Жаңадан бой көтеретін геологиялық зерттеу орталығы үшін бар қажетті шаралар жасалуда. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Жоғарыда аталған нысанға Назарбаев Университеті аумағындағы ғылыми парктің маңынан 50 гектар жер бөлінді. Құрылыс жұмыстары осы жылы басталады. Ал бүгін «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы мен Назарбаев Университеті жанындағы инновациялық зияткерлік кластері арасында геологиялық зерттеу орталығын құру туралы меморандумға қол қойылды. Оның басты мақсаты – заманауи технологияларды қолдана білетін геолог мамандар даярлау. Әрі ғылымды дамыту арқылы табиғат байлығын тиімді игеру күн тәртібінде тұр.
«Қазір біздегі кен сақтау орындары дүниежүзілік сапаға сәйкес емес. Сондықтан геологиялық кластерді оңтайландыру қажет»,-деді «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов.
Ғ. Нұржанов осының алдында бұқаралық ақпарат құралы өкіліне берген сұхбатында кезінде геология саласына зерттеу жүргізуде жекелеген мемлекеттерге тәуелді болғанымызды жасырмады. Кей кездері сынамалардың қорытындысын алу да оңай болмаған.
Жалпы, бейресми дерекке жүгінсек, қазіргі кезде елімізде небәрі геолог мамандарын даярлайтын екі жоғары оқу орны бар екен. Енді жаңадан ашылатын зерттеу орталығы бұл саланың тынысын кеңейтуді, түйінді түйткілдер тінін тарқатуды көздеп отыр.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «24 kz».
Фото: lussian.people.com.cn.