ сынау құр­метіне ие болды. Солардың ара­сы­нан Бостандық ауданында орналасқан «Орбита» меші­тінің ойыншылары оза шап­ты. Құрамында Оразхан Қал­назаров, Дастан Есқожа, Санат Сағымбек, Ержан Мұрат, Әли­хан Ахмедов, Бекзат Әбді­расылов сияқты волейболшылар бар команда бұған дейін де ша­шасына шаң жұқтырмай келген еді. Шешуші тұста да олар ширақ қимылдап, көздеген мақсаттарына қол жеткізе алды. Ақтық сайыста Наурызбай ауданындағы Ибраһим мешіті жамағатынан басым түскен «Орбита» командасы бас жүл­дені қанжығасына байлады. Есеп – 25:21, 25:21. Үшінші орынды Алатау ауданындағы Нұрмүбәрак мешіті иеленді.

– «Асыл мұра» бағдарламасы аясында ұйымдастырған осы спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, саламатты өмір сал­тын насихаттау. Сонымен қатар Исламның дәстүрлі емес ағы­мының жетегінде жүрген жан­дарға асыл діннің оң жолын көрсету арқылы оларды ба­уырға тарту, – дейді Алма­ты қаласындағы дін істері жө­нін­дегі басқарманың бөлім бастығы Бақдәулет Әбдіхамитов.

Бір айта кетер жайт, осы­ған дейін де Алматыда мешіт жамағаты арасында көпте­ген спорттық іс-шара ұйым­дастырылды. Мәселен, биыл шағын футбол жарысында 400-ден аса команда күш сынас­ты. Қатысушылардың жалпы саны 3 мыңнан аса адамды құрды. Қалалық дін істері жөніндегі басқармасының алға қойған жоспарлары өте көп. «Дені саудың – жаны сау» деген қағиданы ұстанған олар діни және мемлекеттік мейрамдар қарсаңында қошқар көтеру, арқан тарту, гір тасын көтеру, асық ату және тағы басқа қазақтың ұлттық спорт түрлерін дамытып, насихаттау мақсатында бірқатар жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр.

 

АЛМАТЫ