Өнер мектебінде өткен салтанатты шараға өнерпаздың жұбайы Нұрбике мен ұлы Серік, сондай-ақ С.Әубәкірұлының көзін көрген әріптес-замандастары мен шәкірттері қатысты.
1974 жылы Амангелді аудандық музыка мектебі ашылғанда, алғашқылардың бірі болып қызметке келген ұстаздардың бірі Сәндібек Әубәкірұлы еді. Кейін осы мектепте біраз жыл басшылық етіп, жас ұрпақты өнерге баулуға көп еңбек сіңірді. Ауданда «Замана бұлбұлдары» атты ансамбль құрып, өңір мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосты.
Салтанатты шара барысында өнерпаздың шәкірттері ұстаздарының жарқын бейнесі мен өнеге-тәлімі туралы сағынышқа толы естеліктер айтты.
– Мен 1989 жылы Т.Елтебаев атындағы музыка мектебіне баян сыныбын оқуға түскен кезде Сәндібек ұстазымыз музыка мектебінің директоры, ал Нұрбике апайымыз баян сыныбында оқытушы болатын. Сәндібек Әубәкірұлы мен менің әкем марқұм Қабдуали дос, құрдас, керемет жолдас болатын! Екеуі еліміздің қалаларын, аудандарын талай рет гастрольдік сапармен аралап, шетелдерге дейін барып қайтты. Өмірде де, өнерде де жұп жазбай қатар жүретін. Бүгінгі ашылып жатқан баян мектебі жастар үшін жасалып жатқан игі іс деп білемін, – деді Амангелді аудандық музыка мектебінің түлегі Самал Ахметжанова.
Баян сыныбының ашылу рәсімінде Сәндібек Әубәкірұлының өмірі мен ұстаздық қызметі, шығармашылығы туралы көптеген естеліктер айтылды. Жиналған көпшілік, әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласынан келген ардагер ұстаз Ақшагүл Мұқанованың, Алма Досымбекова мен өнерпаздың ұлы Серік Сәндібекұлының әңгімелерін қызыға тыңдады.
Сондай-ақ Серік Сәндібекұлы мектепке жаңа сыныпқа қажет саз аспаптары мен әкесі туралы жазылған «Сәулелі ғұмыр» атты кітабын тарту етті. Рәсім соңы мектеп оқушыларының мерекелік концертіне ұласты.
Қостанай облысы