21 Ақпан, 2014

Ұлтымыз мақтанарлық ұлы мұра

5336 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен іс-шараға куә болған әрбір адам өзін тарихи оқиғаға қатыстым деп санаса артықтығы жоқ.

babalar sozi 12

2003 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жасау жөнінде тапсырма берді. Ол бағдарламаның ең ірі жобасы – қазақ фольклорының 100 томдық басылымын дайындау еді. Кеше  қазақ фольклорының 100 томдығының тұсаукесері өткізілді. «Бабалар сөзі» сериясы – біздің ұлттық мақтанышымыз. Бұл – қай жағынан қарағанда да әлемдік деңгейдегі теңдессіз жоба. Дүние дидарында бұған дейін фольклорын мұндай көлемде жинаған халық та болған емес, мұндай көлемде бастырып шығарған халық та болған емес. Бұл іске ең алдымен қазақтың қолы жетіп отыр. Бұл жеңіске біздің қолымыз елдігіміздің арқасында, Елбасымыздың арқасында жетіп отыр. «Бабалар сөзі» – даналық көзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзінің» тұсаукесеріне Парламент Мәжілісінің депутаттары, танымал ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері мен оқырмандар қатысты. Ұлт мақтанышына айналған ұлы мұра туралы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, жоба жетекшісі, академик Сейіт Қасқабасов, түркиялық фольклоршы-ғалым Надзе Илдус ханым (сөзі жеке беріліп отыр), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, ирандық фольклоршы-ғалым Жаһангир Карини (сөзі жеке беріліп отыр) айтулы еңбек туралы ойларын ортаға салды. Алғашқы сөзді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед алды. Қолымызға тиген бұл 100 томдық халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған бай қазынасы, үлкен мұрасы. Бұл жоба, яғни қазақ фольклорының 100 томдығын жинақтаған «Бабалар сөзі» кітаптар сериясы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамашылығымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының ең бір іргелі ісі, деді министр. Елбасымыздың мемлекет өзінің алғашқы мүшеліне жаңа толған тұста ел ертеңін алыстан ойлап, осындай орасан ауқымды, терең мәнді бағдарламаны жүзеге асыруды тапсыруы әбден заңды еді. Олай болатыны Нұрсұлтан Әбішұлы – батырлар мен ақындар елінде, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында туған, әженің бесік жырымен тербеліп өскен, жастайынан құлағына жыр-қиссалардың сұлу да сырлы сарыны сіңген, халықтық қасиеттер бойына берік біткен тұлға. Сондықтан да біз бүгін осы жоба идеясының иесі ретінде де, оған оншақты жыл бойы ұдайы қамқорлық жасап, жеріне жеткізуші ретінде де ең алдымен Елбасымызға ақ алғысымызды айтамыз. Мемлекет басшысы 2003 жылы Қа­зақстан халқына Жолдауында хал­қы­мыздың аса бай мәдени мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу, бастыру және жаңғыртуды мақсат тұтатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жасау жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Осы бағдарламаның аясында «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жарық көрді, ал бүгін біз халық шығармашылығы жауһар үлгілерінің 100 томын таныстырып отырмыз. Бұл басылымның барша жұртшылық, соның ішінде, қазақ фольклорын зерттеу­шілер үшін де аса бай халықтық мұрамен танысу, оны зерттеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Мұхтар Абрарұлы: «Жүз томдық «Бабалар сөзі» сериясы халқымыздың ұлы байлығының ғажайып жемісі, мемлекетіміздің кенен мәдениеті мен терең ғылымының айқын белгісі, бас­па ісіміздің кемеліне келгенінің келісті көрінісі. Біз әлемдік өркениет өріне ата-бабалары осындайлық құнды қазына қалдырған халық ретінде де, өз мәдениетін ұлықтайтын ұлт ретінде де осындай жасампаз жобалармен жарқын жүзбен таныла аламыз. «Бабалар сөзі» арқылы біз руханият байлығы бойынша да қандай бәсекеге болсын қабілетті ел екенімізді бүкіл әлемге көрсетіп отырмыз», деп фольклор – қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің, қазақ өнерінің алтын діңгегі, түп қазығы, іргетасы, нәрлендіріп отыратын қайнар көзі екенін жеткізді. Ол бұдан кейін ұлтымыздың ұлы мұрасы ХVІІІ-ХІХ ғасырларда зерттеліп, зерделенгеніне нақты мысалдар келтіріп, өткен ғасырдағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. 1980-жылдары фольклорлық құндылықтарымыз «Қазақ халық әдебиеті» деген атпен шыға бастағанын назарға салды. Одан кейін 100 томдық еңбектің кейбір ерекшеліктерін саралап айтып, бұған ерекше үлес қосқан академик Сейіт Қасқабасов бастаған ғалымдарға алғысын білдірді. «Алғашқы томдарын тездетіп шығару үшін қолда бар дайын дүниеден бастайық, олар әлденеше рет шықты, одан кейін бірте-бірте басқаларын жалғастырамыз» дегенімде, академик: «Жоқ, біз бұрын шықпаған, елді елең еткізетін жәдігерлерімізді жұртқа ұсынайық. Оның ішінде хикаялық дастандар мен діни дастандар бірінші кезекте шығуы тиіс» деді. Бұл сөз ақиқатқа айналып, алғашқы томдардан орын алды» деп, осындай құндылықты әркез насихаттап отырған «Егемен Қазақстан» газетіне ілтипатын білдіріп, Қоғамдық кеңестің алғашқы төрағасы болған Иманғали Тасмағамбетовтің, бағдарлама жаңа қолға алынған тұста Ақпарат министрі қызметін атқарған Сауытбек Абдрахмановтың, көптеген жылдар бойы Қоғамдық кеңеске табысты төрағалық еткен Мәулен Әшімбаев пен Бағлан Майлыбаевтың және басылымның құндылығына назар аудартып, Парламентте көңіл бөлген  Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың еңбегін атап өтіп, игілікті іске өз үлесін қосқан азаматтарға ерекше ықылас танытты. Сол секілді соңғы 10 томды шығаруды ұқыпты жүргізген Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанға да алғыс білдірді. Ал біз өз тарапымыздан Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Президент алға қойған осы міндетті орындаудың бастауында тұрғанын және сәтімен аяқталуына да басшылық жасағанын қосып айтуды парыз көреміз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».

Халық қазынасы қаз-қbabalar sozi 18алпында берілді

Академик Сейіт Қасқабасов жобаның жетекшісі ретінде 100 томдықтың бүкіл бітім-болмысы туралы жан-жақты таратып айтты. «Кеңес заманында тарихи жырлар, діни дас­тандар, мифтер, ырымдар мен тыйымдар, өзге де мұраларымыз ескерусіз қалып отырды. Біз осыны, министр айтқандай, бірінші қолға алдық. Бұлар жазып алғанға дейін халқымыз арасында ауыздан ауызға тарап келген дүниелер болатын. Біз оны «жаман» не «жақсы» деп бөлуге болмайтынын ойластырдық. Әр шығарманың тәрбиелік мәні бірінші кезекте шығып, саясиландырудан арылдық десек болады. Осындай табанды жұмыс өз нәтижесін берді. Мәңгілік елдің мәңгілік фольклоры жұрт қолына тиді. Бұл томдарға кірген жәдігерлердің кейбіреулері бұрын «күзелгенін», «түзелгенін» білеміз, ал мына жарияланымда халықтық қалпын сақтады. Біраз дүниелер ескі араб, төте, латын жазуларынан алынғанын да айта кетсем деймін» деп, 100 томдық жауһарымызға қатысты түйіндеулер «Егемен Қазақстан» газетіне (2014 жыл, 24 қаңтар) берген көлемді сыр-сұхбатында айтылғанын еске салып, мұндай іргелі еңбекке өз үлестерін қосқан С.Қорабай, Г.Жұмасейітова, Б.Әзібаева, С.Қосан, Т.Әлібек сынды оқымыстыларға және «Фолиант» баспасының бас директоры Н.Исабековке шын ниетін білдірді.

Бірыңғай жоба биігі

babalar sozi 22М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Рухы мықты ел ғана мықты мемлекет құра алады» деген сөзін дәйекке келтіріп, «2004-2010 жылдар аралығында эпостық жырлардың 63 томы жарық көрді. Оның 10 томы Қытайдағы қазақтардың фольклорына арналды. Бұл топтамаларда 52 хикаялық, 65 діни, 57 ғашықтық дастандар, 95 тарихи, 47 шежірелік, 4 топонимдік, 103 батырлық, 10 аңыздық жырлар қамтылды» деп, «Бабалар сөзінің» кейінгі томдары қазақ фольклорының шағын жанрларына арналғанын тілге тиек етті. «Атап айтқанда, 64-томға 2279 жұмбақ, 65-69-томдарға 27 577 мақал-мәтелдер, 70-71-томдарға 6771 шумақ қара өлең, 72-77-томдарға 531 ертегі, 78-томға 77 миф, 79-томға Моңғолиядағы қазақтардың фольклоры, яғни жалпы мәтін саны – 1247,80-88-томдарға 370 топонимдік, 320 шежірелік, 356 күй, 612 тарихи аңыздар, тағы басқалар енгізілді» деп институт ғалымдарының тағы бір ізденісін алға тартты. «ХІІІ-ХІХ ғасыр аралығындағы әдебиет түрлері үлгілерінің негізінен 100 томдық сериясының ғылыми басылымын баспаға дайындауға мүмкіндік бар. Осы ұлттың рухани ұлылығын паш ететін би-шешендердің, сал-серілердің, ақындардың шығармашылығын қамтитын қолжазбаларды жариялау қажет. Бұл «Бабалар сөзін» шығару дәстүрімен жүргізілсе деген тілегім бар», деді. Сонымен, «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жойылмайды» (Ахмет Байтұрсынұлы) дегендей, өз тілінде жазылған «Бабалар сөзі» халық қолына тиді.

Аталар мен аналар рухы разы деп ойлаймын

babalar sozi 23Ата-бабамыздан қал­ған жақсы сөздер бар. Біз бұл сөзді ұрпақтарға жеткізуге тиіспіз. Енді, міне, сол сөздер 100 томдықта тұр. Осындай ұлы сөздің иесі, қазақтың аталары мен аналарының рухы разы деп ойлаймын. Мұндай салиқалы ойды, өткен күндерден шертілген сырларды елге жеткізген азаматтардың жөні бөлек. Сондай кісілердің бірі үлкен де қиын жұмысты атқарған академик, белгілі ғалым-фольклорист, қоғам қайраткері Сейіт Қасқабасов деп білемін. Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың 2003 жылы айтқан: «Халықтың мол мұрасын, соның ішінде осы заманғы мәдениетін, фольклорын, дәстүрлері мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау қажет» деген сөзін атақты ғалым бастаған оқымыстылар жүзеге асырып отыр екен.  Бұл мәртебелі жұмыс екені сөзсіз. Он жылда үлкен еңбек дайындап, әр жылда 10 томын шығару оңай болмаса керек. Бұл рухани мұра, отарлық мезгілде жоқ деп айтылған қазақтың бар мәдениетін айқын көрсетіп отыр. Қазір қолымыздағы 7 томдық дастандар, 13 томдық хикаялар, 8 том батырлар жыры, 13 том ғашықтық және 20 том тарихи жырлар, 13 том ертегілер –  бәрі үлкен мұра. Бұл өзге халықтарда бола қоймаған ұшан-теңіз қазына. Мен 10 жылда 100 жылдық істі атқарған азаматтарға дән ризамын. Осының бәрін, яғни Қазақ елінің ғалымдарын, білімдарларын  біріктіріп, істі тындырған Сейіт ағаның еңбегі өлшеусіз деп ойлаймын. Сейіт Қасқабасов ағайдың көптеген еңбектері біздің елге де кеңінен мәлім.  Бір сөзбен айтқанда, «Бабалар сөзінің» 100 томдығы тек Қазақ елінің ғана емес, сонымен бірге түркі дүниесінің де ортақ табысы деп санаймын. Надзе ИЛДУС, түркиялық фольклоршы ғалым.

Бізді табыстыратын рухани дүниелер

babalar sozi 24Қазақ бауырлардың руханият әлеміндегі сан ғасырлық мұрасынан жинақталған 100 томдық дүние қай жағынан да атап айтуға боларлық жау­һар деп білемін. Осын­дай іргелі еңбек шығару ісі­мен Қазақ елінің азаматтары бүкіл түркі дүниесіне үлгі болып отыр. Өзгелер осыдан үйренсе деймін. Бұл Қазақ елі Президентінің бастамасымен өмірге келген «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісі. Осыған үлкен мүмкіндік туғызған Нұрсұлтан Әбішұлының бұл көрегендігіне мен ерекше тәнті болдым, ризашылығым да шексіз. Бұл білген адамға ұлы мұра. Мен 100 томдықты парақтап көргенде онда топтастырылған ертегілер, батырлық жырлар, әфсана, ұлттың ырым-тыйымдары – бәрі қатты қызықтырды. Әрине, 100 томдықты шығару оңай еңбек емес. Елін жақсы көрген азаматтар ғана осындай құндылықты қолға алып, кейінгі ұрпаққа тапсыра алады. Бұл бір. Екіншіден, біздің түбіміз бір. Кейде тіл де, дін де өзгеріп жатады. Өзгермейтін не? Ол – әр ұлттың сенімі, нанымы. Қанша ғасырлар өтсе де, адамдардың бойында сол қасиет сақталатынын мен ылғи көріп жүрмін. Мы­салы, біз мазарды, ас­пандағы айды сау­сақпен көрсетпейміз. Мұн­дай салт қазақ бауыр­ларда да бар екен. Осы­ған қарап түр­кі халық­тарының ырым-тыйым­дарының түп-­тамыры, бастау басы бір еке­нін көруге болады. Осындай керемет дүниені түркі халықтарына, жалпы мұсылман әлеміне таныстыру керек. Себебі, мұндай жәдігерлер бәрінде бар. Әрине, бірдей емес шығар, бірақ, ұқсастары мол болуы тиіс. Осыларды біз салыстыра отырып, зерттегеніміз жөн. Тек бұл істе кім мықты дегендей әркім өзіне тартып жарыс ұйымдастырмауымыз қажет. Мен – Түркия мемлекетінің азаматымын. Бірақ қазір Иранда тұрып жатырмын. Осы жерде есіме түсіп отыр. Сол Иран мем­лекетінде де түріктер бар. Олар­дың тұрмыс-тіршілігімен таныс­қанымда тіл жағынан жұтаңдық байқалғанмен, сенім, салт-сана сақталып қалған. Бізді табыстыратын да, таныстыратын да, кейін бір арнада тоғыстыратын да осы рухани құндылықтар болып тұр. 100 томнан тұратын «Бабалар сөзімен» танысқаннан кейін тіпті тек-тамырымыздың бір екені тайға таңба басқандай сезілді. Жаһангир КАРИНИ, ирандық фольклоршы ғалым.

Діни дастандар – дәстүрлі құндылық

Кеңес заманында саяси, идео­логиялық жағдайға байланыс­ты көптеген туындыларымызды жариялауға, зерттеуге тыйым салынғаны белгілі. Солардың бір саласы – діни дастандар. Олар «Бабалар сөзінде»  бірінші рет жүйелі түрде жарық көріп, жеті томға жүк болды. Ол шығар­ма­лардың тақырыптары мен сю­жеттері сан алуан. Қазақтың діни дастандары – халқымыздың рухани әлемінде ерекше орын алған, қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде ерекше қызмет атқар­ған фольклорлық жанр, олар ис­ламның жалпыадамзаттық гума­нистік қағидалармен сәйкес келе­тін тұстарын суреттеуімен құн­ды. Діни дастандар – тек фольк­­лорлық мұра ғана емес, ұл­ты­мыздың діліне, діні­не қатысты рухани құнды­лық­та­ры­мыздың күрделі бөлігі. Олар ислам дінінің шапағаты мол қасиеттерін дәріптейді, адам­заттың бүгіні мен болашағына зәру құндылықтарды жыр етеді, оқырман жүрегіне имандылық ұялатады. Бақытжан ӘЗІБАЕВА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклортану бөлімінің меңгерушісі, профессор. Алматы.

Бағасы бөлек, бәсі биік

Әлемдік фольклортану тарихында бір халықтың мұрасы жүз том болып шыққан еңбек жоқ. Ал жүз том ауыз әдебиетін шығаруды талай халықтар армандап, ондай ауқымды дүниені жос­парлауы да мүмкін. Бірақ соншалықты мұра табылады ма? Бұл үлкен сұрақ. Сондықтан бүгінгі күні қазақтың көл-көсір ауызша мұрасының бір көрінісі, рухани жан дүниесінің айнасы, көне заманнан бері күні кешеге дейін жүріп өткен тарихи жолының нәтижесі ретінде қолымызға тиіп отырған жүз томдық асыл мұрамызды қазақ мәдениетіндегі үлкен құбылыс, ұлы оқиға деп бағалаймыз. Жүз том мұра – Тәуелсіздіктің арқасында шығып отырған құнды дүние. Кеңестер дәуірінде мұндай кітап шығуы мүмкін емес еді. Ол заманда фольклорлық қазына елу том болып жоспарланғанын айта кетуіміз керек. Көптеген томдары да шықты. Бірақ оның барлығы редакцияланып, белгілі бір идеологиялық сүзгіден, цензурадан өтті. Олардың ішінде қазақ халқының наным-сенім, мифтеріне қатысты дүниелер шығарылмады, әсіресе діни дастандардың, діни сипаттағы қандай да бір шығармалардың барлығы жабулы жатты. Ал тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, біз ешқандай саяси-идеологиялық цензураға қарайламай, қазақ халқының мұрасын өз болмысымен және өз қалпында тануға әрекет жасадық. Онымыз осы жүз томның жарыққа шығуына мұрындық болды. Ол уақытта «Жазушы» баспасы қазақ фольклоры бойынша елу томдық мұраны шығарып жатқан. Алайда, ол кітаптарды шығару концепциясы кеңестік кезеңде жасалғандықтан, біз жалғасын баспаға беруді тоқтаттық. Тәуелсіздік тұрғысынан рухани мұрамызды қайта зерделеп, бай рухани мұрамызды елу емес, жүз том қылып шығаруды ұйғардық. Жүз том мұра бізге қазір не береді деген сауалды қоятын болсақ, оған қысқаша былай жауап беруге тиіспіз. Осы жүз томды тану арқылы біз қазақ халқының өткен рухани өмірін тұтастай тани аламыз. Сонымен бірге, біз қазақ халқының әдет-ғұрпын, салтын, дүниетанымын, философиялық, көркемдік көзқарасын, қазақтың өз тарихына деген пайымын, қысқасы, кешегі ұлт өмірінің жалпы болмысын, тұтастай көрінісін, рухани өмірін тани аламыз. Бұл асыл қазына – қазіргі кезде тарихшыларға, психологтарға, қоғамтанушыларға, мәдениеттанушыларға, әдебиетшілерге, тілшілерге, этнографтарға, қазақ өмірін зерттейтін қоғамдық-гуманитарлық пәндердің барлығына да таптырмайтын құнды деректер. Солардың барлығына да қозғау салатын  еңбек осы жүз том болып табылады. Жалпы, қазақ өмірінің, қазақ халқының қандай болғандығын білгісі келген адам осы жүз томға жүгінсе, сол жерден толық мәліметті алуына болады. Осы аралықта мына мәселені атап өтуге тиіспіз деп ойлаймыз. Басқа көрші елдерге, дүние жүзіндегі мемлекеттерге қарағанда, тіпті өзге халықтарды танығанда, қазақ халқының осындай ауызша фольклорлық мұрасының жүз том болып шығуы – ол біздің ғылыми ой жүйеміздің кемелденгендігін, халықтың мұрасына деген оң көзқарасымыздың қалыптасқандығын көрсетеді. Сонымен қатар, тәуелсіз ел ретінде өзіміздің рухани мұрамызды игеруге толық мүмкіндік алғандығымызды айғақтайды. Жүз том – біздің еліміздің, ұлтымыздың өміріндегі елеулі бір үлкен оқиға, бүкіл әлем алдында қазақ халқын мақтанышпен көрсете алатын ұлттық бренд. Тұтастай алғанда, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы бұл еңбектің үдесінен шықты. Жүз томдық «Бабалар сөзі» – институттың тәуелсіздік жылдары атқарған ең қабырғалы ісі деп айтуымызға болады. Бұл жұмыстың игілігін қазақ халқының болашақ ұрпағы көреді. Шәкір ЫБЫРАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.