Қазақстан • 03 Қараша, 2021

Полиция қызметінің жаңа тәсілі

1513 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ішкі істер органдарының қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Соның бірі әрі ауқымдысы – полицияның сервистік моделін құру. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше өңірінде бұл модель қанатқақты жоба ретінде қолданылып келеді. Жолдау жүктеген міндет бойынша биыл оның ауқымын кеңейту мақсаты тұр.

Полиция қызметінің жаңа тәсілі

Полицияның сервистік моделі дегеніміз не? Ішкі істер органдары қызметіне бағытталған жаңа көзқарас неден басталады? Елімізде өткен жылдан бас­тап енгізілген модельдің артық­шылығы қандай? Полиция қыз­метінің жаңа тәсілдері туралы сөз қозғалғанда көптің көкейінде тұратын сұрақтардың бір парасы осылар. Ең бірінші айта ке­терлік жайт, сервистік модель жұмысының нәтижелілігі көбі­не-көп жергілікті билік орган­да­рының осы үдеріске қаты­суы­на байланысты болады. Се­бебі полиция қызметінің жаңа тә­сі­лінің табысы алдымен қоғам қол­дауына, азаматтық қауым­дас­тықтың белсенділігі мен жер­гі­лікті биліктің ықпалд­ас­ты­ғы­мен сабақтасып жатыр. Яғни Пре­зи­дент айтқандай, жергілікті би­лік органдары полициядағы жа­ңа өзгерістердің мән-маңызын тү­сініп, оларға қолғабыс етуге тиіс.

ІІМ Әкімшілік полиция коми­теті төрағасының орынбасары Алексей Милюк сервистік модель­дің негізі қауіпсіздікті нығай­ту екенін айтады. ІІМ өкілі бұл процестегі ең бас­тысы – іш­кі істер органдары қыз­меткер­лерінің жұмысындағы идеология мен мәдениетті өзгерту екенін де ерекше атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде сер­вистік тәсілдерді енгізу елі­мізде алғаш рет Қарағанды қала­сында өт­кен жылдан бастап қолға алына бас­таған-ды. Осыған ұқсас жобалар биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Пав­лодар, Маңғыстау, Атырау облыс­тары мен Алматы қаласында іске қо­сы­лады. Ал жақын арада жаңа жоба еліміздің барлық өңірінде енгізілмек.

«Сервистік модельге көшу – қа­­зақ­­­стандық полицияны рефор­ма­лау­дың маңызды кезеңі. Азаматтық қоғамның қажет­­тіліктеріне бағытталған жобаны қа­растыру кезінде министр­лік әлемдік жетекші тәжірибелер мен олардың сервистік модель элементтерін енгізу кезеңдерін зерделеді», деген ведомство қыз­меткері Ұлыбритания­­ның полиция жұмысын дәстүрлі тәсіл­ден сервистік қызметке ауыстырған алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті.

Алайда британиялықтарға бұл модельге көшу үшін 50 жылдан астам уақыт қажет болды. «Біз сондай-ақ 2005 жылы полициясына түбегейлі реформа жүргізген Грузияның тәжі­рибесін де қарастырдық. Грузин реформасы халықтың полицияға деген сенімін 90 пайыз жоғарылатумен оң нәтижеге қол жеткізгенін көпшілік жақсы біледі», деді ол. Әрине, қа­нат­қақты жобаны зерттеп, зерделеу кезінде шетелдік тәжірибеден бө­лек жергілікті халық пен отандық сарап­шылардың, сондай-ақ полиция қыз­меткерлерінің пікірлері мен ұсы­ныстары да ескерілді. Өйткені дәл осындай алдын ала жоспарланған жұмыс қана отандық сервистік мо­дель­ді дамытудың негізгі тәсілдерін түзуге мүмкіндік берді.

Сервистік полицияда тәртіп сақ­шы­ларының идеологиясы мен ұйым­дастырушылық стратегиясы ха­лық­қа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін шешуге ба­ғытталған. Жаңа қызмет тәсі­лін­де қоғаммен серіктестікке баса кө­ңіл бөлінеді. «Яғни бұл – қоғам қауіп­сіздігі моделінің элементтерінің бірі деген сөз. Оның негізі құқық тәр­тібі саласындағы проблемаларды қоғаммен бірлесіп анықтау және оларды шешу үшін мемлекеттік инс­титуттардың азаматтармен тұрақты әріптестік қатынастары болып табылады», дейді бұл жөнінде А.Милюк.

Айта кететін бір жайт, әлем­де­
сер­­­вистік полицияның бірың­ғай мо­­делі жоқ. Алайда ортақ қағи­дат­та­ры бар. Олар – танымалдылық, қол­жетімділік және ашықтық. «Дәс­түр­лі және сервистік модельдің не­гізгі айырмашылығы неде?» де­ген сұрақ­қа келер болсақ, алғаш­қы­сында поли­ция жұмысының бас­ты мақ­саты қылмыс­қа қарсы кү­рес­ке бағытталған. Яғни жедел жұ­мыс стилі негізінен құқық бұзу­шы­лықтарға жауап беру болып та­бы­лады. Дәстүрлі полицияның не­­гізгі объектісі қылмыс пен құқық бұ­зушы болса, басты көрсеткіште­рі – салған айыппұл көлемі, қамауға алу мен айыптау түріндегі жазалау шараларының саны. Ал сервистік модельде құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қауіпсіздік мәселелерін шешуге баса көңіл бөлінген. Бұл жерде ең бастысы – халықтың өзін қауіпсіз сезінуі. Басты назарда – аза­маттар мен қауымдастықтар тұр­са, тиімділік көрсеткіштері – қауіп­сіздік сезімі, полицияға деген се­нім, халықтың өмір сүру сапасы, қыл­мыстың сандық көрсеткіштері.

Сервистік модельге толық көшуге қазақстандық полиция қаншалықты дайын? Көпті мазалаған бұл сұрақ­ты ІІМ өкіліне қойғанымызда А.Ми­люк: «Жаңа сервиске көшу үшін бізде жалпы құқықтық және ұйым­дастырушылық негіз бар. Кодекс­тер, салалық заңдар, соның ішінде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Азаматтардың қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз етуге қа­ты­суы туралы» секілді заңдар қа­был­данды. Сондай-ақ тиісті мем­ле­кеттік және қоғамдық институт­тар жұмыс істейді. Орталық, өңірлік және аудандық деңгейлерде құқық бұзу­шылықтардың алдын алу жөнін­дегі ведомствоаралық комиссия­лар құрылды. Еліміздің барлық айма­ғында жергілікті полиция қыз­ме­тінің бөлімшелері бар», деп жауап берді.

Ал бұл процестегі ең бас­тысы – полиция қызметкерлерінің мәде­ниетін өзгертуді неден бастауымыз керек? «Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, қарапайым бір мысал келтірейін. Мысалы, Ұлыбритания­да полиция қызметкерінің кез келген азаматпен алғашқы диалогы «Мен сізге қандай көмек көрсете ала­мын?» деген сұрақтан басталады. Бұл сұрақ алдағы қарым-қатынас­тың дә­режесін түбегейлі өзгертеді және сенімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Сондықтан да болар қоғамда «Егер Лондонда жүргенде сіз­ге полиция қызметкері кездес­се, өзіңізді қауіпсіз сезінуге толық негіз бар. Сондай-ақ өзіңізге қажет­ті кеңесті ала алатыныңызға сенімді болыңыз» деген пікір қалыптасып қалған. Қазіргі таңда біз өз қызмет­керлерімізді дәл осындай бағыттағы мәдениетке бағыттап келеміз. Се­бебі, өкінішке қарай, бізде полиция қызметкерлерінің азаматтармен әңгі­месі ә дегеннен шағым айтып, талап қоюдан басталады», дейді ол.

Әкімшілік полиция комитетінің өкілі жаңа жұмыс тәсілі халық пен поли­цияның өзара қарым-қатына­сының жаңа форматы екенін айта келіп: «Шетелдік озық тәжірибе бұл процеске дайындық түрлі сервистік элементтерді тестілеуден басталатынын көрсетіп отыр. Сондықтан біз қауымдастықты, сондай-ақ түрлі салалардың жетекші мамандарын тарта отырып, тиісті қанатқақты жобаларды іске қостық. Жергілікті полиция қызметінің тәжірибесінде модельдің жекелеген элементтерін тестілеу бойынша бір-бірін толық­ты­ратын пилоттық жобалардың екі нұсқасы іске қосылды. Біріншісі, жеке қызмет көрсету. Яғни бұл по­ли­ция қызметкерлерінің өтініш бе­ру­шілермен, жәбірленушілермен және құқық бұзушылармен сапалы жұмыс жүргізуіне бағытталған. Ғы­лыми зерттеулерге сәйкес, бұл қо­ғам­ның полицияға деген сенімінің не­гізгі драйвері – қыз­­меткерлермен жеке байланыстың сапасы. Ал екінші­сі, ұжымдық қызмет – қауіпсіздік проблемаларын анықтау және шешу мақсатында полицияның қоғаммен, жергілікті билік органдарымен тізе қосып, бір бағытта жұмыс істеуі дегенді білдіреді», дейді. Жыл соңы­на дейін жоба еліміздің барлық аймақ­тарында енгізіліп, толық іске қосы­лады деп жоспарланып отыр. Демек, алдағы уақытта жергілікті полицияны басқару жүйесі мен қыз­меткерлердің жұмыс әдістері түбе­гейлі өзгереді деген сөз.

Рас, егемендіктің 30 жылы ішін­де елімізде полиция қызметін баға­лау­дың өзіндік өлшемдері қа­лып­тасты. Бұдан бөлек, соңғы онжыл­дықта құқық бұзушылықтарды анық­таудың статистикалық деректері негізінде ғана жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысын сүз­гіден өткізудің орнықты тәжі­ри­бе­сі қалыптасты. Алайда сер­вис­­тік полицияның жұмысын баға­лау мүлде басқаша. Бұл жерде ашыл­ған қылмыстың саны, құқық бұзу­шылықтарды анықтау көрсеткіші емес, оның жолын кесу, қарапайым жұртқа көмек көрсету мен халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға да­йын болу алдыңғы қатарға шығады. Қысқаша қайырғанда, мәселенің мәні полиция қызметкерлерінің ой-са­насындағы терең өзгерістерде, сон­дай-ақ полицияның ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың барлық басқару деңгейіндегі жұмыс­ты ұйымдастыра білуінде жатыр.